Среда, Май 22, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Саясат. Жастар. Әлеуметтік желі» мәселелері қамтылды

«Саясат. Жастар. Әлеуметтік желі» мәселелері қамтылды

Бүгін Жұбанов университетінде  Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты депатаменті мен «Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ бірлесіп «Саясат. Жастар. Әлеуметтік желі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Жиында сөз алған Тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Нұржан Бердыбаев дөңгелек үстелдің жастарға мемлекеттік саясатты түсіндіру,  жастар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау, әлеуметтік желідегі мәдениеттілікті қалыптастыру мақсатына тоқталып, шараға қатысушы қонақтарға  алғысын білдірді.

Одан соң Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов «Мемлекеттік Жастар саясаты — бүгінгі күннің өзекті мәселесі» тақырыбында баяндама жасап, Мемлекет – жастарға барлық мәселеде қолдау білдіріп, мүмкіндіктер жасап отырғанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, Нұрлан Жеткергенұлы қолға алған, болашақта атқарылар істер туралы жоспарымен бөлісті. «Біздер облыстағы жастардың барлығының басын қосатын орта қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. Ол үшін алдымен облыстағы алты жоғары, 45 орта арнаулы оқу орнындағы жастар ісі жөніндегі комитеттерді біріктіріп, ортақ мақсатқа біріктіруге жұмыстанамыз. Сонымен бірге облыстағы барлық жас спортшыларды, өнер саласында жетістікке жетіп жүрген жастардың басын қосатын жобаларымыз бар. Басқарма жанынан ашылған коворкинг орталығына жас кәсіпкерлерді, стартаперлерді шақырамыз. Бұл жерде кәсіпкерліктің қыр-сыры туралы ақпараттарды білуге де болады. Жұмысшы жастар слетін өткізу де ойымызда бар», — деді Нұрлан Күнтуов.

Дөңгелек үстелде  «Нұрғасыр» мешітінің имамы Нұрбол Смағұлов: Дін — мемлекетінің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ауызбіршілік, елжандылық, тұлғаға құрмет, бейбітшілік пен тыныштық ислам дінінің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық екендігін атап өтіп, теріс ағымдардан сақтану шаралары, діни мәселелер бойынша сұрақтарды тек ҚМДБ ресми сайттары мен жергілікті мешіт имамдарынан жауап іздеуге шақырды.

Жиында «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы басшысы Нұрсұлтан Жаншин «Дін саласындағы мемлекеттік саясат» тақырыбында баяндама жасап,  бүгінде жастардың көбісі әлеу­меттік желіде отыра­тын­дықтан же­ліні дұрыс пайда­лануы, әртүрлі  ағым­­дардың уағызынан абай болуы жөнінде дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізетіндігін жеткізді.

Дөңгелек үстелде сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу басқармасының басшысы Ербол Толыбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің қызметкері Багғдат Мырзабаев және Жұбанов университетінің 4-курс студенті Отарбай Алиасқар  арнайы баяндама жасап, ойларын ортаға салды.

Жиынға қатысушылардың әрқайсысы өз қызметі саласында осы аталған мәселелер қалай шешімін тауып жатыр деген сұраққа жауап беріп, өзара пікір алмасты және дөңгелек үстел барысында жастардың қоғам өміріне белсене атсалысуы үшін мемлекет тарапынан қандай істер атқарылып жатқандығы талқыланды.

 

Сандуғаш Байғұлқызы