Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Университетке бес мың студент қабылдады

Университетке бес мың студент қабылдады

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бірінші курсына бес мың студент қабылданды. Оның алты жүзі — шетелдік жастар.

1 қыркүйек — Білім күніне арналған салтанатты шара университеттің Білім алаңында өтті. Студенттер мен профессорлық құрамды облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев құттықтады.

— Мемлекеттің болашағы білікті мамандардың, ғылым мен инновацияның дамуымен тікелей байланысты. Бүгінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жан-жақты білікті мамандарды даярлау мақсатында іргелі жұмыстар жасалып жатыр, — деді Ербол Нұрғалиев.

Жаңа оқу жылының басталуымен жастарды университеттің ректоры Бауыржан Ердембеков те құттықтады.

— Бұл оқу орнына түсу арқылы сіздер болашаққа сенімді қадам жасап отырсыздар. Себебі біздің әр түлегіміз — біліктілігі жоғары, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар. Жоғары оқу орындарының республикалық рейтингінде Құдайберген Жұбанов атындағы университет жетінші орында тұр. Мұның өзі —жоғары көрсеткіш. Биылғы оқу жылында 5318 адам бакалавр, магистр, доктор атағын алу үшін біздің оқу орнын таңдады. Жыл сайын шетелдерден келетін жастар саны артып келеді. Университеттің жаңартылған білім беру жүйесінің нәтижелілігінің айқын көрінісі. Әсіресе, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай мен Ресейден білім іздеп келетін жастар баршылық. Олардың дені — этникалық қазақтар. Олар бірінші жылы университет есебінен тегін оқиды. Биыл ашылған университеттің Жоғары колледжіне 350 адам қабылданды. «Серпін» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан келген 150 студент Жұбанов университетін таңдады. Айта кету керек, облыс әкімінің 100 грантының 55-і біздің университеттің бірінші курс студенттеріне берілді. Оған қоса тағы 145 студент облыстағы 45 кәсіпорынның демеушілік көмегінің арқасында тегін білім алатын болады, — деді Б.Ердембеков.

Салтанатты шара барысында университеттің педагогтары мен студенттеріне құрмет көрсетілді. Құдайберген Жұбанов атындағы медаль білім беру саласының ардагері Валентина Гончаревқа берілді. Қабылдау комиссиясында жұмыс істеген 10 қызметкерге, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуға келген студенттерге Алғыс хаттар тапсырылды. Шет тілдер факультетінің 1-курс студенті Инжифа Халықоваға ақысыз білім алуға сертификат табыс етілді.

Шараға білім саласы ардагерлері, меценаттар мен демеушілер де қатысты. Салтанат көкке ақ көгершіндерді ұшырумен аяқталды.

Алина ИМАМБАЕВА