Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жастар саясаты > Студенттік өмірге алғашқы қадам ректормен бірге

Студенттік өмірге алғашқы қадам ректормен бірге

Бүгін университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков кәсіби-шығармашылық факультетінің 1-курс студенттерімен кездесті. Кездесуде университет басшысы студенттерге оқу орнының ішкі тәртібі мен негізгі ережелерін түсіндіре отырып, университет қабырғасында және одан тыс жерде қоғамдық тәртіп сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ректор сөз арасында кейде конфликтік жағдайларға себепкер болатын діни көзқарас мәселелеріне де тоқталды. Жастардың арандатушы пиғылдарға бой алдырмауларын, түсініксіз сұрақтарға жауап іздегенде әрдайым сақ болу керектігін, әлеуметтік желілердегі ақпарат ағынын сұрыптай ала білуді түсіндірді.

«Сіздер үшін өмірдің жаңа деңгейі басталды, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілікке назар аударыңыздар. Оқуда ғана емес, ғылыми-зерттеу, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, жан-жақты болуға ұмтылыңыздар» — деді, Б.Ердембеков. Ол сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелде оқуға және қосдипломды білім алу мүмкіндігіне қатысты сөз қозғап, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 4 студенті Быдгощ қаласының (Польша) Экономика университетінде оқып жатқанын мақтанышпен атап өтті.

Аталмыш шара барысында кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаров факультеттің қызметі мен жетістіктері туралы толық таныстырды. «Жаңа оқу жылында факультет 300-ге жуық талапкерді қабылдады. Олардың ішінде 17 шетел азаматы (Өзбекстан, Ресей) бар», — деді декан С.Мұқтаров.

Бұл кездесуге облыстың және қаланың түрлі департаменттері мен басқарма басшылары шақырылып, баяндама жасады.

Кездесу соңында Өзбекстаннан келген «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курс студенті Есентай Орынбаев студенттер атынан алғыс- сөз айтты. Сондай-ақ, кәсіби және шығармашылық факультетінің түлектері, самбодан әлем және Азия чемпионы Есет Қуанов және Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі, халықаралық және республикалық ән байқаулардың лауреаты Еркебұлан Құмаров кезінде білім берген ұстаздарына қошемет көрсетіп, тілектерін жеткізді.