Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Нидерланды Корольдігінің өкілетті елшісі Дирк Ян Коп қонақта болды

Нидерланды Корольдігінің өкілетті елшісі Дирк Ян Коп қонақта болды

Бүгін Жұбанов университетіне қызметтік іс-сапармен Нидерланды Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті  елшісі Дирк Ян Коп  мырза мен  экономика мәселелері жөніндегі көмекшісі  Меғдат Олжаев келді.

Шара барысында Нидерланды корольдігімен білім және ғылым саласында ынтымақтастық  байланыс орнату мәселелері талқыланды.

Елші Қазақстан мен Нидерланды арасындағы екі жақты қарым-қатынастар тақырыбы бойынша «Құқықтану», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Экономика» мамандығының студенттері алдында шағын дәріс оқыды.

Дирк Ян Коп  мырза өз сөзінде Нидерландының аумағы Қазақстан жерінен 65 есе кіші екенін алға тартып, Қазақстанмен ынтымақтастықтың 25-жылдық экономикалық дамуын атап өтті. Сонымен қатар, өз елінің аймағы шағын болғанына қарамастан, әлем мемлекеттері ішінде азық-түлік экспорты бойынша  Америка Құрама Штаттарынан кейін екінші орында екенін мақтанышпен айтты.

Кездесуде Голландия елшісі қолданбалы мамандықтар қатарындағы кадрлардың қажеттілігі туралы да сөз қозғады. Мысал ретінде голландық жылыжай кешендерінде өнімділіктің тиімділігін арттыруға атсалысатын салалық мамандарға, яғни жылыжайларға маманданған агрономдарға сұраныстың артып келе жатқанын атап өтті.

Шетелдік мейман кемелер, жүзетін қонақүйлер мен өзге инфрақұрылымдар Нидерландыда өндірілетінін жеткізді. Әрі қарай «Ал кеме қатынасы саласындағы қызметті келісімшартқа отырған украиналық мамандар жүзеге асырады.  Осы екі мысал арқылы елші қолданбалы мамандықтардың Қазақстан экономикасы үшін маңыздылығына назар аударды. Қарапайым жұмысшы мамандықтарының,  мысалға  ұста, монтажшы немесе гидротехник болудың еш ұяттығы жоқ. Голландияда бұл мамандық иелері құрметке ие және олардың еңбегі жоғары бағаланады», — деді, елші.

Сонымен қатар экологиялық мәселелер туралы сөз қозғаған Дирк Ян Коп мырза ірі индустриялық өндіріс ошақтарының қалдықтарын  мен қатты тұрмыстық қалдықтарды жағу CO2   шығарылымдарын жылыжайларға бағыттауға мүмкіндік беретініне назар аудартты.  Бұл өз кезегінде Қазақстан үшін экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімді болмақ.

Кездесуді соңында университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров құрметті қонақ  Дирк Ян Коп мырзаға бүгінгі нәтижелі кездесу үшін алғыс айтып, Жұбанов университеті өзара ынтымақтастық орнатуға ынталы және дайын екенін жеткізді.

Шара соңында оған қатысқан студенттер шетелдік мейманмен еркін әңгіме өрбітіп, қызықтырған сауалдарына тұшымды жауаптар алды.

Сандуғаш Байғұлқызы