Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > ҚАЗАҚТАНУ ӨРІСІ немесе халықтың ұлттық зердесін нығайту жолындағы Алаш

ҚАЗАҚТАНУ ӨРІСІ немесе халықтың ұлттық зердесін нығайту жолындағы Алаш

Қазақтану идеясы қазақ ұлтының пайда болуынан бастап, оның тұлғалану жолын, мүддесінің қалыптасуын, ұлттың рухани қазынасының, болмысының ерекшелігін, табиғатын зерттеуден туындап отырған және осы тарих жолында қалыптасқан тәжірибелер мен білімдердің жиынтығы.
Қазақтанудың негізі ұлт атауын зер­делеуде жатыр. «Қазақ» ұғымы ше­тел тарих­шыларының еңбектерінде түр­лі мағы­нада қолданыс тапқан. Оны түсіндіруде ғалымдардың айтып кеткен ойларының тарихи шындыққа жанасатын да, жанас­пайтын да жерлері көп. Сол себептен, ұлт атауы «Қазақ» сөзінің тарихи мәнін, оның тарихи шындықпен сәйкес келетін тұс­тарын зерделеуде, алдыменен қазақ тарихының ішіндегі оның ғасырлар бойы тұлғаларын біріктіріп отырған ұлттық идеяның қалыптасу негіздеріне көңіл бөлген дұрыс. Қазақтанушы белгілі ғалым Ж. Мол­дабеков жазғандай, тарихымыз – жолы, даму жолы, талпыну, сүріну, адасу, сабақ алу, дала өміріне жақын бағытты таңдау жолы. Өткеніміз жақсы мен жаманды, жеңіс пен жеңілісті салыстыру арқылы ұлыстың үлгісін, кәсіптің қолайлысын іріктеген да­ралығымен деңгейін, халық шежіресінің жиынтығын білмей, оның жемісін қастерлей алмаймыз. Шежірені ақылға салу дегеніміз барлығымызды ұтымды иемденудің үлгісін табу, әрі басқадан қалмаудың өнерін үйрену.
Алаш тұлғаларының тарихы, рухани мұралары белгілі бір бағытта қалыптасып отырған қазақ болмысының ерекшеліктерін ұғындырады.
Ұлт тұлғасын тану, ұлт болмысымен бірге өмір сүрудің негізі адамның ішкі әлеміне тәуелді. Ұлттың қасиеті оның ішкі әлемінен шығады, яғни, өрбіп отырады. Ұлттық қасиеттер адамның ішкі әлемі арқылы сақталады. Қазақтың ішкі әлемінен туған тарихи дүниелер, жеке адамның, халықтың тұтас сезімін, рухын, мұң-мұқтажын өзін қоршаған әлемді, өмірді сезіну қабілеті, ұрпақтың оны тану әрекеті және оны бейнелеуден туған қазақтың философиясы қазақ болмысының тұлғалану деңгейін айқындайды. Осы бағытта, тарихтағы қазақ ғалымдары «ұлттың атауын, оның болмысымен зерделеу тарихи шындыққа жақындай түсуге мүмкіндік береді» деген ойды жазып қалдырған. Шынымен де, қазақ ұлтының тарихымен бір келе жатқан салт-дәстүрі, ой-санасы, арман-қиялы, тарихтың бойында қалған тұлғаларының ізі, өнері мен өнегесі, дүниетаным бұның барлығы оның дербес болмысының қалыптасуындағы ұлттың жан әлемінен туындап отырған идеяның нақты көрінісі.
Тарихта қазақтар қандай болған және бүгін қандай күйде? Қазақ ғалымдарын ойландырған, ортақ ұлт ісіне жетелей түскен осы мәселе. Бұл мәселе бүгінгі біздің заманымызда да қайталанып отыр. Себеп неде? Бұның себебін Жүсіпбек Аймауытов былай деп жазып кеткен: «…Бұрынғы уақытта қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы әрі бітімді, қайратты, сауықшыл болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да қуана да білетін халық екен. Қазақтың ұлттық қалпы өзгерілді тірлігі мақсұты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді, «қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» деген халге ұшырады. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға килікті». Ұлттың қасиеті ұрпақ өмірінен алыстаған жағдайда, елдің рухы әлсіреп, болмысы ыдырай бастаса санадан елдік кетеді, қоғамда бірлік жоғалады, қо­ғамның рухани өрісі (күші) әлсірейді. Мемлекеттің қуаты оның рухында. Ал, оның рухы халық бойындағы қасиеттер сақталып тегістей қоғам өмірінде орын алғанда ғана көтеріледі. Алаш зия­лы­ларының рухани мұраларының маз­мұнынан байқайтынымыз, ұлттың қасиеті ол мемлекет рухының бойында жинақталатын күш. Олардың тәжірибесі бойынша, мемлекеттің негізгі мәселелері ұлттық мүдде ісі, ұлт мүддесін қалпына келтіру немесе сақтап қалу үшін ең бастысы ұлттың рухын, елдің ішкі өмірін күшейту қажет, бұл принцип тек қана тарихтағы қазақ болмысының тұлғалық деңгейлерін идеяға айналдыру негізінде ғана жүзеге асады. Осыған байланысты Жүсіпбек Аймауытов, «Қазақ тұрмысы өзгерді, – деп жазады. – Киіз үйде қыстап, суыққа шынығып, қуатты, қайратты денелі өсетін қазақ, тазалығы жоқ, аласа жер үйге кіріп, аурулы нашар болып, мыжғырланып еңсесі көтерілмей өсетін қалыпқа түсті. Осы себептен адамның өсімі де кеміді».
Ұлттық идея – ұлтты сақтап, сол ар­қылы ұлттың өмірін жалғастыратын оның мүддесін сақтауға бағытталған тә­жі­ри­белердің тұтас жүйесі. Ұлттық идея мемлекет тәуелсіздігіне бағытталып отыра­тындықтан, оның тәжірибесі, білімі ұлттың болмысымен, тарихымен тығыз байланысты. Мемлекеттің негізгі мүддесі адам, адамның денсаулығы, рухы, рухани қасиеттері, рухани өмірі, ұлттың өсімі мем­лекеттің болашағын анықтайтын нәрсе. Қандай дамыған мемлекетті, елдерді алып қарайық олардың қазіргі көңіл бөліп жатқан мәселесі ұлттың болашақ өмірі болып отыр. Алаш зиялылары қазақтану мәселесіне жан-жақты қараған.
Елдің тұрмысы мен болмысы тұтас нәрсе, оны біріктіретін ұлттың дү­ниетанымы, руханияты. Қазақтың өмір сүру тәжірибесі ұлттың психологиясын қалыптастырып, ұрпақтың рухын көтеріп, болмысын нығайтып, қорғап отырудың қаруына айналдырған. Қазақ үшін өмір сүру жоғарғы құндылық, сондықтан да, қарулы, күшті, ақылды болып өсу, елдің тұрмысы мен өмірінің жағдайларына икемді болу бұл алдыменен адамның өзін, ұлтын сақтады. Қазақ болмысының қасиеті, рухани өрісі, әлеуметтік тұтас табиғаты, тұтынатын өнімі өмірдің тәжірибесінен өтіп, ұрпаққа бағытталатын дұрыс өмір сүрудің идеясы. Адамның іс-әрекетінің сана биігіне, ақыл ой өніміне айналуы, сол рухани өнімнің тегістей ұлттық дәстүрге айналып отыруы, ұлттық дәстүрдің адамның қасиеттерінен қуат алып отыруы бұл алдыменен жеке адам болмысын, содан кейін ұлттың болмысын сақтайтын нәрсе.
Діни таным тұрғысынан қарайтын болсақ, жан адамның биологиялық өмірінен бұрын бар және одан кейін де өмір сүретін нәрсе. Жанның құбылысы оның адам болмысының мәніне айналуында және адамның ой бейнесін, рухын сақтап қалуында. Адамның қай әлемдегі өмірі болмасын оның жалпы адами мәнін, орнын сақтайтын жан, жан-дүниесі, жан дүниеден шығатын қасиеттер. Себебі, адамның өмір сүруі жаннан бастап, жанға бағытталатын іс-әрекеттерінің жиынтығы. Адамның жан-дүниесіне қарсы келетін іс-әрекеті оның болмысының барлық қырларына да қайшылығын туғызады. Сондықтан да, адам феноменінің тарихта, сана өрісінде, дүниетаным шеңберінде бейнеленуіне ықпал ететін нәрсесі жан. Адам жанының қабілеті, оның барлық мүмкіндігінде. Демек, жанның қабілетін танып, қасиетін ұғу және сол жанның қасиетіне қызмет ету бұл жанның қуатын арттырады. Қазақ идеясының рухы ол адамның жан әлемін тәрбиелеу негізінде, ұлттың тұтас жан әлемін, сол арқылы мінезін, табиғатын қалыптастырып отыруында. Қазақ руханияты ұлттың психологиялық сезімдерін, көңіл-күйін, сезімталдығын, мейірімділігін, шыдамдылығын, төзімділігін, жарастығын сақтап, соны ұсынып отыратын ұлттың рухани әлемі. «Баяғыдан бері, – деп жазады Жүсіпбек Аймауытов, – қазақ кең далада құр «қойын құрттап, айранын ұрттап» жатқан жоқ екен. Оқымаса да, надан да болса, қиял, сезім байлығы бар екен. Жүрегінің терең сырын, жанның алуан-алуан құбылысын нәзік толғауын ән, күй деген айнасына түсіре білген екен».
Қазақ дүниетанымы қазақ болмысының түп-тамыры, сол түп-тамырдағы ұлттық рух қуатының таралымының өрісі. Қазақ­тың қалыптасуынан бастап, оның бол­мысының өрісінде сақталып отырған дү­ниетанымының бастапқы белгілері, сол белгілердің үнемі ұлттың өмір сүру жолы­нан табылып отыруы бұл ұлттық ойлау­дың табиғатын айқындап отырады. Сондықтан да, қазақтанудың басты мәселесі, ұлттың рухани түп-тамырының бойындағы құндылықтардың, білімдердің, ұғымдардың санада өмір сүріп жатқан белгілерін анықтау, сол белгілердің ұлттың дербес өмір сүру тарихындағы тәжірибелермен байланысу себептерін көрсету. Мәселен, қазақтың аруақты құрметтеуі, ата-баба зиратын қор­ғап отыруы, оның қасиетіне мән беруі бұл санада қалатын дүниетанымның бөлшегі ғана емес, ұлттың мәдениетіне айналған түсі­нік. Қазақ болмысының табиғаты тарихпен жалғасады, осылайша тарихта өзінің ізін қалдырып отырады.
Қазақтың өз алдына билік құрғаннан кейін де өзінің ұлттық тегінен, түп-тамы­рынан ажырамау себебі, ұрпақтың діні мен тілінің, ділі мен дүниетанымының тұтастығын сақтай алуында. Оның сақ­талуына бірден-бір себеп ұлт болмы­сының қуатты және қауқарлы өмір сүруі.
Қазақтың ұлттық мәдениетінің қалып­тасу мәні оның этникалық дәстүрінің тәжірибесі арқылы анықтала түспек. Этни­калық дәстүр – халықтың ұлттық деңгейдегі тұлғалануының нақты ғылыми тәжірибелерімен тығыз байланысты. Мәселен, мемлекет туралы түркілердің идеясының жүзеге асуы және сол идеяның қазақ сынды жаңа ұлттың қалыптасуына ықпал етуі алдыменен идеяның ғылыми деңгейге ие болуында. Кез келген әлеуметтік құбылыс, тарихи идея, ұлттық санада өмір сүретін білімдер ғылыми мәнге ие болмаса ол уақыты өте жоғалады. Сондықтан да, ұлттың дәстүрлерінің құндылыққа ай­налып, оның идеяға ықпал етуі бұл ұлт ру­ха­ниятының бойындағы дүниетанымдық құндылықтардың, әлеуметтік тәжірибе­лердің, тарихи білімдердің ғылыми мән­ге ие болып отыруымен тең. Шоқан Уә­лиханов «Қазақ шежіресі» еңбегінде былай деп жазған: «Қазақтардың ру-руға бөлінуі бұрыннан келе жатқан дәстүр тәртібімен қатаң сақталған. Бөліну тәртібінде руды басқарушылардың құқығы мен тайпалардың күшін ескере отырып, қазақтардың түсінігі бойынша, ата-баба­ларының алғашқы рулық құқығын олар зор мәнге ие болған тұ­­қым қуалау құқығы деп ұғынған. Олар ордалар мен орда ішіндегі руларға қатынастары қандас бауырлардың қа­рым-қатынасына, ал, рулардың өз ордасына қатынасы – бала­ның әкеге, үлкен ор­даның ру ағасына қарым- қатынасына сәйкес келеді».
Қазақ қоғамының тарихи өрісінде ұлтты біріктіріп, сақтап отыратын туыс­қандық идея жатыр. Бұл дәстүр тілдің, болмыстың тазалығын сақтап мемлекеттің негізгі мақсаты жерді сақтау бағытында қалыптасқан. Атамекен табиғатымен бабалардың рухани тереңдігін негіздейтін қазақтың туысқандық дәстүрінің философиясы, мемлекет өмірінің дұрыс қалыптасуына да ықпал еткен. Ұлттың біртұтас идеясы арқылы қалыптасып отырған қазақ қоғамының, түрлі тарихи тұлғаларымыздың рухани деңгейімен құрылған институттарды сақтап отырған.
Тарихи аңыздарда, тарихи жырларда, тарихи әңгімелерде бейнеленген дәстүр шындығы халықтың, оның зия­­лыларының елдігін насихаттайды. Тарихи насихаттың басты қызметі қазақ идеясының сақталу мәселесінде жатыр: «Осы патриархалды рулық тұрмыс салт қарым-қатынастары әр түрлі рулардың суырып салма айтыскерлерінің ата-баба­ларымыздың артықшылығы мен рубасылар туралы дүбірлі айтыстарында жан-жақты сипатталады». Ата-баба тағылымы бұл аға ұрпақ буынның тарих, қоғам алдындағы өз ісіне және ұлт ісіне қосқан үлесі, сол жолдағы адалдығы мен адамгершілігін, тазалығын көрсететін қасиеттерінің жиынтығы.
Ру басы тағылымы бұл сол ру ішінен шыққан қария адамның дұрыс басшылығы, өз ұрпағын, өз руын ұлт ісіне бағыттай білуінде, әділеттіліктің ортақ қасиетін насихаттап, жастарға елдіктің жөнін үйретіп отыруда. Тәрбие алдыменен санаға беріліп, санада сақталатын білім, ол адамның рухани өмір жолында оның іс-әрекетін, мінезін реттейтін күшке айналады, адамның өмір талабы негізінде санадағы тәрбиенің мүмкіндіктерін пайдалана алуы негізінде ұлттық тәрбие идеяға айналады. Қазақтың өткенге зердемен қарап, соның негізінде рухани өмірге тұтас ой қалыптастыруын насихат деп атаймыз, өткеннің өнегесін насихаттауының өзінде идея бар. Шоқан Уәлиханов жазып кеткендей, түркі халықтары еркіндік пен тәуелсіздікті өздерінің жеке ханы мен рубасылар қамтамасыз етеді деп түсінген.
Қазақ ұғымында үлкеннің парасаты – қасиет. Бар өмір жолын тазалықпен жүріп өткен рубасыларын, көнекөз қарияларын бабаларымыз құрметтей білген. Себебі, олардың тазалығы, таза мінезі, тәжірибелі сөздері халықтың жан дүнесін тәрбиелеп, оған дұрыс бағыт көрсететін қазына. Қазақтың өз жолымен, өз деңгейімен тұл­­ғалану жолының идеясы негізінен ру ба­сы­лар қатарына әулие, би-шешен, батыр адамдарды жатқызды. Бұлардың халық санасында өмір сүретін бейнесі ұлт пен оның мүддесін біріктіріп отыратын құндылық.
Қазақтану идеясының негізі Алаш шежіресінде жатыр. Қазақ жүздерінің пайда болуының негізіндегі Алаша ханның тарихы қазақтың аңыз әңгімелерінде баяндалады. Алаша ханның тарихтағы тұлғасы, қазақтың қалыптасу тарихындағы қазақ тұлғаларының тарихының негізі. Қазақ ұғымында атамекен құты, қаиетті жер Ұлытаудың тарихы да Алаша хан есімімен тығыз байланысты. Алаша ханның тарихынан бастау алатын «Алаш» сөзі, «Алаш» идеясы Ш. Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларында зерттелген. Қазақ ғалымдарының айтуынша, қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы қазақ жеріндегі тарихи өмір, адам мен елдің тағдырын біріктірген Алаша хан тарихы, алаш жұртының қалыптасуындағы хан мен бидің даналығын баяндайды. Тарих аңызына айналған Алашаның хан сайлануы, оның ел билігін қолға алуына ықпал еткен Майқы бидің даналығы, Ұлытау өңірінде алаш жұртының шаңырақ көтеруі, қазақтың үш жұртының ел болу идеясының ғасырлар бойы Алаша хан тарихымен елдің санасында жатталып келуі, тарихта әрбір қазақ адамының алаш идеясымен тарихта қалуы кездейсоқ нәрсе емес. Бұл алаш идеясының тарихи феномені, яғни, қазақ ғалымдарының ұлттық мүдде бағытындағы ғылыми зерттеулерінің, ізденістерінің басын біріктіріп отырған.
Алаш идеясының тарихы қазақтың қалыптасып, сақталуын, тұлғалану болмысын, рухты адамдардың (Хандар мен батырлардың, билердің, жырау­лар­дың) басын біріктіріп ұрпаққа рухани қазынаны қалыптастырып отырған ұлттың түпкілікті тарихының жаңа ке­зеңі. Шоқан Уәлихановтың ойларына сүйенсек, қазақылық сол кездегі ата-бабаларымыздың еркіндігін, азаттық идеясын бейнелейді. Бұндай тарих әлем елдерінде көп болған. Бірақ, Алаша ханның тарихы, алаш жұртының қалыптасуы, алаш тарихының қазақ ұлтының төл тарихына, ұлт болмысының қалыптасу негізіне айналуы, қазақ тарихында «Алаш» идеясының ұлттың қуатты ел болудың ұғымына айналуы, тарихи аңыздың тарихи шындыққа сәйкес келетін тұстарын көрсетеді.
Қазақтанудың басты бағыты Алаш тарихын зерттеуде жатыр. Алаш тарихы халық­тың тұлғалану тарихы, тәуелсіздікке жетіп, ел болу дәстүрінің белгісі. Бұл кезге дейін осы қазақ өлкесін мекендеген ұлыстар тілі, діні, ділі ортақ халық. Бірақ, жаугершілік заманда қоғамның ішкі өмірінде орын алатын қайшылықтар, нағыз ақылды, білікті, жігерлі адамдарды іріктеп отырады. Алаш идеясының мазмұнында осы құбылыс, яғни, тарихи шындық бар. «Алаш» ұғымы бір жағынан тарихтағы Алаша ханның есімімен байланысты, екінші жағынан сол кездегі халықтың ержүректілігі, жауынгерлік мінезі батырлық әрекеттің ел тағдырын шешетін күшке айналуы «Алаш» сөзінің ұлттық сыйпат алуына ықпал етуі де мүмкін. Көп жағдайда «Алаш», «Қазақ» сөзінің шығу негізі жөнінде шетел ғалымдарының пікірлеріне сүйену тарихи шындықтың бағытын табуға көмегін тигізе бермесі анық. Шоқан Уәлихановтың бұл мәселеге ел аузында қалған тарихи шежіре бағытымен келуінің бірден-бір себебі осында жатса керек. Тарихта ата-бабаларымыздың ұлтты қалыптастыру үшін ұлттың атауы туралы кеңес құрып отырмағаны анық. Жаңа айтып өткеніміздей, ер жүрек, батыр ақылды әрі білімді адамдардың тарих талабына сай елдікке икемделіп отыруы, тарихтың өмірінде дұрыс жолды ұлттық тәуелсіздікке бағыттап отыруы ұлттың қалыптасуын айқындап отыратын нәрсе. «Алаш» ұғымының қазақ шежіресінде аңыз бейнесінде шындыққа жанасуының бір себебі осы. Кім қарулы, қай ел ақылды, бірлігі берік болса сол ел алдағы уақытта да өзін сақтай алады. Алаша хан тарихының ұлттық идеямыздың, тарихымыздың бет-бейнесіне айналуы, тәуелсіздікке негізделген алаш жұртының мәдениетінің қалыптасуына ықпал етіп отырған.
Тәуелсіздікке негізделген идея болмаса ұлттың тарихы жоғалады, оның нақты себебін кезінде алаш зиялылары айтып кеткен. Олардың ұғымында қазақты тану ұлттың атауын, пайда болуын зерттеу ғана емес, ұлттың тұлғалану бол­мысын, қасиетін білу, оны жоғалтып ал­мауда жатыр. Алаш зиялыларының тәжірибесімен қарайтын болсақ, қазақты тану бағыты мынадай деңгейлерде зерттеуді қажет етеді. Олар қазақтың ұлт ретінде қалыптасуы, атамекенді, рухани қазынасын қалыптастыруы, қазақ елінің ұлттық идеяның бағытымен дамуы. Екіншіден, ұлттың бойындағы қасиет түрлерінің, дәстүрінің үлгілерінің, ұлттың пайда болу тарихының бұрынғы тарихпен бірігуі, яғни, қазақылық рухының жалғасуы, оның қазақтың қалыптасуына ықпал етуі. Үшіншіден, қазақ зиялыларының бойындағы ұлттық қасиет. Осы үш мәселені біріктіретін «Алаш идеясы» қашанда қазақтану ғылымының негізі болып қала береді.
Қазақ хандығы арнайы ұлттық мем­лекеттік деңгейде құрылған билік. Жәнібек ханның алпыс биі болған. Осы себептен әрбір ханның тұсындағы тарих рухани тұлғалардың қызметімен ұлттық ойлаудың ұғымына айналып отырған. Бұның негізінде билер мен жыраулардың қызметі халық ұғымын біріктіретін мұра ретінде түсінген хандарымыздың ұлттық идеясы жатыр. «Халық өз алдына халық болғаннан бергі уақытта ел есінде қалған оқиғаларының, тамаша тұлғаларының бірде-біреуі халық жадында сақталмай қалған емес» – деген Шоқан Уәлиханов.
Ұлт пен жеке адамның тұлғалану болмысын зерттеудің ғылыми принципі бір. Ол ұлттық сана мен ойлаудың табиғатын, мүмкіндіктерін анықтауда, сол арқылы тұлғаланудың феноменін зерттеу, ерекшелігін ажырата білу. Ұлттың тарихын, оның тұлғалық құнды­лықтарын зерттеуде қазақтың тарихи мұраларының құндылығы, тарихи шындықты жеткізетін адамның санасы мен танымын, рухын айқындап, көрсетіп және сақтап отыруында.
Ғылыми бағытта зерттеуде қазақтың рухани дүниелерінде сақталған халықтың рухы, тұлғалардың болмысы, қасиеттері, рухани қызметтері сол уақыт шындығымен орайлас келіп, жер атауын, ел топырағында болып өткен әрбір тарихи оқиғаны өзімен біріктіріп, келер уақытқа ұлттық мүдде мәселесімен бірге ұсынып отырады. Осы себептен, ұлттың шығу тарихын баяндайтын аңыз әңгімелер, тарихи жырлар өзінің философиялық танымы арқылы да ерекшеленеді. Егер де, ойдан құралған, саясиланған нәрсе болса оның ұзақ уақытқа жетуі мүмкін емес. Ұлттың табиғаты, тарихи өмірі оның ішінде қалатын адам рухы, халықтың жағдайы қай уақытта да тарихтан шындықты іздейді. Ал, шындыққа көз жеткізу тарих идеясының оның ішкі мәнімен сәйкес келіп отыруында.
Тарихымыз көрсетіп отырғандай, ұлтты сақтайтын оның дәстүрі. Дәстүр бұзылса, ел дәстүрінен қол үзіп алса ұлттың табиғаты жоғалады. Ұлттық табиғат ұлттың болмысын (организмін, жан әлемін) қорғайтын нәрсе. Ежелгі Сақ тайпаларының дәстүрінен келе жатқан қазақтың дәстүріндегі дүниелер ол алдыменен ұлттың бойынан шығып, оның бойына сіңіп отырған. Шоқанның шығармаларында кездесетін «Қаза­қылық» сөзі халықтың атамекен таби­ғаты мен ұлттық табиғатына сай өмір сүру қабілеті, мінезі болып табы­лады. Қоғам, уақыт өзгергенімен қауымның организмі сол күйінде өмір сүру мүмкіндігін жалғастырып отыр­ған. Көнеден келе жатқан ру тайпалар дәстүрі ұлттың құндылықтарын өзімен бірге әкеліп қалпына келтіріп отырады.
Қазақ зиялылары жоғалып бара жатқан қазақтың тарихын сақтап қалу жолында аянбай еңбек сіңірген. Отаршылдықпен бірге «Қазақ» атауын өзгертудің принциптері де тарихта орын алды. Қырғыз немесе Қырғыз-қайсақ деген теңеу жиі қолданылған. Осының салдарынан ұлтымыздың ұлттық атауы ғана емес, болмысының тарихтағы бейнесі, мәні жоғалып кете жаздағаны белгілі. Алаш зиялылары осы мақсатта қазақ шежіресін зерттеп, алаш тарихын жазған, «Қазақ» газетін жарыққа шығарды. Қазақ елінің азаттығын алу мақсатында өздері құрған ұлттық демократиялық мемлекеттің атауын Алаш автономиясы деп атаған. Яғни, қазақтың сол кездегі саяси өмірінде, ғылымында бұл мәселелер мемлекеттік деңгейде көтеріліп, халықтық деңгейде қолданысқа енген. Бұның басты мақсаты қазақтың төл тарихына, төл мәдениетіне қайтып оралу, ұлттың рухының дербестігін сақтау, ұлттық мүдденің өрісін кеңейту болса керек. Зиялыларымыз қоғам алдына қойған мақсаттарына қол жеткізген. Олардың, 1913 жылы «Қазақ» газетінің бетінде жарық көрген идеялары ұлттық идеяның сол кездегі деңгейін жан-жақты зерделеп, терең ұғынуға жетелейді: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қа­зақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету, қазақ баласына міндет… Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік. Милләт халын ойымызға алып, арнаған бір ісіміз».
Интеллектуалдық орта болмаса ұлт­тың тарихы халық санасында жаттал­майды. Интеллектуалдық орта алаш тұлғаларының рухани болмысымен қалыптасып, сақталып отырған. Сол қасиет арқылы тарихтың қай кезеңінде болмасын, заманның аумалы-төкпелі өміріне қарамастан тарихымызда қазақша өмір сүру орын алды, әрине бұған ең басты себеп қазақ зиялыларының ақылды әрі ұлтжанды болуы. Бұл өзіне сенімді, адалдығымен өзгенің сеніміне ие, ақылымен қауымын өзіне қарата алатын қазақ тұлғасының қасиетінде. Сондықтан да, алаш зиялыларының зердесіндегі қазақтану ұғымы өмірге сауатты қарап, ақылмен қадам жасауда жатыр.
Ұлттық идея кездейсоқ қалып­тас­пайды, ол сол кездегі халықтың әлеу­меттік жағдайының негізінде, халық­тың рухани күйзелісімен қалып­тасуы мүмкін. Мәдениеттанушы ғалымдар жазғандай, бір ұлт өсіп өркен­дейді, бір ұлттың мәдениеті керісінше құлдырап жатады, яғни, тарихи кеңістік ұлт­тың қалыптасуындағы қарама-қар­сылықтарды да бейнелейді. Ал, тарихи уақытта орын алатын оқиғалар ұлтты толықтай жойып жібере алмайды. Тарихи өмірде өзінің табиғи өмірінен қол үзбеген ұлт, тәуелсіздіктен қол үзгенімен болмысы керісінше қайта қалпына келуге ыңғайлы болып тұрады. Өйткені, өмірдің күрделі қыр­лары, тарихтың қатаң талабы адам рухын шыңдай түсері анық, шыңдалып рухы мен даналығы биіктеген сайын ұлттың тұлғалары қайтадан ұлттың еркіндігін өзіне қайтарып, сол арқылы ұлтты қайта қалпына келтіріп отырады. Бұны тұлғалықтың басты қасиеті деп айтамыз.

Үмбетқан Сәрсембин,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

http://akikat.kazgazeta.kz/?p=9498