Жақында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған делегация Қарақалпақстан астанасы Нөкіс қаласына барып қайтты. Қарақалпақтың ұлы шайыры Бердақ ескерткішіне гүл қоюдан басталған сапар Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы Мұса Ерниязовтің қабылдауына ұласты. Онда өңірлер арасындағы экономикалық, мәдени байланыстарды нығайту жолдары талқыланды. Сонымен қатар облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қарақалпақстан Республикасы Министрлер кеңесінің төрағасы Қаһарман Сариев 2018-2020 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық және сауда-экономика саласы бойынша әріптестік меморандумына қол қойды.
Сондай-ақ екі ел кәсіпкерлері арасында өткен бизнес-форумда тараптардың мүмкіндіктері барынша сараланып, нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, көршілер Бозойдағы бұрынғы өткізу пунктін қайта ашып, жолды жөндеп, Бесқаланың арзан көкөнісін Ақтөбе арқылы Ресейге, тіпті әрі қарай Еуропаға шығаруға мүмкіндік алады. Әрі Ақтөбеден ет, ұн өнімдерін тасиды. Тәуелсіздік жылдары Ақтөбе облысына көшіп келген 42 920 адамның 36 220-сы Өзбекстаннан, ал оның 90 пайызы Қарақалпақ елінен қоныс аударғандар. Қазір олар өсіп-өніп, 42 260 адамға жетіп отыр. Сапар барысында Бердібек Сапарбаев жергілікті қазақтармен кездесіп, «Нұрлы көш» бағдарламасы туралы жан-жақты баяндады. Ақтөбе облысына көшіп келушілерге барынша қамқорлық көрсетілетінін атап өтті. Осы ретте Бердібек Машбекұлы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті Қарақалпақстандағы қандастарымыздың балаларын оқуға жеңілдікпен қабылдауға дайын екендігін тілге тиек етті. Оқуға қабылданған студенттер 1-курста толықтай оқу ақысын төлеуден босатылады. Қалған курстарды 50% жеңілдікпен оқиды. Сондай-ақ қарақалпақстандық түлектердің жол шығынын қысқарту үшін құжаттар Нөкісте қабылданады. Кездесу соңында Қарақалпақстандағы қазақ ұлттық мәдениет орталығына «Ақтөбе – құтты мекен» кітабы, А.Жұбанов туралы кітаптар, «100 жаңа оқулық» аясында шығарылған оқулықтар, танымдық кітаптар сыйға тартылды. Өйткені Қарақалпақстандағы 725 мектептің 171-і қазақ тілінде оқытады. Сапар соңында делегация Нөкістегі Сорша қорымында жатқан қазақтың ұлы ақыны Төлеген Айбергеновтің басына барып, дұға бағыштады.
Базарбай ИМАНОВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ақтөбе облысы филиалының басшысы