Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Жұбанов университетіне 600-ге жуық шетел азаматы оқуға түсті

Жұбанов университетіне 600-ге жуық шетел азаматы оқуға түсті

Биыл Жұбанов университетіне оқуға түскен 5 мыңға жуық студенттің 600-і шетелдік. Шетелдік студенттердің көпшілігі Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Монғолиядан, Қытайдан және көрші Ресейден. Бұл – университетте кәсіби бағдар беру жұмыстарының жаңашыл бағыттағы жемісі.

DSC_2276
Айта кету керек, оқуға түскен шетел азаматтарының көбі этникалық қазақтар. Олар университет басшылығы шешімімен бірінші жылы тегін білім алатын болады. Ары қарай білім алу барысында үздік үлгерімі, тәртібі, ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы белсенділіктеріне байланысты оқу ақысында жеңілдіктер қарастырылады.
Күні кеше Білім алаңында өткен мерекелік шара барысында ректор Бауыржан Ердембеков университет табалдырығын аттаған білім алушыларды шын жүректен құттықтап, сәттілік тіледі: «Біздің университетті таңдап түскен әрбір жас бұл оқу орнынан маман ғана емес, оң-солын таныған толыққанды азамат болып шығатынына кәміл сенеміз. Ол үшін оқытушы-профессор құрамы аянбай еңбек ететін болады. Жұбанов университетінде білім алу үшін бар жағдай жасалған. Республика бойынша жоғары оқу орындарының рейтингінде де мерейіміз үстем, университет 7-ші орында. Биылғы оқу жылында бакалавриат, магистратура, докторантураға түскендердің саны 5000-нан асты, дәлірек айтқанда, 5318 білім алушыны қабылдадық. Бұл тұрғыда, ала жаз бойы, демалыссыз, түн жарымына дейін құжат қабылдау жұмыстарын атқарған қабылдау комиссиясының мүшелеріне үлкен алғыс айтамын», − деді Бауыржан Ердембеков.

DSC_2505
Сондай-ақ, университет жанынан биыл ашылған «Жоғары колледжге» 350 студент қабылданды. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алу үшін 150-ге тарта талапкер Жұбанов университетін таңдады. Олар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан келген жастар.
Жаңа оқу жылына облыс әкімі бөлген гранттардың жартысынан көбі Жұбанов университетіне беріліп, оған 55 студент ие болды. Ал, 150 студент облысымыздағы белгілі 45 кәсіпорындар мен түрлі қорлардың демеушілік есебінен білім алатын болады.
Салтанатты шара барысында ректор Б.Ердембеков білім-ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін ардагер-ұстаз Валентина Гончареваның кеудесіне «Қ.Жұбанов медалін» тақты, «Шетел тілдері» факультетінің 1-курс студенті Инжифия Каликоваға әлеуметтік қолдау мақсатында Білім гранты сертификатын табыстады. Қабылдау комиссиясының 10 қызметкерін, «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан үлгілі студенттерді Алғыс хатпен марапаттады.
Жиынға жастарға әлеуметтік қолдау көрсетіп жүрген демеушілер мен меценаттар, ардагер-ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Мерекелік шарада оқумен қатар түрлі салада өздерін көрсетіп, есімдері елге танымал болып қалған студент-жастар сөз сөйлеп, табысқа жету жолдарымен бөлісті.
Білім күніне арналған шара аспанға ақ көгершін ұшырумен, жаңа оқу жылына жылы тілектер білдірумен аяқталды.

 

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ
Баспасөз қызметі 

https://bilimdinews.kz/?p=13137