Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ғылымға бөлінетін қаражат көбейді

Ғылымға бөлінетін қаражат көбейді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы халыққа Жолдауында білім және ғылым саласына қатысты келелі мәселелер айтылды. Маман даярлау сапасын арттыру, яғни білім сапасын қазіргіден де жақсартуға баса маңыз беру қажеттігі сөз болды. Ал Елбасының сөзімен айтсақ, «жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі — оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы».

Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан жыл сайын жоғары оқу орындарының түлектерінің жұмысқа орналасуы көрсеткішіне қатысты рейтинг жүргізіледі. Осы рейтинг бойынша біздің университеттің көрсеткіші — 85 пайыз. Оған қоса 2017-2018 оқу жылында «Серпін» бағдарламасы бойынша оқу бітірген 1425 түлегіміз түгелдей Ақтөбе облысы аумағындағы мекемелерге жұмысқа орналасты.

Тағы бір қуанышты жайт — білім мен ғылым саласына бөлінетін қаражат көлемінің арттырылғаны. Елбасы Жолдауында: «5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет» деді. Бұл, әсіресе, ғылымда жүрген біз секілді жастар үшін үлкен олжа дер едім.

Сондай-ақ Елбасы қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажет екендігін алға тартты. Бұл бағытта жұмыстар политехникалық оқу орындарынан бастау алатын болды, себебі Елбасының бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде білім беру тапсырысы үшін бөлінген қосымша 20 мың гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтарға берілген еді.

Елбасы Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңыздылығына да тоқталды. Бұл бағытта біздің университет 146 елдің оқу орындарымен әріптестік байланыс жасау жөнінде келісімдерге қол қойған болатын. Өзім басқаратын жаратылыстану факультетінің өзінде алдағы жылдан бастап Литва, Чехияның жоғары оқу орындарынан келетін мамандар студенттерге дәріс оқитын болады. Бүгінде оған қоса Израильдегі жоғары оқу орындарының бірімен келісім жасау рәсімдері қолға алынды.

Еліміздің әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына енуі мақсатында инновациялық экономиканы дамыту басымдығы тұр. Оның бір бағыты — баламалы энергетика саласы. «Ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет. Еліміздің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі келешекте нақ осыларға байланысты болады», —  деді Елбасы. Біздің университетте елімізде бірінші болып «экоэнергетика» және «экотехнология» білім бағдарламалары енгізілді. Әзірге бұл салалар бойынша 37 студент бірінші курста білім алып жатыр. Еліміздің баламалы энергетика саласында атқарылатын жобалар барысында біздің болашақ мамандар еңбек ететіні сөзсіз…

 

Мұрат МАХАМБЕТОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жаратылыстану факультетінің деканы, PhD доктор