Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе Өтежанның 80 жылдығын тойлауды бастап кетті

Ақтөбе Өтежанның 80 жылдығын тойлауды бастап кетті

Қазақ поэзиясының классигі, көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиев 1938 жылы 15 тамызда Ақтөбе облысының Байғанин ауданында дүниеге келген.

1964 жылы журналистика факультетін бітірген Өтежан мектепте мұғалім, «Қазақстан пионері» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде тілші, «Жалын» баспасында редактор болып қызмет атқарған. Қазақ телевизиясында ұзақ жылдар жемісті жұмыс істеген. Алпысыншы жылдары әдебиетке жаңа леп, жаңа екпін ала келген Өтежан Нұрғалиев көптеген кітаптардың авторы. «Менің махаббатым», «Ақ нөсер», «Нөсерден кейін», «Ай астында ақбоз үй», «Қайыңды тоғай», «Соғыстың соңғы жазы» төрт томдық балладалары, «Тыныштық», «Афина мектебі» сияқты жыр жинақтары оны өлең сүйер қауымның сүйікті ақынына айналдырды. Ел алдындағы елеулі еңбегі үшін Ө.Нұрғалиев «Құрмет» орденімен марапатталған. Ақын 2011 жылы 6 қаңтарда Алматы қаласында дүниеден өткен.

Биыл 19 қазан күні Ақтөбе облысының әкімдігі, Байғанин ауданының әкімдігі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, «Ақтөбе Медиа» ЖШС, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту жоспарланған. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм түсірілуде. Жүлдеге қомақты қаржы тігілген республикалық жыр мүшәйрасына қатысушыларды тіркеу 30 қыркүйекке дейін созылды. Әлеуметтік желілерде ақын шығармаларын мәнерлеп оқудан бейнемарафон қызу түрде жалғасып жатыр.

Мерейтойды өткізу Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті базасында деп жоспарланған. Университет ұжымы мен студенттері поэзия мерекесіне дайындық жұмыстарын түгелге жуық бітірді. «Қазақ әдебиетінің тарихы және Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы» тақырыбында лекциялар циклі, ашық тәрбие сабақтары басталды. Ақын шығармашылығы туралы пікірлер мен мақалалар жинағы баспаға берілді. «Ө.Нұрғалиев атындағы дәрісхана» ашылып, ақынның қоладан құйылған мүсіні қойылады. Ақын шығармаларына арналған көрме дайындалуда. Мерейтой аясында «Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы — қазақ поэзиясының рухани айнасы» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы болады. Түркия, Польша, Татарстан, Башқұртстаннан келетін филолог, түрколог ғалымдар бар. Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған ақын-жазушылардың үлкен шоғыры келелі жиын мен мерекелік іс-шаралардың көрігін қыздырмақ. Астана, Алматы, Түркістан, Ақтау қалаларынан келетін ғылым докторлары мен профессорлар қазақ тілі мен әдебиеті, әлем әдебиеті, түркология ғылымындағы жаңалықтар, латын әліпбиі туралы салмақты ойларын ортаға тастайды.

Мерейтойға Ө.Нұрғалиевтың ұрпақтары мен туыстары шақырылды.

Бұл шаралар заманауи үлгіде жабдықталған жаңа дәрісханаларда, медиапортал мен медиазертханада, «Абайтану және ұлттық руханиат» ғылыми-зерттеу орталығында өтеді.

Кеше университеттің мерейтойды ұйымдастыру комитеті жоспарлы мәжілісін өткізіп, жауапты мекемелер мен тұлғалардың есебін тыңдады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өткелі отырған іс-шаралардың ғылыми-зерттеу және тәрбиелік-танымдық мәніне басымдық беріледі.

 

Айшуақ Дәрменұлы, Ақтөбе қаласы.