Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Студенттердің шет елдегі оқулары аяқталды

Студенттердің шет елдегі оқулары аяқталды

2017-2018 оқу жылында сыртқы (халықаралық) академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Ресей, Литва және Польшада білім алған студенттер семестрлік оқуларын аяқтап, елге оралды.

Атап айтсақ, «Металлургия» және «Тау-кен ісі» мамандығының студенттері  Г.И.Носов атындағы Магнитогорск мемлекеттік техникалық университетінде, «Химия», «Биология», «Педагогика және психология», «Психология» және «Информатика» мамандығының студенттері Башқұрт мемлекеттік университетінде, «Физика», «Шетел филологиясы», «Биология», «Есептеуіш техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» және «Химиялық технология» мамандығының студенттері Витаутас Магнус университетінде, «Дене шыгықтыру және спорт», «Шетел филологиясы», «Педагогика» және «Туризм» мамандығының студенттері Быдгощ Экономика университетінде білімдерін жетілдірді.

Оқуларын сәтті аяқтап келген бағдарлама иегерлері шетелдік оқу жүйесі, мәдениеті, халқы, ондағы өмір жайлы әңгімеледі. Мәселен, тау-кен ісі және қара металлургия дамыған өнідірістік қалалардың бірі Ресейдің Магнитагорск қаласындағы техникалық университетте білім алған «Тау-кен ісі» мамандығының 3 курс студенті Гүлмира Бектимирова өз мамандығының бірнеше салаға бөлініп оқытылатынын айтып, «Маркшейдерия ісі» тобында осы саланың қыр-сырын меңгергенін атап өтті.

— «Маркшейдерия» пәнінен теодолит, нивелирмен жұмыс жасап, түсірілімдер жүргізуді және сол түсірген нүктелеріміз бойынша есептеулер жүргізуді үйрендік. Сонымен қатар «Маркшейдерская документация» пәнінен тау-кен ісі жұмыстарының іс-қағаздарын жүргізуді, шартты белгілер мен сызбаларды қағаз бетіне түсіруді меңгердік.

Сонымен қатар, ол пәндердің практикалық жағына тоқталды. «Оқу барысында екі экскурсия ұйымдастырылды. Соның бірі биіктігі 1582 метр болатын Иремель шыңын бағындыруымыз болды. Алдын ала дайындық ретінде алғашқыда Казбек, Курган тауларына шығып шынықтық. Тәжірибелі инструктордың арқасында 4 күндік сапарымыз қызыққа толы болды. Келгеннен кейін өз әсерімізбен бөлісіп, ойымызды қағаз бетіне түсірдік. Ол мақала жергілікті «Денница» газетінің №10 санында «Красавец Иремель» атауымен жарық көрді», — деді Гүлмира Бектимирова.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен қатар, Быдгощ Экономика университетінде (Польша) қосдиплом бағдарламасы бойынша білім алып жатқан «Денешынықтыру және спорт» мамандығының студенттері де бір жылдық оқу жүйесін тәмамдады. Енді олар жаңа оқу жылын өз университетімізде бастап, келесі жылы Польшадағы оқуларын жалғастырады. Нәтижесінде екі жоғарғы оқу орындарының дипломдарына ие болады.