Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жұбанов университетінің «Жоғары колледжінің» алғашқы білім алушыларымен кездесу өтті

Жұбанов университетінің «Жоғары колледжінің» алғашқы білім алушыларымен кездесу өтті

Жыл сайын дәстүрге айналған бірінші курс студенттерімен кездесу бүгін колледж білім алушыларымен өтті. Шара өткізілген Студенттер сарайына биыл ашылған Жұбанов университетінің «Жоғары колледжіне» оқуға түскен 370 жас жиналды. Олар 12 мамандық түрлері бойынша білім алатын болады. Кездесуде университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова сөз сөйлеп, «Жоғары колледждің» алғашқы студенттерін білім ордасының ерекшеліктерімен таныстырып, оқуда және мәдени-танымдық шараларда белсенді болуларына тілек білдірді.

Жастар алдында Ақтөбе қалалық ІІБ ЖПҚ Заречный ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Алтын Жармаханова жастар арасындағы құқық бұзушылық деректері мен олардың алдын алу шаралары жайлы әңгімеледі. Полиция аға инспекторы әсіресе кәмелет жасына толмағандардың түнгі сағат 22.00-ден кейін жалғыз жүрулеріне болмайтынын тағы бір еске салып, бұл жағдайларда жасөспірімнің әке-шешесіне жауапкершілік артылып, оларға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны ескертті.

Кездесудің келесі қонағы Ақтөбе облысының Дін істері басқармасы жанындағы «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары Төлеген Талдыбаев колледж студенттерін ғаламтор жүйесіндегі әлеуметтік желілерден келетін кейбір залалдардан сақтандырды. «Қазір әлеуметтік желілерге тіркеліп, жеке парақша ашу оңай. Ол парақшалардың артында әр түрлі пиғылды адам отыруы мүмкін. Психикалық ой-өрісі әлі қалыптасып жатқан өздеріңіздей жас өспірім арам ниетті желілерге оп-оңай тұсақталуы мүмкін. Мысалы, Құран кітабы, таспиық фотосуреттері салынған парақша иесі не қауымдастық, топтар әкімшілігінің дәстүрлі ислам дініне мүлдем қатысы жоқ жандар болуы мүмкін. Сондықтан олардың өз мақсаттарына жету үшін жасайтын қарекеттері мен уағыздарына сене бермеңіздер», — деді Т.Талдыбаев.

Жиында Үздіксіз білім беру институтының директоры  Гүлбану Такишева Жоғары колледжде оқу процесі туралы баяндады.

Колледж студенттері арасында орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген  Ақжайнақ Сағынтаева, Динар Есеналы сияқты үздіктер де бар екен. Олар «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын таңдапты.

Ал «Шет тілі мұғалімі» мамандығына оқуын бастаған, қаланың №56 жалпы орта білім беретін мектеп түлегі Малика Жұмабек: «Мамандық таңдауда қателескен жоқпын деп ойлаймын. Менің сапалы маман болып шығуыма мұнда барлық жағдай бар екенін көріп үлгердім» — деді.