Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жатақханадағы жағдайым жақсы

Жатақханадағы жағдайым жақсы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы»  халыққа Үндеуінде көтерілген «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент-жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы өңірдегі өзекті мәселенің оң шешілуіне ықпал етті.

DSC_2369

Жатақхана жайының шешімін табуы ауылдан оқу іздеп келген жастардың пәтер жалдау тауқіметінен құтылып, артық шығынға ұшырамауына, студенттердің алаңсыз білім алуына көп көмегін тигізеді деп білемін. Бұл Елбасымыздың жастарға деген қамқорлығының айқын көрінісі екені анық. Қазір Ақтөбеде жұмыс сапарымен жүрген кезінде де Мемлекет басшысы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін тағы да алға тартты. Алдымен ЖОО студенттеріне көңіл бөлу керектігін құзырлы орындарға тапсырды.

Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білім алушылары  түгел жатақханамен қамтылған. Мен оқитын   жаратылыстану факультетінде 1075 студент оқиды, оның ішінде 144 студент «Экология» мамандығы бойынша білім алуда.  Солардың ішінде өтініш білдірген 236 студент жатақханада тұрады.

Біздің факультет студенттері негізінен №1 жатақханада тұрады. Жатақханада барлық жағдай жасалған. Ғимарат ескі болғанмен, күрделі жөндеуден өткен. Ал «Серпін» бағдарламасы арқылы оқитын студенттер «Жастар үйінде» тұрады. Бұл жаңадан салынған заманауи зәулім ғимараттағы әр секцияда 2 және 3 адамға арналған жатын бөлмелер, жуынатын бөлме, оқу залы, акт залы, дәрігерлік кабинет, асхана, сондай-ақ ғимарат алдында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар.

Мен жатақханада үшінші жыл тұрып жатырмын. Жатақханадағы жағдайым жақсы. Мұнда студенттік кеңес құрылған, оның мүшелері оқытушылармен бірге  түрлі шаралар, кездесулер өткізіп тұрады.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасында студент-жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесінің мемлекеттік деңгейде көтеріліп, назарда ұсталуы жастарға қамқорлықтың алғы шарты деп білемін.

    Асхат Байзол,

                                              «Экология» мамандығының 3 курс студенті,

                                              Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ, Ақтөбе қаласы.