Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Танымал қазақстандық тележүргізуші Гүлназ Әлімгерей Жұбанов университетінің студентерімен кездесті

Танымал қазақстандық тележүргізуші Гүлназ Әлімгерей Жұбанов университетінің студентерімен кездесті

Кездесу республикалық «Анаға тағзым (Почтение матери)» Аналар слетінің аясында өтті. Іс-шараның модераторы Аишуақ Дәрменұлы, аға ғылыми қызметкер болды. Кездесуді Жубанов университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті ұйымдастырды.

Аналарға арналған республикалық масштабтағы шараның арнайы қонақтарының бірі Танымал қазақстандық тележүргізуші-журналист Гүлназ Әлімгереймен кездеуге университеттің барлық факультеттерінен студенттер жиналды. Олардың арасында болашақ филологтардан бастап заңгерлерге дейін болды.

«Мен Қарабұтақта дүниеге келдім. Ақтөбеде орта мектепті тәмамдап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде оқуымды жалғастырдым. Қазіргі таңда «Qazaqstan» телеарнасында тележүргізуші қызметіндемін. Өзімнің журналистика мектебім бар», — деп Гүлназ жиналған қауымға өмір жолынан сыр шертті. Бұндай ақпарат жиналған аудиторияның әңгімелесуге деген қызығушылығын тудырды. Студенттер тарапынан оның мансабы мен отбасы жағдайына қатысты сұрақтар көптеп қойылды. Қазіргі замандағы тілдің маңызы мен алатын орнына қатысты сұраққа ол қазақ тілінде қазақы тәрбие алғандығын атап кетті. Дегенмен қалаға көшіп келгеннен кейін орыс тілін жетік меңгергендігін, ал «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-қа оқуға түскенде ағылшын тілінің қажет болғандығына да тоқталып кеткен ол: «Қай жаста болмасын жаңалыққа құмар болып, жаңа бірдеңеге үйрену ешқашан кеш болмайды» — деді.

Жалпы Қазақстанның, оның ішінде Ақтөбенің дамуына қандай үлес қостыңыз деген сұраққа ол: «Ең біріншіден мен ақпарат таратушымын, яғни халыққа белгілі бір ақпаратты жеткізіп отырамын» — деп жауап берді. Сондай-ақ ол Елбасымен телекөпір жүргізген уақыт жайында тоқталып өтті. Оның айтуынша бөлінген эфирлік уақыт арасында телекөрермендерге барлық қажетті ақпаратты жеткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Сонымен қатар мен Ақтөбеде өткізілетін барлық шараларға мүмкіндігімше қатысуға тырысамын. Ондай шаралар туралы ақпаратпен өзімнің 200 мың аудиториялық жеке Instagram парақшамда бөлісемін. Біздің өмір сүріп отырған заманымызда әлеуметтік желілердің ролі шексіз» — деді Гүлназ.

Сондай ақ Гүлназ Әлімгерейқызы зор құлшыныс пен үлкен күш-жігерің болса, 4 баланың анасы бола тұрып, үй шаруасымен жұмысты қатар алып жүруге де болатынын да атап өтті.

Студенттерге: «Ешқашан сырттан көмек күтпеңіздер, тек өздеріңізге сеніңіздер» — деп кеңес берген Гүлназ ханым олардың әрдайым алға жылжып, мақсаттарына жетулеріне тілектестік білдірді.