Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өтежан Нұрғалиев  ақынның құрметіне арналған бүгінгі той мерейлі аяқталды

Өтежан Нұрғалиев  ақынның құрметіне арналған бүгінгі той мерейлі аяқталды

Жұбанов университетіндегі  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан ақын Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына арналған мерейтойлық шара түстен кейін «Өтежан-ғұмыр» атты республикалық поэзия марафонымен, Ақтөбе облысы мен қала мектептерінің 5-11 сынып оқушылары арасында өткізілетін облыстық «Өтежан оқулары» мәнерлеп оқу байқауымен, «Өтежан өлеңдері» атты бейнепоэзия эстафетасымен, Республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысымен жалғасты.

Жұбанов университетінде филология факультетінің бастауымен ақынның 80 жылдық мерейтойына орай екі ай бұрын бейнепоэзия эстафета жарияланған болатын. Бейнепоэзия жарияланған күннен бері Ақтөбе өңірінің Өтежан ақынның өлең-жырларын ұлықтады. Оған мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері үлес қосты.  Мүшәйраға барлығы 48 ақынның өлеңдері түскен. Сонымен қатар Алматы, Астана, Семей, Өскемен, Қызылорда, Орал, Ақтау, Түркістан, Қарағанды, Павлодар сынды қалалар мен облыс аудандарынан орта және жас буын өкілдері қатысты.

Мүшәйра талабы бойынша жыр додасына қатысқан ақындар «Өзгеше өрілген ғұмыр» (Ө.Нұрғалиев тақырыбы), «Құтты мекен — Ақтөбе» және еркін тақырыпта бұрын жарияланбаған өлеңдерін жолдаған болатын. Мүшәйраның нәтижесінде  ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушанов, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Аймұхамбетова,  жазушы, публицист Мейірхан Ақдәулетұлы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев   қазылық етті.

«Өтежан өлеңдері» тақырыбындағы  бейнепоэзия эстафетасының қорытындысында филология факультетінің студенттері мен өзге қалалардан келген  ақындар өздерінің өлең жырларын оқыды. Шараға қатысқан  ақын Гүлжайнар Қалдинаның жетекшілігімен жастар «Өтежан ғұмыр» мюзиклы көрсетті.

Аталмыш шара жеңімпаздарына құрметті қонақтар Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Шара қарсаңында Жұбанов университеті ректоры Бауыржан Ердембековтің қолдауымен және университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен  Өтежан ақынға арналған «Сыймай кеттің қалыпқа» жыр жинағы жарық көрді. Сондай-ақ бұл жинаққа мүшәйраға қатысқан, іріктеуден өткен ақындардың өлеңдері, сонымен қатар республикаға танымал ақындардың  өлеңдері де енді.

Осылайша Ақтөбе облысы әкімдігі, Байғанин ауданының әкімдігі, «Ақтөбе-Медиа» ЖШС, Қазақстан Жазушылар Одғаының Ақтөбе облыстық филиалы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бірлесе ұйымдастырған қазақтың сүйікті ұлы, біртуар ақыны Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдық тойы мерейлі аяқталды.

 Сандуғаш Байғұлқызы