Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ө.Нұрғалиев поэзиясына арналған ашық лекциялар апталығы өтіп жатыр

Ө.Нұрғалиев поэзиясына арналған ашық лекциялар апталығы өтіп жатыр

Бүгін қазақ әдебиеті кафедрасының профессор-оқытушылары Ақтөбе өңірінен шығып, қазақтың өлең өлкесінде өшпес із қалдырған көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдық мерейтойына арналған лекциялар желісін бастап кетті. Жерлес қаламгердің қазақ поэзиясындағы орны, көркемдік әлемінің өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі хақындағы ғылыми лекцияның алғашқы тізгінін филология ғылымдарының докторы, профессор Пангереев Абат Шамұлы қолға алды.

«Қазақ поэзиясы бір ғасыр бедерінде» тақырыбындағы лекцияны тыңдауға «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1,2-курс студенттері мен кафедраның профессор- оқытушылары қатысты. Одан кейін қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Тілеуова Ақмоншақ Зархомқызының «Филология» мамандығының 4-курс студенттеріне оқыған «Ө.Нұрғалиев поэзиясындағы заман бейнесі» тақырыбымен өз жалғасын тапты. Ақтөбелік ақтаңгер ақындардың ішіндегі шоқтығы биік тұлға Өтежан Нұрғалиев өлеңдерінің өрнек-оралымдары туралы ғылыми мән-мағынасы терең лекцияларды қатысушылар зор қызығушылықпен тыңдады. Ашық лекциялар «Қазақ поэзиясы бір ғасыр бедерінде», «Ө.Нұрғалиев поэзиясындағы заман бейнесі», «От жүректі ақын болмысы Ө.Нұрғалиев шығармашылығы хақында)», «Ақын Ө.Нұрғалиев поэзиясындағы ұлттық рух мәселесі», «Ө.Нұрғалиев поэзиясындағы табиғат лирикасы» тақырыптары желісінде жалғасады.

 

 Мира Балтымова

«Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі