Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде Елбасы Жолдауы зор ықыласпен тыңдалды

Жұбанов университетінде Елбасы Жолдауы зор ықыласпен тыңдалды

Бүгін ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауын жариялады. Жолдау қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру аясын қамтыды. Сөз басында Президент тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің  қол жеткізген жетістіктерін атап көрсете отырып, алдағы жаңа міндеттерге жеке-жеке тоқталды.

Соңғы кездері әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістері күшейе түскенін, әлем қарқынды түрде өзгеріп келе жатқанын, жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына қатысты талаптарды күрделендіріп отырғанын, жаһандық және жергілікті проблемалар тоғыса түсуде екенін айта келіп, елдің басты байлығы – адамның даму мәселесіне ерекше мән беру қажеттігін айта келе, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі  басты басымдыққа айналуға тиіс деді. Әрі қарай Елбасы ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналатынын, бұрынғыдай ең төменгі жалақы  ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайтынын баяндады. «5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет. …  Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет»,-деп шегеледі Н.Назарбаев. Сонымен қатар Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп атаған ұсынысын 13 мыңнан астам студенті бар университеттің профессор-оқытушы құрамы қуанышпен қабылдады. Өйткені жоғары оқу орнында білім алушы жастар саны  жыл сайын қарқынды жоғарылауда. Сондықтан бүгінгі Жолдауда мемлекеттік саясаттың басымдығы ретінде қарастырылған жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауды ұстаздар қауымы дұрыс шешім деп қабылдады. Алдағы жылы жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасының қалыптасатыны  көңілдерге қуаныш ұялатты. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданатыны да осы Жолдау барысында жарияланды. Президент Н.Назарбаевтың Халыққа Жолдауын онлайн жүйесінде университеттің барлық факультеттері қарап, талқылады.

                                                                                            Гүлнара Қараша

                                                                                            Сандуғаш Дүйсенбаева