Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жастар саясаты > Ректор кездесуі техникалық факультетте жалғасты

Ректор кездесуі техникалық факультетте жалғасты

Бүгін Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков 1-курс студенттерімен дәстүрлі кездесуін техникалық факультетте жалғастырды. Еркін ой алмасу түрінде өткен жиынды декан Өтеген Сариев ашып, 1-курс студенттерін факультеттегі соңғы жетістіктермен таныстырды.

Сөзін жастарға арналған құттықтаумен бастаған ректор Бауыржан Ердембеков олардың назарын оқу, тәрбие және дінге қатысты сұрақтарға аударды. Студенттерді студенттік қоғамдық ұйымдар жұмысынан сырт қалмауға шақырды. Олардың құқықтары мен міндеттері туралы айтып өтті.

Бауыржан Аманкелдіұлы сондай-ақ, университетте білім алып жатқан шетелдік студенттердің саны мен құрамы жыл сайын көбейіп келе жатқанын да атап көрсетті.

Әрі қарай сөз кезегін алған бірінші проректор Қуанышбек Шүңкеев жастарды туған еліне ерекше құрметпен қарауға, жоғары мәдениетке, барлық игі істерде көшбасшылыққа ұмтылуға бағыттады. Негізгі білім алумен қатар өз бетінше жан-жақты болуға тырысу керектігін айтты.

Студенттермен кездесуге келген Ақтөбе қалалық ІІБ ювеналды полиция инспекторы, майор Кенжегүл Мұсаева жастар арасында жиі орын алатын әкімшілік құқық бұзушылықтарға қысқаша сипаттама беріп, жауапкершілікке тарту шаралары жайлы түсіндірді.

Ал облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және жастарды жат ағымдардан сақтандыру мәселесіне тоқталды. «Жастар арасында өзге ағымдардың жетегінде кеткендер жоқ деп айта алмаймын. Дегенмен соңғы екі-үш жылдықта жат ағымдардың қатарына топтап қосылып жатыр деген де дерек жоқ. Жылма-жыл жүргізілген жұмыстың нәтижесінде діни көзқарасы өзге, жат ағымдардың қатарына қосылып жатқандар азайып келеді», — деді басқарма басшысы. Сондай-ақ ол ислам діні мен ата-баба дәстүрі сабақтастығы туралы да әңгімелеп берді.

Кездесуде «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығының 4- курс студенті Жанар Қонбаева сөз сөйлеп:

«Мен Жұбанов университетінің ұстаздары мен профессорлар қауымының беріп жатқан білімі мен тәрбиесі арқасында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың жеңімпазы болдым, ҚР Тұңғыш Президенті шәкіртақысының иегері, «Үздік студент» төсбелгісінің иегері атандым. Адам өз өмірінің суретшісі, сондықтан сіздер студенттік алтын уақыттарыңызды білімге құштарлыққа, рухани өсуге арнағандарыңыз абзал»,- тілек білдірді өз ізбасарларына.

Айта кетейік, техникалық факультетке биыл 395 студент қабылданды, олардың 50 пайызы мемлекеттік білім гранты байқауының жеңімпаздары.