Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Білімді жасқа жол ашық

Білімді жасқа жол ашық

Мемлекет басшысы 5 қазан күні жариялаған Жолдауда «Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды», деп тапсырды. Болашақта қызметкер өз мамандығын бес-алты рет өзгертуге тура келеді. Ғалымдардың болжамы бойынша, 2020 жылдың өзінде 5 млн адам жұмыссыз қалады екен. Қатал еңбек нарығында үздіксіз дамуды таңдаған маман ғана сұранысқа ие болады.

Кеше Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне АҚШ елшілігінің мәдениет және білім жөніндегі көмекшісі Лэнс Эриксон арнайы сапармен келді. Стратегиялық даму жөніндегі проректор Қ.Шүнкеев елшілік өкілінің сапарына сәттілік тілеп, оқу ордасының даму жоспарымен таныстырды.

Кездесуде Жұбанов университеті мен АҚШ ғылыми орталықтары, жоғары оқу орындары арасында байланыстарды нығайту, біріккен ғылыми жобаларды көбейту, сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы талқыланды. Халықаралық ынтымақтастық орталығының бастығы Гүлжан Шоқым оқытушылар мен студенттерге қатысты бірнеше жобаны баяндап, ұсыныстарын айтты. Лэнс Эриксон: «Қазақстанға келгеніме үш ай болды. Ғылым және мәдениет саласын зерттеп, жұмыс жоспарын пысықтап жатырмыз. Келуімнің басты мақсаты — университетпен жақынырақ танысу, американдық оқу орындарымен қарым-қатынас орнатуға көмектесу, сондай-ақ Қазақстандағы АҚШ елшілігінің оқу бағдарламалары туралы ақпарат тарату», деді.

Кездесуден соң Лэнс Эриксон Студенттер сарайында «Education USA Fair 2018» көрмесін аралады. АҚШ елшілігі, Халықаралық білім берудің Америкалық кеңесі қатысуымен ұйымдастырылған көрменің ерекшелігі — АҚШ колледждері мен университеттеріне түсу жолдары туралы ақтөбелік жастарға толық мағлұмат бере алды. Бакалавриат, магистратура мен докторантураға шақырған он бес түрлі оқу орындары ішінде мемлекеттік және жекеменшік, әлемдік рейтингте алғашқы ондықта тұрған танымал ЖОО мен тып-тыныш қалашықта орналасқан колледждер бар.

Америкалық білім жүйесінің алуан түрлі ұсыныстарын шолып шыққан мыңдаған студенттер мен оқушылар сұрақтарын емін-еркін ағылшын тілінде қойып жатыр. АҚШ-тан келген өкілдер мен еріктілер (волонтер) мықтап дайындалып келген екен, жарнамалық буклеттер мен кәдесыйларын таратып, мейілінше түсіндіріп бақты. Көрмеден соң Лэнс Эриксон бастаған өкілдер Студенттер сарайының көрермендер залында АҚШ білім жүйесі, талапкерлер үшін қажетті құжаттар, елшілік тарапынан көрсетілетін көмек жолдары туралы баяндап, сұрақтарға жауап берді. Үш тілділік саясаттың жемісін мектеп оқушылары көрсетті. «Ағылшын тілін кім еркін түсінеді?» деген сұраққа көрермендердің басым бөлігі қол көтерді. Сұрақтарын қойып, тікелей сұхбаттасып отыр. «Шет тілдерін білмеу — адамның өз мүмкіндігін шектеуі» деген осындайда еске түседі.

Қ.Жұбанов атындағы университет аймақтағы ғылым-білім потенциалының  үлкен орталығы. Оқу-білімге, ғылыми жаңалықтарға қатысты жиындар, маңызды кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Аймақтағы даму мен сұраныс бағытын саралап, керекті мамандарды ел ішінен де, шетелден де шақырып, қызметкерлердің білімін жетілдіріп отыратын жақсы дәстүр қалыптасқан.

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті,

Халықаралық ынтымақтастық орталығының аға ғылыми қызметкері