Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Польшада «Қазақ елі» орталығы ашылды

Польшада «Қазақ елі» орталығы ашылды

Қазақстанның әлемдік білім нарығына шығуы және Болон конвенциясына қосылуы елдегі жоғары оқу орындарының ғылым-білім саласы бойынша шет елдермен байланыстарын нығайта бастады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков бастаған ғалымдар поляк әріптестерінің арнайы шақыруымен Польшада іссапарда жүр. Елден барған жолаушыларды бейсенбі күні Қазақстанның Польшадағы елшісі Марғұлан Бақытұлы қабылдады. Ғалымдарды елшіліктің қызметімен қысқаша таныстырып, екі елдің қарым-қатынасы туралы шолу жасады.


– 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнатылған сәттен бастап ҚР Президенті Н.Назарбаев Польшаға үш рет ресми сапармен келді. Қазақстан мен Польша арасында экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Президенттердің бірлескен Декларациясы қабылданған. Екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығы туралы Үкіметаралық келісім 2016 жылы 6 маусымда күшіне енді. Қазақстан-Польша арасындағы тауар айналымы тұрақты өсуде. Ғылым-білім және мәдени байланыстар нығайып келеді. Қазіргі кезде Польша жоғары оқу орындарында сегіз жүзге жуық Қазақстан азаматтары оқып жүр. Олардың «Барыс» студенттік қоғамы бар. Сіздің студенттермен де арнайы кездесіп, ақыл-кеңесімізді айтуға дайынбыз – деді елші мырза.

Б.Ердембеков «Гданьск және Быдгощ университеттерімен тығыз байланыстамыз. Біріккен ғылыми жобаларымыз бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Быдгощ университетінің қолдауымен «Қазақ елі» орталығын ашуға келдік» дей келе, Польшадағы серіктес оқу орындарына қатысты болашақ жоспарымен бөлісті.

Бүгін, 5 қазан күні Быдгощ Экономикалық университетінде «Қазақ елі» орталығының ресми ашылуы болды. Шараға Қазақстан елшілігі атынан консул Азамат Балабеков, Быдгощ қаласының мэрі, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты. Жиында сөз алған профессор Б.Ердембеков «Қазір Қазақстанда 34 мың адамдық поляк диаспорасы бар. Біздің елімізде «Венжь», яғни «Байланыс» деп аталатын поляк қоғамы және Қазақстан поляктар Одағы жұмыс істейді. Ақтөбе қаласында «Святло» поляк ұлттық-мәдени орталығы бар. Бұл ұйымдар екі елді жалғайтын көпір сияқты. Бес жылдан бері екі университеттің біріккен ғылыми жобалары жақсы нәтижелер көрсетуде. Бүгін ашылып отырған «Қазақ елі» орталығы екі оқу орнының жемісті қарым-қатынасының бұрынғыдан да жақсара түскенін, оның жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. «Қазақ елі» орталығы ғылым-білім саласында қазақ-поляк байланыстарын одан әрі тереңдете түсетін, Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен мәдениетін  Еуропада насихаттайтын орталық болады деп сенеміз. Екі халықты жақындата түсетін достық және мәдени байланыстың алтын көпірі болады деп есептейміз. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 30 студент сіздің университетте оқып шықты. Быдгощ Экономика Университетімен бірге қосдипломды білім беру бағдарламасын табысты түрде жүзеге асырып отырмыз. Қазір біздің 6 студент осы жобамен Быдгощте оқып жүр. Оқуларын бітірген соң европалық үлгідегі «спорт менеджері» дипломын алып шығады. Біздің студенттердің табысқа жетуінде поляк әріптестердің үлкен үлесі бар. Мысалы, «дене тәрбиесі және спорт» мамандығының 3 курс студенті Максим Бурлачко жүзуден Быдгощ қаласында өткен жарыста екі алтын медаль алды. Екі жаққа да пайдалы әріптестік қарым-қатынастарды ескере отырып, біз студенттер алмасу практикасын әлі де көбейте түскіміз келеді. Биыл академиялық ұтқырлық бойынша пауэрлифтинг спортынан Қазақстанның 17 дүркін чемпионы, 3 дүркін Азия чемпионы, Әлемнің абсолюттік чемпионы Таисия Дьяченко оқуын жалғастыру үшін Польшаға келді» деді. Б.Ердембеков университет атынан  Экономика Университетінің ректоры Веслав Ольшевский мен оқу орнының канцлері Филип Сикораға, Халықаралық байланыстар ісі жөніндегі проректор Собчак-Михайловская Маженаға алғыс айтып, естелік сыйлықтар тапсырды. Спорт және дене шынықтыру институтының директоры, профессор Александр Скалий  бірнеше жылдан бері Ақтөбеге келіп студенттерге дәріс оқығаны және жаңа әдістермен шеберлік сабақтарын жүргізгені үшін «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры» ғылыми атағы берілді. «Құдайберген Жұбанов – қазақ ұлтынан шыққан лингвист ғалым, тіл білімінің тұңғыш профессоры. 14 тілде еркін сөйлеген полиглот. Болашақта біздің студенттер де Евразияның және әлемнің барлық аймақтарында адамзат игілігі мен ғылыми жаңалықтар ашу жолында еркін жұмыс істеуге қабілетті болуы керек. Қазақстан мен Польша, қазақ-поляк достығы, ғылым-білім, мәдени байланыстарының болашағы үшін, ортақ мүдделеріміздің игілігі үшін ынтымақтастықты жалғастыруға шақырамын» деді Бауыржан Аманкелдіұлы.

Қазақ тілі мен мәдениетін насихаттайтын Еуропа жерінде тағы бір нүкте өз жұмысын бастады. Қазақстаннан барған делегация ертең жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты шараға қатысады.

Айшуақ Дәрменұлы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Халықаралық ынтымақтастық орталығының аға ғылыми қызметкері

https://aikyn.kz/2018/10/05/69508.html