Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбеде шетелдік студенттер көбейді

Ақтөбеде шетелдік студенттер көбейді

ҚР Президенті биылғы жолдауда «Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет» деп нақты тапсырмалар берді. Бұл еңбек нарығына бәсекеге қабілетті, жаңа технологияларды меңгерген мамандар дайындайтын оқу орындары үшін ізденіс пен дамуға жол ашатын тың серпіліс, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті еліміздің батыс аймағындағы ең ірі жоғарғы оқу орнының бірі. Университет халықаралық ынтымақтастық қызметін жүзеге асыру бағытында шетелдік жоғары оқу орындарымен соңғы үш жылда 143 келісім жасап, әріптестік байланысын нығайтты. 2017-2018 жылы 12 елдің (АҚШ, Түркия, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Польша, Белорусь, Литва, Болгария, Бельгия) жоғары оқу орындарымен және білім саласындағы ұйымдармен 50 меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, оқу орындары арасында студенттер алмасу, қос диплом беру, біріккен ғылыми жобалар бойынша зерттеу жұмыстары да жандана түсті.

Университет ұжымы соңғы жылдары кәсіптік бағдарлау жұмыстарын халықаралық стандарттарға сай, кешенді түрде жүргізе бастады. Нәтижесі жаман емес. Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нұржан Бердібай биылғы білім додасында университетті таңдаған шәкірттердің жалпы саны — 5318 адам болса, оның 675-і шетел азаматы екенін айтады.

«Студенттердің географиясы да ауқымды. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Монғолия, Түрікменстан мектептерін бітірген ұл-қыздар. Басым бөлігі өз қандастарымыз. Жастардың Қазақстанға деген ықыластары ерекше. Бұл дегеніңіз атажұртқа білім қуып келген жастар болашақта Қазақстан азаматтығын алып, қазақ ұлтының санын да, сапасын да көтеруге үлес қосады деген сөз! Университет Ғылыми кеңесінің шешімімен шетелдік қазақ диаспорасын қолдау мақсатында ұлты қазақ студенттер бір жылдық оқу ақысынан босатылды. Өте жақсы оқыған студенттер үшін әрі қарай да әртүрлі жеңілдіктер қарастырылатын болады. Сондай ақ, конкурстан өткен талапты шетелдік қазақ жастары үшін келесі оқу жылына тегін дайындық курстары ашылды. Жақсы оқитын талапкерлерге шәкіртақы да берілетін болды. Мұндай қолдауды шетелдердегі қандастар ду қол шапалақпен қарсы алып, Қазақстан еліне шын ниетімен алғыс айтты» — дейді ол.

Алматы, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының 150 ұл-қызы «Серпін» бағдарламасы бойынша Ақтөбені, оның ішінде Қ.Жұбанов атындағы оқу ордасын таңдапты. Шетелдік және «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскен студенттерге түгел жатақханадан орын берілді. Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев биыл облысқа ең қажетті мамандықтарға 100 грант бөлген еді. Соның 55 грантын жеңіп алған үздіктер де университет шәкірттері қатарында. Талапты жастарды қолдау мақсатында облыстың ірі кәсіпорындары мен әртүрлі қорлар 150 студенттің оқу қаражатын өз мойындарына алыпты. Міне, бұл нағыз жомарттық пен сауапты шаруа!

Ақтөбе соңғы жылдары қазағы көп облыстардың біріне айналса, қарақалпақ еліндегі екі миллионға таяу халықтың үштен бірі – қазақ ұлтының өкілдері. Яғни, екі өңірдің халқы үшін барлық саладағы байланыс тиімді болмақ. Ақтөбеліктер сырттан келген студенттерді жатырқамай, бірден қоғамдық-саяси, мәдени-рухани шараларға тартты

5 қыркүйек күні Ақтөбеде облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Бұл шараға кеңес мүшелері, оқу орындарының басшылары, облыс әкімі грантын иеленген студенттер, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне Өзбекстанның бірнеше облысы мен Қарақалпақ Республикасынан оқуға келген студенттер қатысты. Бердібек Сапарбаев жастарды барлық күш-жігерді оқуға, ғылым үйренуге жұмсауға шақырды:

«Ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің үміті — сіздерсіздер. Елдің дамуы көп жағдайда сіздерге байланысты. Ақтөбеде жастарға арналған жобалар жүзеге асырылып келеді. Білімді, жан-жақты дамыған азаматқа қажетті рухани құндылықтарды бойларыңа сіңіріп, елдің дамуына, әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруіне еңбек етіңіздер. Жастар үшін ең үлкен құндылық — білім. Уақытты тиімді пайдаланып, білім алыңыздар. Қазір білім мен ғылымның заманы. Сондықтан заманауи білім мен ғылымды меңгеру керек. Екінші жағынан, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, халықаралық жағдай шиеленіскен аумалы-төкпелі заманда өз тамырымыздан ажырамай, құндылықтарымызды құрметтеп, ұлттың патриоты бола білу керек», — деді облыс әкімі.

Қазір университетте оқытушылар мен студенттердің әлем тілдерін игеруін, шетел тілдерінен тілдік деңгейін көтеру мақсатында «Rosetta Stone Advantage» шетел тілдерін қашықтықтан үйрену бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі таңда 3679 студент және 105 оқытушы жүйеге тіркеліп, ағылшын тілін жетілдіруде. Оқу ордасында қытай тілі, корей тілі, түрік тілі, поляк тілін үйрету курстары жұмыс істеп тұр.

Айшуақ Дәрменұлы, Ақтөбе қаласы

Суреттер: Университеттің баспасөз орталығынан алынды

https://baq.kz/kk/news/kogam_aimak/aktobede_sheteldik_studentter_kobeidi20180906_183300