Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жастарға рухани құндылықтарды насихаттау және оларды түрлі діни ағымдардан сақтандыру

Жастарға рухани құндылықтарды насихаттау және оларды түрлі діни ағымдардан сақтандыру

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Б.Ердембеков филология, физика-математика және экономика факультеттерінің 1-курс студенттерімен кездесу өткізді. Облыс орталығына жан-жақтан жиналған жастардың қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында аталмыш шараға спорт, ішкі істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменттерінің өкілдері де қатысты. Бұл жиынды өткізудегі мақсат үлкен өмірге алғаш қадам басып отырған жастарды бүгінгі қоғамдағы құқықбұзушылық пен жат діни ағымдардың жетегінде кету секілді қатерлі әрекеттерге бармауға шақыру және олардан сақтанудың жолдарын түсіндіру болды.

Кездесуге құрметті қонақ ретінде шақырылған Ақтөбе облысының Дін істері басқармасы жанындағы «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары Талдыбаев Төлеген Өмірзақұлы өз кезегінде 1-курс студенттерін білім жолындағы талаптарымен құттықтады. Білімнің үлкен еңбекті қажет ететінін ескерте отырып, талмай, шаршамай, өздері қадам басқан оқу ордасы мен оқытушылары ұсынған барлық мүмкіндіктерді барынша толық пайдаланып, жоғары білікті маман болып шығуды басты мақсат етіп қою керектігін түсіндірді. Студенттер жай ғана оқып қоймай, әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы шетелдердегі алдыңғы қатарлы ЖОО-ларға оқуға түсе алатынын, десе де, сыртта жүріп қазақы, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауы тиіс екенін сөз етті.

Сонымен қатар жастарға қазіргі таңда қоғам ішінде белең алған дәстүрлі емес діни ағымдардың қауіп-қатері жайлы баяндап, әлеуметтік желілердегі ақпараттық ресурстардан мағлұмат алудың қатері жөнінде түсіндіріп, діни кеңестерді ДІБ-нан, Аңсар орталығынан және имамдардан алуға кеңес берді. Осы ретте ембілік азаматтың басынан өткен қайғылы оқиғасын мысалға келтіру арқылы әлеуметтік желілерде бұрыс ақпараттармен бөлісу (репост) қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғатындығын ескертті.

Ал діни білім алғысы келетін жастарға бұл жолды есейіп, оң-солын танып, әр жеке тұлға өзіндік дүниетанымын қалыптастырып үлгергеннен кейін ғана қолға алуы қажет екенін ерекше атап өтті.

Сөз соңында барша студенттерге сәттілік тілеп, білім жолында талмай еңбектенуге шақырды.