Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетке АҚШ елшілігінің өкілі келді

Университетке АҚШ елшілігінің өкілі келді

Жұбанов университетінің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі  проректоры, профессор Қуанышбек Шүңкеев пен Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры, профессор Гүлжан Шоқым АҚШ елшілігінің білім және мәдениет мәселелер  жөніндегі атташенің көмекшісі Ланс Эриксонды  қарсы алды.

Кездесу барысында Америка жоғарғы оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайту үшін Елшілік пен Жұбанов университеті арасындағы қарым-қатынастар мәселелері, сондай-ақ бірлесе ғылыми жобаларды жүзеге асыру және академиялық ұтқырлық бағдарламасы жайында  мәселелер талқыланды.

Кездесуде университет проректоры шетелдік  мейманды  құрметпен қарсы алып, оқу орнымызға арнайы сапармен келгені үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде сөз алған  Ланс Эриксон: «Қазақстанда қызмет атқарып жатқаныма үш ай болды. Ғылым және мәдениет саласына көңіл бөліп, жұмыс жасап жатырмын. Келуімнің басты  мақсаты – университет жағдайының қандай деңгейде екенін біліп, американдық университеттермен қарым-қатынас орнатуға көмектесу, сондай-ақ Қазақстандағы АҚШ елшілігінің бағдарламалары туралы ақпарат тарату», — деді.

Сөз соңында атташе  көмекшісі  алдағы уақытта университетпен тығыз байланыста жұмыс жасағысы келетіндігін де алға тартты.

Басқосуда Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры, профессор Гүлжан Шоқым  халықаралық білім бағдарламалары  аясында бірқатар жобаларды жүзеге асыру жайында сөз қозғап, білім алушылар мен профессор-оқытушылардың  шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өту туралы әңгімеледі.  Сөз соңында Гүлжан Тыныштықбайқызы  қос мемлекеттің  игілігі үшін көптеген жарқын жобаларды бірлесе атқаруға болатынын жеткізді.

Кездесуден соң Ланс Эриксон мен  Студенттер сарайындағы Халықаралық ынтымақтастық орталығы мен «AKEAC» орталығының бірлесіп ұйымдастырған «EducationUSA Fair 2018»  көрмесін аралады.

Сандуғаш Байғұлқызы