Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Мамандық және сұраныс

Мамандық және сұраныс

Мөлдір КЕНЖЕҒАРАҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы болашақ мамандықтарын игеру жолындағы біздің буынға, яғни студенттерге де елеулі әсерін тигізуде. Қазан айының басында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы берілген бұл маңызды құжатпен біздер тыңғылықты танысып шықтық. Ең алдымен назар аударғаны — Жолдаудың аталуы. Ол — «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру».  Осы атаудың өзі ілгерілеуді, алға ұмтылуды көрсетеді.

Мен өз басым табыс пен тұрмыс сапасын арттыру түптің түбінде білім сапасына тікелей тәуелді деп ойлаймын.

Ал Жолдауда білім сапасына ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, бұл бағыт «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек» деген міндеттен басталады. Одан кейін сатылап отырып «Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн» деп жалғастырылады. Осы тарауда «Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды» деп атап көрсетілген.

Мен өзімнің ойымды осы арадан өрбіткім келеді. Біріншіден, сұранысқа ие деп аталған қандай мамандықтар? Мұны біз зерттеп көре алдық па? Тиісті орындар бұл туралы бізге мәлімет-деректер берді ме? Шынында да осы мәселе терең ескерілмей келген сияқты.

Екінші бір айтар жай, біздің көпшілігіміз әлі де болса оқуы жеңіл, игеруі күрделі емес деп саналатын мамандықтарды таңдай саламыз. Ал ондай жолды қалағандар қолына диплом алғаннан кейін де сол салада жұмыс істегісі келмейді.

Ғылым мен технология дамыған заманда қажетті білім алып, мамандық игеріп, оның жемісін халық игілігіне пайдалану үшін елімізде барлық жағдай жасалған. «Болашақ» бағдарламасының өзі жастарымызға жарқын жол ашып берген жоқ па?!

Менің бір қуанатыным — қай өңірде болмасын біздің студенттеріміздің қоғамдық және әлеуметтік өмірде белсенділіктері күшейіп келеді.

Елбасы өзінің осы Жолдауында «Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын» деп бекерге айтпаған болса керек. Бұл бізге жігер береді, жақсы істерге жетелейді, ынталандырады.