Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің студенттері поляк тілін үйренуде

Жұбанов университетінің студенттері поляк тілін үйренуде

Мұндай мүмкіндік Жұбанов университеті мен Ақтөбе қаласындағы «Святло» поляктардың этномәдени орталығының арасындағы шығармашылық келісім-шарт негізінде жүзеге асып отыр. Аталмыш курста Жұбанов университетінің академиялық ұтқырлық және қосдипломды білім  бағдарламалары бойынша оқуға түсуге ниеттеліп отырған студенттері білім алуда. Облыстық Достық үйінде өтіп жатқан курстарға студенттер үлкен құлшыныспен қатысуда.

«Алғашқы сабақтарда аздаған қиыншылықтар болды, бірақ тереңдетіп оқыған сайын сабақ мазмұнын түсіну оңайға соғып отыр. Өз атымнан барлық студенттер мен абитуриенттерге тілдік курстардан өту мүмкіндіктерін барынша пайдалануға кеңес беремін. Шет тілдерді меңгерген сайын біз өзге елмен жақын танысамыз» — деді «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының 3-курс студенті Вячеслав Малоиванов. Ол Польща еліне академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға түсуге дайындалып жатыр.

«Святло» этномәдени орталығының басшысы Елена Цибульскаяның айтуынша Жұбанов университетінен келген студенттер тіл үйренуге деген үлкен қызығушылық танытып отыр. Олар 4-ші сабақта поляк тілінде оқып жаза білу қабілетін таныта бастапты. «Поляк тілінің курстарын біз студенттердің Польща елінде еркін жүруі үшін, шет елге тез үйренуі үшін арнайы ұйымдастырып отырмыз. Сабақ барысында студенттер тек базалық білім алып қана қоймай, сонымен қатар поляк халқының салт-дәстүрімен, мәдениетімен танысады» — деген ол студенттерге сәттілік тіледі.

Қазіргі таңда поляк тілі курстарына Жұбанов университетінің 6 студенті жазылып отыр. Сабақтар 3 адамнан тұратын екі топ бойынша өтуде. Тілдік курстардан өтуге ниетті студенттер академиялық ұтқырлық бөліміне немесе  8(7132) 24-91-95 хабарласа алады.