Вторник, Октябрь 26, 2021
Басты > Жаңалықтар > Рухани байлық пен табиғи байлық ұштасқан оқу ғимараты

Рухани байлық пен табиғи байлық ұштасқан оқу ғимараты

Бүгінгі тақырыпқа арқау болғалы отырған оқу ордамыздың №3 оқу ғимараты. Алғашында  ХХ ғ. 80-жылдары № 7 политехникалық училищесі іргетасы негізінде қаланған ғимарат Ағ. Жұбановтар көшесінде орналасқан. Алдыңғы жазбаларда Қ. Жұбановтың кім екені туралы тоқталып өткен болатынбыз. Бірақ, тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, түркітанушы, педагог Құдайберген Қуанұлы Жұбанов, қазақтың тұңғыш кәсіби музыканты, өнертану саласындағы алғашқы академик Ахмет Жұбанов, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Ғазиза Жұбанова секілді тұлғаларды дүниеге әкелген Жұбановтар әулетін әр жазбада тілге тиек етіп отыру артық етпес. Өйткені Ақтөбе жерінің киелі топырағы тудырған осындай тұлғаларымыздың есімін атау әркез үлкен мәртебе.

Оқу ғимаратында Қ. Жұбанов секілді профессор-лингвисттің ізін жалғаушы, университетіміз қаланған сәттен бастап өз тарихының тамырын тереңге жайып, сапалы мамандар даярлауда көп еңбек еткен филология факультеті мен Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың еңбек жолын берсін деп жүрген, бүгінгі таңдағы оқу ордамыздың ең белсенді факультеттерінің бірі техникалық факультет студенттері білім алады.

Филология факультеті 1966 жылы ашылып, орыс тілі мен әдебиеті мамандығына студенттер қабылданды. Әр жылдары факультет декандары болып доценттер А.П.Ермолина, Ю.М.Кушнер, Э.С.Афанасьев, А.М.Молдаханов, А.Ш.Пангереев, аға оқытушылар А.П.Антипова, Р.Б.Куспаева,доценттер М.Ж.Карашулакова, Н.М.Байганина, А.С.Нурадинов, Г.Т.Шоқым, С.Ж.Бермағамбетов, Н.М.Алдашев,  С.С.Мұхтаров жемісті еңбек етті. Қазіргі таңда факультетте үш кафедра жұмыс істейді: Теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасы, Қазақ әдебиеті кафедрасы, Орыс филологиясы және мәдениаралық коммуникация кафедрасы. Факультет құрамында: «Жұбановтану»  зертханасы мен «Абайтану» кабинеті бар.

Техникалық факультеті 1996 жылы құрылған және Қазақстан республикасының әр түрлі салаларының кәсіпорындары мен мекемелері үшін жоғары білікті техникалық мамандар даярлайтын   Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің негізгі құрылымдық бөлімшелерінің бірі болып табылады.

Факультет 5 кафедра бойынша қызмет істейді: «Автокөлік және жол қозғалысын ұйымдастыру» кафедрасы, «Металлургия және тау-кен ісі» кафедрасы, «Мұнай-газ ісі» кафедрасы, «Химиялық технология» кафедрасы, «Құрылыс» кафедрасы.

Қазіргі заманғы талаптарға сай құралдар және қондырғылармен қамтамасыз етілген арнайы лабораторияларда факультеттің барлық мамандығының студенттері лабораториялық-практикалық сабақтар және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Мысалы: «Химиялық реакторлар», «Химиялық өндірістің процестері мен аппараттары», «Ұңғыны бұрғылау», «Ұңғыны күрделі жөндеу», «Металлургиялық өндіріс технологиясы», «Жартылай өндірістік пеші», «Құрылыс материалдарын зерттеу» лабораториялары. Соңғы жылдары факультет SNOL 72/1300Ш жоғары температуралық электр пешін, сыйымдылығы 1 т (ДППТ-1) тұрақты тоқпен жұмыс жасайтын жартылай өндірістік доғалық электр пешін іске қосты. Аталған пештер жоғары сапалы болат түрлерін балқыту, әртүрлі ферроқорытпалар (ферромолибден, феррохром, ферромарганец т.с.с.), мыс және никель штейндерін, титан және түсті асыл металдар қождарын алуға арналған.

Сонымен қатар ғимарат базасында университеттің ғана емес қаламыздың да мәдени шараларын атқарып жүрген «Жастар сарайы», кітап қоры бай кітапхана орналасқан. Ғимаратқа жалғасып жатқан жастардың Білім алаңының да студенттер өмірінде алатын өзіндік орны зор. Студенттердің жан-жақты дамуына, болашақ білікті маман болып қалыптасуына толық әлеуеті жететін оқу ғимараты туралы хабардар еттік.

Алдағы уақытта да Университет сайтынан сіздерге қажет ақпараттарға куә болатындарыңызға сеніміміз мол.