Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Магистрант Айдана Нұрмұханова Францияға баратын болды

Магистрант Айдана Нұрмұханова Францияға баратын болды

Жұбанов университетінің «Физика» мамандығының 1-курс магистранты Айдана Нұрмұханова «Абай-Верн» бағдарламасының арнайы шәкіртақы иегері атанды. Ол Тур қаласының Франсуа Рабле университетінде «Фундаментальды физика» мамандығы бойынша білім алатын болды.

Сертификаттарды табыстау салтанаты 9  шілде күні Францияның Қазақстандағы елшісінің, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің жауапты хатшысының және ҚР Ғылым академиясының президентінің қатысуымен Сорбонна-Қазақстан институтында өтті.

«Абай-Верн» шәкіртақылық бағдарламасы – бұл Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Франция Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрлігі арасында жасалған келісімшарт нәтижесі.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – жоғары білікті мамандарды дайындау, интернационалдандыру стратегиясын дамыту және қос дипломды білім беру мақсатында жоғары білім беру саласындағы қазақстандық-француздық әріптестікті нығайту. «Абай-Верн» бағдарламасы жас зерттеушілердің мобильділігін дамытудағы жаңа импульсті, сондай-ақ ғылым саласындағы соңғы инновацияларға қолжетімділікті, француз тілді елдермен ғылыми қатынастарды кеңейту мақсатында алғы еуропалық ғылыми орталықтар және зертханалармен ынтымақтастықты жандандыруды қамтамасыз етеді.