Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мемлекеттік білім грантын тағайындау байқауына өтініштер қабылдау жүріп жатыр

Мемлекеттік білім грантын тағайындау байқауына өтініштер қабылдау жүріп жатыр

18-26 шілде аралығында жоғары оқу орнына түсу үшін ниетті талапкерлер үшін бүкіл еліміз бойынша мемлекеттік білім беру грантына байқау жарияланып, құжат қабылдау жүргізіледі. Еліміздің Батыс өңіріндегі іргелі оқу орындарының бірі – Жұбанов  университетінде де мемлекеттік оқу грантына құжат қабылдау басталды. Бірінші күннен бастап талапкерлер қалаған мамандықтарына өз таңдауларын жасап, университет профессорлары мен оқытушыларынан кеңес алуда.

Қазір талапкерлер, яғни 2018 жылы жалпы орта білім беретін ұйымдарды бітіріп, ҰБТ және кешенді тестілеу тапсырған түлектер Мемлекеттік білім грантын тағайындау байқауына қатысу үшін өтініштер бере бастады. Шілде айының 18-інде басталған құжат қабылдау қазір қыза түсуде. Біз бүгін Жұбанов университетінің базасында құжат тапсырып жатқан бірқатар талапкерлерге жолыққан едік.

Ажар Иванова, Темір ауданы, №4 Шұбарқұдық орта мектебінің түлегі

— Жұбанов университеті — Батыс Қазақстандағы жетекші ЖОО-ның бірі екенін білеміз. Жұбанов университеті көптеген игілікті шараларды, мәдени-рухани шараларды ұйымдастыратыны маған үлкен әсер етті. Мектеп қабырғасында жүргенімде ата-анаммен ақылдасып, осы оқу орнынан білім алуды мақсат еттім. Арнайы электрондық сайттардан университет же-тістіктеріне тәнті болып, алдыма үлкен мақсат қойдым. Сол арманым бүгінде орындалып, Жұбанов университетінің студенттер қатарына қабылдансам деп армандаймын. Талапкерлерге есігін айқара ашып, құшақ жайып қарсы алған университет ұжымына өз ризашылығымды білдіремін.

Райымбек Зейнов, Мұғалжар ауданы, Ембі қалалық №3 орта мектеп түлегі

—  Мен Мұғалжар ауданындағы Ембі қалалық №3 орта мектепті бітірдім. Таңдауым – Әлемдік рейтингіге еліміздің бірнеше жоғары оқу орны қатысып, бірінші орында алғашқы орындарда тұрған университеттердің біріне оқуға тапсырмақшымын. Айтайын дегенім, мұндай рейтингтер жоғары білім беру сапасын арттыру құралы ғана емес, мектеп түлектерінің үздік оқу орнын таңдауына бағыт-бағдар беретінін жеткізу. Айта кететін жайт, Жұбанов университетінің Қабылдау комиссиясындағы қызметкерлердің талапкерлерді жылы жүзбен қарсы алып, электронды жүйенің іске қосылуы да маған қатты ұнады.

Айта кетейік, талапкерлерден грантқа құжат қабылдау 26-шы шілдеге дейін жалғасады. Оның нәтижесі 5 тамызға дейін белгілі болады. Ал, ақылы бөлімге оқуға түсетіндер құжаттарын 28 тамызға дейін тапсыра алады.

Ал, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша 2018-2019 оқу жылына жоғары білімі бар мамандарды даярлауға 53 594 грант, магистрлерді даярлауға 12 504 грант, PhD докторларын даярлауға 2 240 грант бөлінген. Мемлекет тарапынан техникалық мамандықтарға көп грант бөлінгендігін атап өткен жөн.