Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > 6 тамыз – Ядролық қаруға қарсы бүкіл әлемдік күрес күні

6 тамыз – Ядролық қаруға қарсы бүкіл әлемдік күрес күні

1945 жылдың 6 тамызы – адамзат тарихында алғаш рет атом қаруы қолданылған күн болып тарихта сақталғаны баршамызға мәлім. Бұл күні Американдық әуе күштері Жапонияның Хиросима қаласына атом бомбасын тастап, салдарынан 140 мыңға жуық адам құрбан болды. Ішінде 20 килотонн тротилі бар  «Бозбала» атты үрейлі бомба бір сәтте мыңдаған адамның өмірін жойып жіберген еді. Ешқандай адамгершілікке жатпайтын бұл әрекет мұнымен шектелмеді. АҚШ Хиросимадан үш күннен соң, 1945 жылы 9 тамызда екінші атом бомбасын тастаған тағы бір жапон қаласы Нагасакиде 40 мыңдай адамның өмірі қиылды. Сонымен бірге Чернобыль атом электростанциясында орын алған апатта бүкіл әлемге қаупін төндірген болатын.

Ең өкініштісі, бұл  сәулелік ауру осы күнге дейін адамдарға үлкен зардап шектіріп келеді. Көптеген мемлекеттер ядролық қаруға қарсы күрес бастады.

1991 жылы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, Кеңес Одағы құрамындағы Қазақ ССР Президенті ретінде Семей полигонының жабылуы туралы Жарлыққа  қол қойды. Сол кездегі қауқары күшті болған  КСРО құрамында бола тұрып осындай қадамға бару тек нағыз көшбасшыға лайық екендігі айқын. Бұл мәлімдеменің ядролық қаруландыруға қарсы үлкен  маңызы  болғаны ақиқат.

2010 жылы Елбасы жалпыға бірдей декларациясын қабылдау  туралы Вашингтондағы ядролық қауіпсіздік бойынша Саммитте сөз сөйледі. Сонымен бірге 2015 жылдың тамызында БҰҰ Бас Ассамблеяның 70-ші сессиясында да «XXI ғасырда ядролық қарусыз әлемді тұрғызу адамзаттың басты мақсаты» деген батыл шешімін жеткізді.

Ядролық қаруды қолдану орны толмас жаһандық апаттарға алып келетінін білеміз. Сондықтан бейбітшілік пен ел қауіпсіздігі орнаған кезде ғана экономикалық даму мен әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізе алатынымыз сөзсіз.