Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Техникалық факультет 400-ден астам түлегіне сәт сапар тіледі

Техникалық факультет 400-ден астам түлегіне сәт сапар тіледі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «5 әлеуметтік бастама» бағдарламасының жүзеге асуы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің техникалық мамандықтар бойынша бітіріп шыққан түлектерінің жұмыспен қамтылуы 90 % — ды құрап отыр.

Бұл жөнінде бүгін жас инженерлер, мұнайшылар, металлургтар және құрылысшыларға салтанатты түрде диплом табыстау рәсімінде хабарланды. Биылғы жылы аталмыш жоғары оқу орнынын бітірушілердің басым бөлігі техникалық факультет түлектері. Жалпы саны – 406 түлектің 37-сі «үздік» диплом иегерлері. Ерекше үлгідегі дипломға ие болған бітірушілердің 43 % — ы «Металлургия» мамандығы бойынша білім алды. Жас металлург мамандар оқу процесі кезінде екінші курстарынан бастап облыстық трактор зауытының базасында оқу-өндірістік тәжірибеден өткен болатын. Мұндай мүмкіндік дуалды оқыту бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.

Диплом табыстауға арналған салтанатты жиынды дәстүрлі түрде құттықтау сөзбен университет ректоры Бауыржан Ердембеков ашып берді. Ол «Металлургия», «Мұнай-газ ісі», «Тау-кен ісі», «Құрылыс», «Автокөлік және жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандықтарының озат студенттеріне 4 жыл бойғы еңбектерінің жемісі – «Үздік» дипломдарды табыстады.

Түлектерге диплом табыстау рәсімін жалғастырған факультет деканы Өтеген Сариев техникалық мамандарға деген сұраныстың жоғарылығын атап кетті. Сонымен қатар бітіруші түлектерге деген жүрекжарды лебіздерін білдіруге олардың ата-аналары, профессор-оқытушылық құрам өкілдері, техникалық факультеттің әртүрлі жылдардағы түлектері арнайы келді.

Студенттік өмірдің ыстық-суығына төзіп, білімінің биік шыңдарына шығуға күш – жігерлерін жұмсаған аяулы ұстаздарына, ата-аналарына өз алғыстарын түлектер сахна төрінен, әлеуметтік желілер арқылы жеткізіп жатты.

Техникалық факультеттің 2018 жылғы түлектерімен қоштасу кеші әрі қарай мерекелік концертке ұласты.

Айта кету керек Жұбанов университетін биылғы оқу жылында күндізгі және сырттай бөлім бойынша 2617 жас маман бітіріп шықты. Олардың 318 «Үздік» диплом иегерлері.