Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы: әдеби болмыс және дәуір шындығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы жоғары деңгейде өтті

«Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы: әдеби болмыс және дәуір шындығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы жоғары деңгейде өтті

Ақиық ақын Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына арналған халықаралық конференцияға ел және өңір зиялылары қатысты.  Шара қонақтары бас оқу ғимаратын аралап, оқу орнының  ғылым мен білім жұмысына арналған кітап көрмесін тамашалады.

Алдымен пленарлық мәжілісте «Өтежан Нұрғалиев – сұңқар ақын» деректі фильмі мен ақиық ақынға арналған бейнеролик назарға ұсынылды.

Пленарлық мәжілісті Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ашып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын жеткізді.

Пленарлық мәжілісте сөз сөйлеген ҚР БҒМ Вице-министрі Эльмира Суханбердиева алдымен министр Ерлан Сағадиевтің құттықтау хатын оқыды. Онда: «Құрметті Бауыржан Аманкелдіұлы және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы! ҚР Білім және ғылым министрлігінің атынан және өзімнің атымнан Сіздерге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ халқының өр мінезді, көрнекті ақыны Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдық мерейтойына орай өткізіліп жатқан ауқымды жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіремін. Жастарымыздың бойына ұлтымыздың салт-дәстүрін, мемлекетік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Сіздер осындай көпке үлгі болатын істеріңіз арқылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тарихи-мәдени мұраларымызды таныту, сақтау, насихаттау арқылы келешек ұрпақ кәдесіне жаратудасыздар. Еңбектің ең үлкені – білім мен ғылымның биік белесіне қол жеткізу. Жаһандану процесі барысында біз білім сапасына ерекше көңіл бөліп, әсіресе ел тарихы мен мәдениетін, әдебиетін танытып, насихаттауда айрықша күш салудасыздар. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде тәлім алып жатқан жастардың бойында патриоттық сезімдер болып, үздіктердің үздігі осы қасиетті шаңырақта жан-жақты біліммен табылатын бәсекеге дайын, жеңіс пен жетістіктерге құштар болашақ мамандар дайындау еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде.

Сіз басқарып отырған университеттің оқытушы-профессор қауымы білімге, жаңалыққа ұмтылуға жаңа ойлы рухты өскелең жастарды қалыптастыруда  қажырлы еңбек етуде. Сіздің білім саласын дамыту бағытында жасап жатқан өрелі жұмыстарыңыз бен абыройлы істеріңізге шығармашылық табыс тілеймін.  Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, ғұмырларыңызға ұзақ болуын тілеймін», — делінген.

Мәжілістегі сөйлеген сөзінен кейін Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков филология факультетінің студенттері, жас ақындар Әлихан Жақсылық пен Самғар Орынбайұлына «Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантын» табыстады. Өз кезегінде марапатталған студенттер алғыстарын жеткізіп, Ө.Нұрғалиев рухына өлең жолдарын арнады.

Айтулы шараға сондай-ақ  ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушанов; жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Бисенова;  ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан; ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота Қошым-Ноғай; жазушы Мәди Айымбетов; ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Аймұхамбетова; ақын Дәурен Берікқажы; Түркия Республикасы Кастамону университетінің профессоры, PhD доктор Орхан Сойлемез сынды арнайы қонақтар мен Өтежан Нұрғалиевтің қарындасы Назым Қалниязова келіп, баяндама жасады. Конференцияда баяндама жасаған әр қатысушыға ақын «Өтежан Нұрғалиевтің туғанына 80 жыл» мерекелік медалі табысталды.

Аталмыш конференцияның пленарлық мәжілісінде Өтежан Нұрғалиевтің туған жері Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Жаңабай Жандарбек сөз сөйлеп, университеттің филология факультетінің 4-курс студенті, Республикалық  пәндік олимпиадалар жеңімпазы Ерасыл Әжбеновке «Өтежан Нұрғалиев атындағы грант» тапсырды.

Пленарлық мәжіліс ақтөбелік әнші-композитор орал Байсеңгірдің  «Барсаң сәлем айта бар, Байғанинге» өз орындауындағы әнімен аяқталды.

Пленарлық мәжілістен соң конференция қатысушылары секцияға бөлініп, әдеби болмыс және дәуір шындығына байланысты дайындаған мақалаларын талқыға салды.

Сандуғаш Байғұлқызы