Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Профессор орайлы ұсынысын жеткізді

Профессор орайлы ұсынысын жеткізді

Қазақ ғылымының әдебиет саласына мол мұра қосқан ғалым, парасатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Әдебиет Молдаханов бүгін университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлының қабылдауында болды. Сонымен қатар бұл кездесуге университетіміздің кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаров та қатысты.

Ардагер ұстаз Әдебиет Молдаханов әңгімелесу барысында Бауыржан Аманкелдіұлының жұмысына жеміс тілей отырып, өзінің ұсыныстарын да алға тартты. Профессор университетімізде Абайтану кабинетінің жылдар бойы жұмыс жасап келе жатқандығын, қаншама шәкірттердің абайтанудың, шәкәрімтанудың, әуезовтанудың мәселелері бойынша дипломдық жұмыстар жазып, магистрлік, кандидаттық диссертацияларын қорғағанын айта келе, дегенмен Абайға толық бойлай алдық па, оны әлде де зерттеп, зерделеп, ұрпақ санасына сіңіру үшін Абайтану кабинетін, Абайтану орталығына айналдырсақ деген орайлы ойын жеткізді. Сондай-ақ, Әдебиет Молдаханов кездесу барысында өзінің осы кезге дейін жинаған, зерттеген құнды жазбаларымен оқулықтарын, кітаптарын, қоры бай кітапханасын осы орталыққа тарту етіп, орталық құрылғаннан кейінгі болашақ жоспарларымен бөлісті.

Әдебиет Молдаханұлы Бауыржан Аманкелдіұлына Абай топырағында туып өскендіктен, бұл ұсыныстың оның жүрегіне де жақын екендігіне сенім білдірді. Университет ректоры ғалымға құрмет белгісі ретінде иығына қазақтың шапанын жауып, бұл ұсыныстың алдағы уақытта жүзеге асатындығын айтты.