Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Рухани жаңғыру» негізі — сапалы білімде

«Рухани жаңғыру» негізі — сапалы білімде

 

ҚР Президенті биылғы Жолдауында «Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет» деп нақты тапсырмалар берген болатын. «Тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар азаматтар біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс.

«Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында» деген болатын Н.Назарбаев. Осы бағытта еліміздегі жоғары оқу орындарында шетелдегі тәжірибесі озық оқу орындарымен байланыс одан сайын нығайтылып келеді. Сырттан біздің елге білім іздеп келетін студенттар саны артты. Бұл — Қазақстандағы білім саласының сапа көрсеткішінің жоғарылағандығының бір көрінісі.   

Ақтөбе облысындағы жоғары оқу орындары Қазақстанда, соның ішінде Батыс өңірінің еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленген мамандарды даярлауға  жаңа оқу жылында мықтап кірісті: халықаралық байланыстар бұрынғыдан да гөрі нығайтылып, шетелдік оқу орындарымен арада меморандумдарға қол қойылды. Биыл Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне шетелдерден 600-ден астам жас білім іздеп келген, ал М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін 200-ден астам шетелдік студент таңдаған. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетіне 100-ге таяу шетелдік білім іздеушілер келді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өткен оқу жылының аяғында, мамыр айында Халықаралық ынтымақтастық орталығы ашылды. Оның мақсаты мен міндеті төңірегінде орталықтың аға ғылыми қызметкері Айшуақ Дәрменұлымен сөйлескен едік.

— Орталық құрамына Академиялық ұтқырлық бөлімі, Халықаралық бағдарламалар бөлімі және Конфуций институты кіреді. Орталық жұмысына алғашқы күннен бастап филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжан Шоқым басшылық жасап келеді. Біздің орталықтың бағдары – ел аумағында бәсекеге қабілетті университет ретінде дамып, жақын болашақта Батыс өңірінің  рухани орталығы мәртебесін иеленіп, ұлттық жоғары оқу орнына айналу. Орталық қызметі — университет ғалымдары мен студенттерінің шетелдік әріптестерімен ғылым-білім саласында байланысын нығайту, үйлестіру, пайдалы һәм тиімді бағыттарын зерттеу, құжаттарды әзірлеу, келісімшарттарды дайындау, университеттің әлемдік білім және ғылым қоғамдастығына одан әрі кірігуіне мейлінше жағдай жасау. Болон декларациясының қағидалары бойынша оқу жоспарлары, әрбір мамандықты оқытатын бағдарламалар әлемдік стандарттарға сай болуы керек. Өзіңіз білесіз, қазір әркім өз қазанында қайнап отыра беретін заман емес. Жаһандану мен әлем халықтары арасындағы ақпараттар алмасу өте қарқынды дамып келеді. Мысалы, бір мамандықты әлемнің елу елінде оқытады делік. Солардың ішіндегі ең тиімді, ең мықты оқыту жүйесін үйрену, тәжірибе алмасу мақсатында екі елдің арасында ғалымдар мен студенттер алмасу жолға қойылуы керек. Қазіргі уақытта университет Оңтүстік Корея, Қытай, Германия, АҚШ, Канада, Түркия, Польша, Ресей, Белорусь, Эстония, Қырғызстан, Өзбекстан университеттері және ғылыми орталықтарымен тығыз байланыстар орнатты. Халықаралық ынтымақтастықтың әртүрлі нысандары бойынша 143 келісім жасалды.

Орталық қызметінің барлық бағыты маңызды, олар бір-бірін толықтырып тұрады. Сондай бағыттың бірі —  оқытушылар мен студенттер үшін шет тілдерін үйрету курстары. Қазір университет ұжымының тіл игеруі және тілдік деңгейін көтеру мақсатында шетел тілдерін қашықтықтан үйрену бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі таңда төрт мыңға жуық студент және жүзден астам оқытушы жүйеге тіркеліп, ағылшын тілін жетілдіріп отыр. Студент қай елге баратынын жоспарлап, мамандығына қажет тілді өзі таңдайды. Бізде қазір ағылшын тілі, қытай тілі, корей тілі, түрік тілі, поляк тілін үйрету курстары жұмыс істеп тұр. Жаңалықтар мен хабарландырулар университеттің arsu.kz сайтына үш тілде ілінеді. Әлемнің кез келген нүктесінде отырып өзіңізге қажетті мәліметті алу мүмкіндігіңіз бар.

—  Университетке биыл 5318  шәкірт оқуға түскен екен. Соның 675-і шетелдік студент екенін білеміз. Бұл жұмыстар қандай бағдарлама бойынша жүзеге асырылып отыр?

— Бұл университет басшылығының сауатты жоспары мен ұжымның барлық оқытушы-студенттерінің жыл бойы жасаған еңбегінің нәтижесі. Біздің ең басты жарнамамыз — сапалы білім алып шыққан мыңдаған түлектеріміз. Талап пен табандылық бар жерде оң нәтиже болады. Университетте кәсіби бағдар беру бөлімі бар. Бөлім басшысы Жамила Идиева бастаған топ республиканың барлық өңірінде оқу орны туралы тартымды мәлімет тарата алды. Қазақстанмен шекаралас жақын шетелдегі қазақ диаспорасы, ұлттық-мәдени орталықтар, өзіміздің түлектердің жұмысын тиімді ұйымдастыра алды. Университет ішкі-сыртқы нарыққа сапалы біліммен қаруланған сауатты түлек шығарады. Шетелдік студенттердің көп келуі — университет ұстаздарының еңбегіне көрсетілген құрмет пен сенім. Сондай ақ бұл — мемлекет бюджетіне сырттан келетін қаржы. Егер бәрі де ойдағыдай болса, бұл сан келесі жылы бұдан да көбеюі әбден мүмкін.

— Бұл жастар қайдан келді? Оларға қандай да бір талаптар қойыла ма?

— Қазақстанның барлық аймағынан және Ресей, Өзбекстан, Қытай, Монғолиядан келген азаматтар. Қойылатын талап жұрттың бәріне бірдей: мемлекет заңдары мен адамгершілік қағидаларын сақтау, Қазақстан халқының әдет-ғұрпы мен мәдениетіне құрметпен қарау. Университеттің ішкі-сыртқы ережелерін орындау. Ең басты талап —  жақсы оқу.

— Шетелдік жастарға қандай да бір жеңілдіктер жасала ма?

— Тек қана шетелдік болғаны үшін жеңілдік жасау  өз еліңнің азаматтарын сыйламағандық болар еді. Сондықтан бұл жерде байыбына барып, асықпай талдаған дұрыс болар. Сырттан келген студенттердің дені этникалық қазақтар. Шетелдегі қазақ диаспорасын қолдау мақсатында ұлты қазақ студенттер бір жылдық оқу ақысынан босатылды. Бұл — университеттің ғылыми кеңесінің қаулысымен бекітілген заңды шешім. Осы бір жыл ішінде жастар жаңа ортаға әбден үйреніп, сіңісіп кетеді. Өте жақсы оқитын студенттер үшін келесі жылдарда да әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, оқу ақысының 20-50 пайызынан босату, арнайы атаулы стипендиялар тағайындау, оқу орнының өкілеттігі рұқсат беретін мөлшерге дейін басқа да жеңілдіктер болуы мүмкін. Егер ұлттық-мәдени орталықтар, әртүрлі қорлар мен ұйымдар көмек қолдарын созамыз деп жатса, ешкім қой демес. Мәселеге мемлекеттік саясат немесе  адамгершілік тұрғысынан қарап көрсеңіз, айырма жоқтың қасы. Бұл алыстағы ағайынды бауырыңа тартудың ізгі жолы. Әлемдегі барлық қазақтың Отаны біреу, ол — Қазақстан.

— Шетелдік жастардың дені этникалық қазақтар дедіңіз. Ұлты басқа студенттерге мемлекеттік тілді үйренуіне қандай жағдай жасалып отыр?

— Әзірше ешқандай қиындық байқалып отырған жоқ. Өз елінде қазақша оқығандар қазақ топтарын, орысша оқығандар орыс бөлімін таңдады. Шетелдіктер жатақханамен толық қамтамасыз етілді. Қажет болып жатса, қазақ тілін үйрететін топтар ашуға ұжымның толық мүмкіндігі бар. Кәсіби мамандар да жеткілікті.

— Сырттан келген жастардың таңдауы қандай? Көпшілігі қандай мамандықтарды таңдап отыр?

— Құдайберген Жұбанов атындағы университет бакалавриат бойынша биыл 58 мамандыққа, магистратура 30 мамандыққа, 4 мамандық докторантураға студенттер мен шәкірттер қабылдады. Қалауы бойынша қай мамандықты таңдау әркімнің өз еркі. Қонақтар үшін қай мамандық тартымды болғаны өзімізге де қызық болды. Бірақ бұл жерде барлық мамандық сұранысқа ие болды. Мамандықтар тартымдылығы шамамен бірдей.

— Ал біздің жастардың шетелде оқуына мүмкіндік бар ма? Қандай мемлекеттермен, қандай оқу орындарымен байланыстар бар?

— Әрине, мүмкіндік бар. Академиялық ұтқырлық ішкі және сыртқы болып жіктеледі. Ішкі (ұлттық) академиялық ұтқырлық бағдарламасы — Қазақстан территориясында университеттер мен ғылыми орталықтарға оқуға және басқа да ғылыми мақсаттарға арналған сапарлар. Сыртқы (халықаралық) академиялық ұтқырлық бағдарламасы – бұл шетелдік оқу орындарына және ғылыми орталықтарға ғылыми зерттеулерді және басқа да білім беру мақсаттарымен оқытуға арналған сапар.

Ішкі ұтқырлық бойынша тек  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне жүзден астам студент кетті. Сыртқы ұтқырлықпен 2013-2014 оқу жылында 22 студент, 2014-2015 жылы — 32 студент, 2015-2016 жылы — 10 студент, 2016-2017 жылы 19 студент шетелдерде оқып келді. Ал 2017-2018 оқу жылында 95 студентіміз Ресей, Қытай, Литва, Латвия, Польша, Түркияда оқыды. Олар — ағылшын тілі, химия, экология, металлургия, қаржы, физика-математика мамандығы бойынша оқып жүрген студенттер. Сондай ақ Қытай мен Қырғызстаннан келген 38 студент бізде оқып кетті. Биыл Түркияның Сакария университетіне «Маулана» гранттық бағдарламасымен 8 студент, академиялық ұтқырлық бойынша 9 студент жүргелі отыр.  Барлық елдер бойынша жалпы картина бір айдан соң белгілі болады.

Мұндай оқуға екінші және үшінші курс студенттері бара алады. Басты талап — оқу үлгерімі жоғары болуы және шет тілінде еркін сөйлей алуы. Студент жарты жылдың өзінде тілдік практикасын жетілдіріп, ысылып келеді. Уақытты тиімді пайдалану, табандылық пен қайсарлық, тек қана өз күші мен біліміне сену, бәсекеге қабілетті болудың тиімді тұстары туралы ой-пікірі қалыптасады.

Халықаралық ынтымақтастық аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Қазір 22 мемлекеттің 97 университетімен нақты байланысымыз бар.

—  «Серпін» бағдарламасы бойынша университетке қанша студент келді?

—  Қазір университетте Қазақстанның бес облысынан, яғни Алматы, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан «Серпін» бағдарламасы бойынша әртүрлі мамандықтарда 699 студент оқып жатыр. Олар оқуын бітірген соң Ақтөбе облысы аумағында өз мамандықтарына сәйкес жұмыс істейтін болады. Мысалы, биыл бітірген 134 түлек толық жұмысқа орналасты. «Серпін» әлеуметтік жобасы жастардың өндіріс пен техникаға бейімделуі, елдің индустриялық әлеуетін көтеруге араласуы үшін өте қолайлы бағдарлама болып тұр.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ