Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Латын әліпбиін кезінде Құдайберген Жұбанов та жоғары бағалаған еді»

«Латын әліпбиін кезінде Құдайберген Жұбанов та жоғары бағалаған еді»

Латын әліпбиі

Мемлекет басшысы  Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз  керек»  деген болатын. Қазіргі кезде осы мәселе жұртшылық арасында  қызу  талқыланып жатыр.Мамандар латын жазуының артықшылығы, қазақ тілі орфографиясын одан әрі жетілдіріп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте түсуде латын жазуын қабылдаудың маңызы зор екендігін айтып келеді.Осы орайда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе  өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Садуақаспен тілші әңгімесін ұсынып отырмыз.

— Нұрбол Абдуллаұлы,  қазақ тілін  латын әліпбиіне көшіру  мәселесі  қай  кезден бастап қозғалған еді?

— Қазақ әліпбиі мен жазуынлатын қарпіне көшіру мәселесі  туралы  еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап ғылыми ортада  сөз қозғала бастаған еді. Тіл мәселесіне ерекше назар аударатын Елбасымыз Қазақстан халықтары Ассамблеясының 2006 жылғы 24 қазанында өткен ХІІ сессиясындағы сөзінде: «Қазақ  әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік», — дей келіп, «Біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», — деген болатын.  Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев  өзінің  2012 жылғы  «Қазақстан — 2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы —  қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады»,  деп  тағы да атап көрсеткен еді.   Ал биыл сәуір айында жарияланған  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» туралы  мақаласында  Елбасы: «Қазақ  тілін  біртіндеп  латын  әліпбиіне   көшіру  жұмыстарын бастауымыз  керек», — деп, нақты тапсырма берді. Латын әліпбиі туралы  алғаш сөз қозғалғаннан бері  ғылыми  ортада латын әліпбиінің мүмкіндіктері мен қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесі жөнінде түрлі дәрежедегі талқылаулар болып, көптеген ғылыми зерттеу мақалалар да, түрлі авторлардың құрастырған әліпбилері де  жарияланды.

— Тіл маманы ретінде,  қазақ жазуын  латын қарпіне көшірудің қандай қажеттілігі бар деп білесіз ?

— Латын жазуына көшу — бұл  қазақ тілін дамыту  үшін жасалып жатқан шаралардың бірі. Қазіргі орфографияны жетілдіру, сөзіміздің қазақ тілінің табиғи үндесіміне сай жазылуын қамтамасыз ету үшін қажет. Заман ағымына сай тіл  де үнемі дамып, сөздік қоры  мен сөздік құрамы толыға түседі. Күнделікті өмірде танылған барлық заттар мен құбылыстар  сол тілде  сөз арқылы қолданыс табады. Егер осы сөздер өз ана тілінде немесе ана тілдің заңдылығына бейімделіп қолданылмаса, онда  кез келген тілдің сөздік қоры жұтаң тартып, ол тілдің табиғи заңдылықтары бұзыла бастайды. Барлық уақытта да тілдің өзіндік заңдылықтарын ескеріп, үнемі жетілдіріліп отыру керек. Қазіргі жазуымызда басшылыққа алатын негізгі  емле ережелеріміз 1983 жылы қабылданды, одан бері тілімізге енген сөздер де көбейді.   Сондықтан  сөзіміздің  қазақ тілінің басты заңдылығы — үндестік заңына сай жазылуына назар аударған жөн. Мысалға, қазақтың Жанар,  Айнұр,  Өтеміс  деген аттарын Жанара,  Айнура,  Утемис деп айтуға үйреніп кеттік. Қазақтың үндесе айтылатын сөздерін Ысмайыл-Смайл, Ысқақ-Сқақ, Ырысты-Рысты деп  тіліміздегі дыбыстар тіркесін, айтылым заңдылығын бұзып жүрміз. Мұндай мысалдар өте көп. Қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін, қазақ сөзін сол дыбыстармен айтып-жазу керек екендігін де сақтамай, кейінгі ұрпақты шатастыра бастадық. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде «х» дыбысы жоқ. Қабар-хабар, қош-хош, қат-хат, қан-хан, гауқар-гаухар-гауһар  деген сөздерде  қазақтың  «қ» дыбысының орнына  орыс тілінің  «х» дыбысын жазғаннан сөздің мағынасы өзгеріп тұрған жоқ. Бұл бір — дыбысты екі әріппен жазу деген сөз, басқаша айтсақ, бір адамның екі түрлі  төлқұжаты бар дегенмен бірдей. Бұл — тіл заңдылығын бұзу яғни грамматикалық және орфоэпия- орфография заңдылығы бұзылды.

— Қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Осы тұрғыда қарағанда, жазуымызды латын  әліпбиіне көшірудің  мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге  қандай  пайдасы тиеді?

Біз бұрын  қазақ тілінің жағдайына алаңдап, елді қазақша сөйлеуге үгіттеп, қазақ мектептері мен балабақшаларын  ашу, тілімізді насихаттау бағытында көптеген шаралар  өткізуші едік. Ал қазір мемлекеттік тіліміз егеменді елімізбен қатар дамып, оған деген сұраныс артып,  керегесін кеңге жайып келеді. Сондықтан Қазақстан сияқты әлемге танылған  елдің мемлекеттік тілінің жазуы да заман талабына сай келуін күнделікті өмірдің өзі талап етіп отыр. Қазіргі таңдағы шетелдермен әртүрлі саладағы байланыстардың күшеюіне орай осы  шараларды рәсімдеу құжаттарын жазуда латын әріптерінің қажеттілігі анық байқалады. Сондай-ақ Елбасының  мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы сарабдал  саясаты, Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен қазақ тілінде сөйлеуі мемлекеттік қызметтегі адамдарға ерекше ықпал етті. Қазір еліміздегі өзге ұлттармен қатар, шетел азаматтарының да  мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы  артып отыр. Мысалы, Қытайда өткен ән додасындағы жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің жетістігі әншінің шетелдік жанкүйерлерінің қазақша  ән айтуға, қазақ тілін үйренуге  деген  ықыласын оятты.  Қазақстанның  дамып, әлем көз тіккен  талай маңызды шаралардың ұйытқысы болуы, оның мемлекеттік тілі мен жазуының да биіктен көрінуіне түрткі болмақ.  Осындай көптеген жағдайлар, күнделікті өмірдің өзі, қарыштап дамыған заман талабы қазақ тілін  латын әліпбиіне көшірудің қажеттілігін алға тартты.

— Қазақ жазуын латын әріптеріне көшірудің болашағы, оқу-білімге ықпалы, жас ұрпаққа берер пайдасы неде?

— Қазіргі заман — жазу заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жұмысында да жазуға сүйенеді, яғни хаттама, түрлі қатынас іс-қағаздары, компьютер, интернет, әлеуметтік желілер арқылы хабарласулар — бәрі жазу арқылы жүзеге асады. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылады.Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттердің латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Сонымен қатар, қазіргі кезең — ғылым мен техника, оқу-білім, ақпарат, жаңа технологиялар заманы. Осы жаңа заманда өмір сүріп, білім алу, еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру секілді адамның белсенді іс-әрекеттері мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен, оның жазуынан айналып өте алмайды. Сондықтан латын әріптері өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған  басты қажеттіліктердің бірі деп білемін. Латын әріптерімен жазу арқылы басқа тілді де меңгеру, оны жазу да бір-біріне жақындап, бір әріптен екінші әріпке ауысып отыру қиындығын жеңілдетіп, тілдің қолданысына да оң әсер етеді. Ендеше,  латын әліпбиінің болашағы да зор деп білеміз.

— Латын әріптері туралы  айтқан кезде, оқырмандарымыз латын деген халықтың тарихы, оның тілі  және  әліпбиі  туралы да  білгісі келері сөзсіз…

— Латын тарихы өте тереңде, ал қысқаша айтар болсақ,   Италия жерінде Этрусс, Лациум және Кампан деген үш жазықтық жатыр. Лациумнің орталығы біздің жыл санауымызға дейінгі VIII ғасырда латын тайпасы негізін қалаған Рим қаласы болды. Кейіннен көп жерлерді жаулап алған Рим үлкен мемлекет боп біздің жыл санауымыздағы V ғасырға дейін өмір сүрді. Бүкіл Жерорта теңізі аймағы, Испаниядан Грекияға, Кіші Азия мен Египетке дейінгі және қазіргі Франция территориясы, Англия мен Германияның кейбір бөліктері Римнің қол астында  болып, бұл мемлекеттің тұрғындары латын тілінде сөйлеген.  Осы уақытта латын тілі  мен жазуы бүкіл антик әлеміне тарап, еуропалық өркениетінің негізі болған.  Лингвистикалық классификация бойынша латын тілі өлі (яғни, қазіргі кезде қолданылмайтын) тілдерге жатады және қазір латын халқы да жоқ. Латын тілінің негізінде ұлттық тілдер, яғни  романдық тілдер — итальян, француз, испан, португал, румын және молдаван тілдері — өз алдына қалыптасқан екен. Латын алфавитінің қазіргі бізге жеткен таныс түрі біздің жыл санауымызға дейінгі  VI-ІІІ ғасырларда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады, Африка, Америка және Азия халықтары да пайдаланды.

— Классикалық латын әліпбиін қолданушы елдер және латын әліпбиіне көшкен  туысқан түрік  халықтарының  жазуы туралы  не айтар едіңіз?

— Классикалық латын әліпбиі 26 әріптен тұрады, олар  6 дауысты, 20 дауыссыз дыбысты таңбалайды.  Латын әріптері роман, герман және басқа  да тілдер жазуына  негіз болған.  Бірақ олар латын әріптерін алғанмен, әр халықтың әліпбиіндегі  әріптердің бәрі  де бірдей фонемаларды таңбалай   бермейді, әр әліпбидің өз ерекшеліктері мен  өзгешеліктері бар. Әріптің аз болуы әр тілдің дыбыстар санына сай келмегендігінен, бір  дыбысты бірнеше әріппен біріктіріп таңбалау қажет болған.Бір дыбысқа бір таңба ұстанымы толық сақталмады. Әріп тіркестері алынып, бір дыбысқа екі әріп ұстанымы қоса жүрді. Әйтсе де мұндай тіркестер құрамындағы әріптер жеке тұрғанда да толық мағынасы, яғни белгілейтін жеке дыбысы болғандықтан, екі түрлі оқылды. Бұл жағдайлар  оқуға және   үйренуге белгілі дәрежеде қиындық туғызады. Француз тілінде — 17 дауысты, 18 дауыссыз дыбыс, неміс тілінде — 16 дауысты, 21 дауыссыз дыбыс; ағылшын тілінде 15 дауысты, 15 дауыссыз дыбыс және дифтонг болса, қазіргі Еуропа халықтары әліпбилерінде 26 әріп қана бар. Мысалы, «Х»  фонемасы:    неміс тілінде — сh, ағылшын тілінде — kh, француз тілінде – khтаңбалары арқылы жазылады.

Қазіргі латынды қолданатын елдердің әліпбилеріне зер салсақ, барлығы бір әліпбиді пайдаланса да, әліпбилеріндегі әріптер бәрінде бірдей емес, кейде  бір  дыбысты екі-үш әріппен біріктіріп таңбаласа, енді бірде классикалық латын әліпбиінде жоқ, басқа  әліпбилерден алынған әріптермен де таңбалауға тура келгенін көруге болады. Латын әліпбиіне түрік тілі 1928 жылы, әзірбайжан тілі 1991 жылы, өзбек тілі 1993 жылы көшірілген.Әліпби жасалған тұста дыбыс саны толық анықталмауы салдарынан түрік тіліндегі үш  дыбысты таңбалайтын  «қ», «у», «ң»  әріптері түрік әліпбиіне енбей қалған. Ал  өзбек тілінің  әліпбиін жасауда тілші ғалымдарға қарағанда, компьютерлік техника саласы мамандарының ұсыныстары басымдық алып кеткен, сондықтан қазіргі  өзбек әліпбиі интернет желісіне икемді болғанымен, ұлттық тілдің мүддесінен шықпай отыр деген көзқарастар бар. Өзбек тілінің  әліпбиінде бір дыбысты кей сөздерде 3 әріптік тіркеспен, келесі бір сөздер құрамында ол екі дыбыс ретінде оқылады екен. Бұл жағдай жазуда ережемен де реттеуге келмей,  сөз мағынасын түсінуге нұқсан келтіреді. Әліпбиде «ң» дыбысы латын әліпбиінің  «ng» әрпінің тіркесі арқылы белгіленуі де кей жағдайда дұрыс оқылмайды.Әзірбайжан әліпбиінде классикалық латын әліпбиінен тыс,кирилл әліпбиінен де алынған  әріптер бар екен. Әзірбайжан тіл  мамандарының айтуынша,  тілдерінде өте жиі қолданылатын «Ә» дыбысын кирилл әліпбиінің «Ә» графемасымен таңбалаған, себебі өте жиі қолданылатын болғандықтан оны латынның  «А» әрпінің үстіне екі ноқат қойып таңбаласа, жазу кезінде

мәтінүстінде нүкте таңбалары жыпырлап, мәтінді оқып-жазу қиындап кетеді екен.  Қазір біздің ғалымдарымыз бауырлас түрік халықтарының латын жазуына көшу кезіндегі жетістіктері мен жіберілген кемшіліктерге назар аудара зерттеп отыр.

— Қазақтың латын әріптеріне негізделген жаңа  әліпбиінде неше әріп болады, әлде қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен ауыстыра саламыз ба?Осы тұрғыда біздің ғалымдарымыздың ұстанымдарықандай?  

— Көпшілік жұрт әліпби ауыстыру дегенді бір таңбаны екінші таңбаға алмастыра салу деп түсінеді. Ол дұрыс емес. Біз үш мәселеге назар аударуымыз керек, алдымен тілдегі дыбыстар санын анықтау, одан кейін сол дыбыстарға сай әріптермен таңбаланған әліпби жасау, одан кейін осы әріптермен жазудың емле ережелерін жасап бекіту қажет. Қазіргі  әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен  сол қалпында ауыстыра салатын болсақ, оның пайдасы болмайды. Біз алдымен таза қазақы әліпби жасауымыз қажет. Ол үшін  алдымен тілімізде қанша дыбыс бар деген сұраққа жауап беру керек. Қазір көпшілік ғалымдарымыз алғашқы кезекте, жаңа қазақ әліпбиіне қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонеманы (9 дауысты, 19 дауыссыз)  алып, бұған қоса, кірме сөздердегі «в», «ф», «һ»  сияқты  әріптерді  де  қоса алу керек деген көзқарасты ұстанып отыр. Ал  одан кейінгі кезекте,  орыс сөздерін жазуда  қажет болатын  әріптер таңдап алынып,одан әрі  қазақ жазуының емле ережелерін қайта қарастыру керек болады.Ал екінші бір ғалымдар қазіргі  әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен  сол қалпында ауыстыра салу керек деген көзқарас танытып, «сөзіміздің айтылуын дәл береміз деп жүріп, қазіргі әліпби құрамындағы қыруар әріпті  жат дыбыстарға жатқызып, әліпби құрамынан шығарып тастасақ, емлені шешуі қиын өте күрделі түйінге айналдырамыз»деген пікір айтады.  Сонымен қатар, қазіргі компьютер заманына сайқазақ жазуын латын әріптеріне көшіруде  автоматтандыруға ыңғайлы латын әліппесі нұсқасын жасаушыларда бар.

— Жаңа әліпби қабылданған кезде қандай қиындықтар болады, халықтың  жаңа жазуды меңгеруі, оқып-жазу деңгейі төмендеп кетпей ме? 

— Жаңа іс қашан да оңай бола қоймайды, оның қиындығы да қоса еріп жүреді. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді»дегендей, қиындықтан қорықпау керек. Тілдің болашағы — елдің болашағы. Жазуымызды латын әліпбиіне көшіру бір күннің ісі емес, ол осы жазуымызбен қатар жүріп, елдің көзі үйреніп, жаңа әліпбиді әбден меңгеріп кетуіне  мүмкіндік жасалады. Қазірдің өзінде жастар бір-біріне латын  әріптерімен хабарлама жіберіп жүр. Айналадағы түрлі мекемелер, банктер, машина маркалары, көше жарнамалары, басқа латын әріптерімен жазылған сөздерді барлығымыз да оқып, түсініп жүрміз. Ал кейбір пікір айтушылардың  латынға көшкен кезде  «орысша оқығандар латын әріптерін меңгермей қалады, ал қазақша оқығандар орыс тілінен алыс қалады» деген сөздері еш қисынға келмейді.

Қазіргі әліпбиімізге байланысты жазуымызда орын алған қиындықтарды түзетіп,  тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерден арылатын кез келді. Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесіміне қарай айту үшін жарыса қапталдап кедіргі келтіріп келген ескі әліпбиімізді латын әліпбиіне ештеңеден қорықпай алмастыра салуға мүмкіндік туды. Латын әліпбиін кезінде жерлесіміз, қазақтың біртуар азаматы, профессор Құдайберген Жұбанов та жоғары бағалап, осы әліпбиді қазақ тіліне бейімдеу бағытында белсене жұмыс жасаған еді. Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері латын әліпбиін қолданады, латын әріптері — өркениет жазуы, өмір талабы, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, біз де өз мақсатымызға сай  латын жазуының игілігін көруіміз қажет.

Әңгімелескен  И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

Ақтөбе газеті