Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде грек-рим күресінен республикалық турнир өтті

Жұбанов университетінде грек-рим күресінен республикалық турнир өтті

Бүгін Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы және Жұбанов университетінің ұйымдастыруымен белгілі спортшы Мұхамбетжан Зарлықовтың 63-жас зейнеткерлікке шығуына арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті.

Ресей Федерациясы мен Қазақстанның барлық аймақтарының балуандарын жинаған турнирдің ашылу салтанатына СССР және Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген спорт шеберлері, спорт ардагерлері, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, Жұбанов университетінің оқытушылары, Мұхамбетжан Зарлықовтың шәкірттері қатысты.

Жұбанов университетінің 1981 жылғы түлегі (ол кезде Ақтөбе мемлекеттік педагогика институты) Мұхамбетжан Зарлықов саналы ғұмырын жасөспірімдерді спортқа баулуға арнады. Атақты жаттықтырушының қол астында көптеген Әлемдік біріншіліктің жүлдегерлері, Азия және Қазақстан чемпиондары жаттықты. Олардың ішінде: Әділхан Ботакөзов, ағайынды Біржан мен Бержан Төлешовтер, Айдос Баймұратов, Әсет Әділов, Тілек Әсембаев, Тимур Әбдіқадыр, Саят Әлжановтар бар.

Салтанатты шараға қатысқан Жұбанов университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарлығаш Сатыбалдина ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы және ҚР жоғары Ұлттық дәрежедегі төрешісі Мұхамбетжан Зарлықовты құттықтай келе, оған Жұбанов университетінің медальін табыстады.

А.Кунарова