Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Рухани жаңғыру» белестері

«Рухани жаңғыру» белестері

Қыркүйек айының соңғы күндері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ақтөбе облыстық Сараптамалық кеңесінің төрағасы, Жұбанов университетінің ректоры, профессор Б.А.Ердембековтің төрағалығымен кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға Сараптамалық кеңестің мүшелері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлары мен Ақтөбе облысы Ішкі саясат басқарма бастығының орынбасары қатысты.

Отырыста Облыстық «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесінің 2018 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалып, Сараптамалық кеңестің 2019 жылғы жұмыс жоспары бекітілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында анықталған идеяны жүзеге асыру мақсатында Жұбанов университетінде 2017 жылы облыс әкімі Б.М.Сапарбаевтың қатысуымен  Ақтөбе облыстық «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесі ашылған болатын. Жобалық кеңсе жанынан Сараптамалық кеңес, арнайы аналитикалық жұмыс тобы құрылып, жылдық жоспар мен медиа-жоспар жасақталынып, қабылданды.

Отырыста сөз алған қоғам қайраткері, академик Аманкелді Айталы облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасының оғтайлы іске асырылып жатқанын, оған зиялы қауым өкілдері,  Жұбанов университетінің профессор-оқытушылық құрамы мен студенттерінің белсенді түрде атсалысатынын, облыста атқарылатын іс-шараға аталған университеттің әрқашанда мұрындық болатынын тілге тиек етті.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеттің профессоры Алтай Тайжанов Облыстық «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесі жұмысына оң баға беріп, ЖОО-ы мен Жобалық кеңсенің арасындағы тығыз байланыс орнағанын атап өтті.

Жұбанов университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров, университетте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған игі істер жастарға, олардың ұлттық саналарының берік болуына зор ықпал жасайтынын атап өтті. «Ұрпақ тәрбиесіне көп мән беретін университет басшылығының өлкеміздің танымал тарихи тұлғаларына, өнер мен мәдениет және қоғам қайраткерлерінің атына арнаулы кабинеттер ашуы соның айғағы, «Зерек» балалар орталығын таяу тұсау кесерін жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Балалар университеті» жобасы, «Әдеби хакатон» диалог алаңының ұйымдастырылуы өз жемісін беретіні сөзсіз. Осы жылы «Жұбанов кітапханасы» сериясы бойынша оқытушылардың еңбектерін баспадан университет қаржысына тегін шығару одан әрі жалғасады. Әлеуметтік желілерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын студенттер мен жастардың арасында кеңінен насихаттау мақсатында арнай сайттар ашылады» — деп, ойын түйіндеді.

Жиын соңында Кеңес төрағасы әріптестерінің жұмысына сәттілік тіледі.