Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жастармен жұмыс — бірінші орында

Жастармен жұмыс — бірінші орында

Облыстық комиссия «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуына жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын бағамдады.

Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қатысты құрылған комиссияның отырысы облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен өтті. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Ал аудан әкімдері отырысқа онлайн-режимде қатысып отырды.

— Өткен жылы облыста бағдарламаны іске асыру мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып, бұл еңбек Үкімет тарапынан жоғары бағаға ие болды. Бірақ кейбір кемшіліктердің болғанын тағы жасыруға болмайды. Енді содан қорытынды шығарып, оның қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек, — деді Ербол Нұрғалиев.

Одан соң комиссия мүшелері «Тәрбие және білім» шағын бағдарламасының орындалуы жайлы есепті тыңдады.

— Менің ойымша, осы тұсқа біз ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бұл бойынша жұмысты одан әрі жандандырсақ, дұрыс болар еді. Мәселен, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Бақытты бала» жобасы аясында көптеген істер атқарылды. Соның өзін «Тәрбие және білім» шағын бағдарламасы аясында жасалды деуімізге болады. Мынаны мойындауымыз керек: біздің бұл бойынша атқарылған жұмыстарымыз тек облыстың ішінде айтылып, бүкіл республикалық деңгейде жетпей жатыр. Сөйте тұра, көптеген іс-шарамызды бірегей, инновациялық деп айтуға толық негіз бар, — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, отырыста облыстық білім басқармасының, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің өкілдері сөз сөйлеп, сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» жобалары, «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша жасалған іс-шаралар да айтылды.

Өз сөзінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова жазғы демалыс уақытында 11 мың оқушының Астана, Түркістан, Тараз, т.б. жерлерде демалуға жолдама алып, лагерьде тынығып қайтқанын атап өтті. Ақтөбедегі  киелі орындарға барған кішкентай жерлестеріміз де аз емес.

— Оқушылар үшін биыл түрлі шаралар, байқаулар өткізілді. Мектепте, колледжде және жоғары оқу орындарында оқитын 43 мыңнан астам жас «Біз — Қазақстанның болашағымыз», «Ел жүрегі — Астана», «Біз — талантты балалармыз», «Бақытты бала» сынды акцияларға қатысты, — деді ол.

Өз кезегінде Ербол Нұрғалиев мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда жастарға ерекше маңыз беру керектігін ескертті.

— Өйткені Қазақстанның болашағы — солардың қолында, — деп түйіндеді.

 

Санат РАШ