Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тарихты тану сабағы

Тарихты тану сабағы

Облыстың құрылуының 85 жылдығына арналып «Рухани жаңғыру: Туған жер — тұнған тарих» атауымен С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада өткен ғылыми-практикалық конференция тарихшы-ғалым Беркін Құрманбековтің артында қалған мұраларын қайтадан бір зерделеуге арналды.

Конференция тізгінін қолға алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев туған жер тарихын зерттеудегі әріптес інісі болған Беркін Құрманбековтің өнегелі істеріне тоқталып, оның ғылымдағы жетістіктерін қысқаша саралап өтті.

Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Болат Баймұқанов басты тақырып бойынша кең ауқымды баяндама жасады.

Ол тарихшы-ғалымның 20 кітап, 200-ден астам ғылыми еңбектер жазып қалдырғанын айтып, әсіресе зерттеуші ретінде Темір мен Ойыл өңіріндегі жәрмеңкелер тарихын кең тыныспен баяндағанын тілге тиек етті. Беркін Құрманбеков Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің саяси-әлеуметтік пәндер кафедрасын басқарған тұста үздік кафедра меңгерушісі деп танылып, сондай-ақ «Үздік ғылыми зерттеуші» атағына ие болуы — оның жүйелі еңбегінің жемісі іспетті еді.

— Бүгінгі күні көрнекті ғалымдар мен жазушыларымыз туған жер тақырыбына көбірек көңіл бөлуде. Мұның өзі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасымен сабақтас атқарылып жатқан шаруалар. Тарихты зерттеуші ретінде ғалым Беркін Құрманбековтің еңбектері де осы ауқымнан табылады. Оның танымдық жағынан бағалы деп саналатын зерттеулері, әсіресе аудандар тарихына қатысты мақалалары көпшілік тарапынан жоғары бағалануда, — деді ғалымның ағасы, белгілі мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков.

— Қазіргі уақытта елімізде рухани жаңғыру, санадағы сілкініс мәселесі кеңінен көтерілуде. Осы ауқымда тарихымызды тереңдетіп зерттеп-зерделеуге ұмтылыстар анық байқалады. Ал Беркін Құрманбеков ғылымға келген санаулы кезеңнің өзінде көптеген тақырыптарды көтеріп, біздің дүниетанымымызды байытып кетті. Ол облысымыздың ғана емес, жалпы Батыс Қазақстанның тарихының ақтаңдақ тұстарын толтырды. Мәселен, ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы көріністері оның еңбектерінен лайықты орын тапты. Ол сол уақыттағы интеллигенция өкілдерінің өмірлері зерттеуге де арнайы көңіл бөлді, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Есқалиев.

Осы университеттің «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Мұқтар Миров ғалым ағасын Қарауылкелдінің Майтүбек деген ауылынан білетінін, өзінің алдында жас кезінен үлгі тұтқанын атап айтып, оның ғылымдағы ізденістер ауқымының кеңдігіне, тұжырымдаларының негізділігіне арнайы тоқталды.

«Әлия-Мәншүк» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес Қобда ауданында бірге қызметтес болған жылдарынан сыр шертті. «Беркін Қазақ Мемлекеттік университетін бітіріп келген соң зайыбы Сәуле екеуі еңбек жолын мұғалімдіктен бастады. Кейін партия-кеңес қызметтерінде шыңдалған ініміз ауданның алдыңғы қатарлы азаматтарының біріне айналды. Осылайша үлкен өмір мектебінен өткен соң ғана ғылымға келді. Ғылымдағы жетістіктерін бүгінде халық жақсы біледі» — деді ол.

Ал прокуратура қызметінің ардагері Шындәулет Алдияров Беркін Жолмырзаұлының өнегелі өсу, қалыптасу жолдарына тоқталды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов өзінің ұстазы болған ғалымның тәлім-тағылымы ұмытылмайтындығын еске алды.

Облыстық мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері Сағыныш Төремұратова ғалымның мұрағаттық материалдармен жұмыс істеудегі өзіндік іс-тәжірибесін кейінгі буын — жастарға үлгі етіп, әңгімесін нақты деректермен әдіптеді.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Есбол Мұқанбетқалиев ғылыми ізденістер жасаудағы әріптес аға үлгісін алға тартса, осы шара өткізіліп жатқан кітапхана директоры Несібелі Жұмағұл ғалымның көзі тірісінде бірқатар еңбектерінің тұсаукесерін өткізудегі ынтымақтастықтарына тоқталды.

Ел қорғаған Алтай батыр Ебескіұлы, қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаев, заңгер-депутат Ахмет Бірімжанов, Дума депутаты Алпысбай Қалменов, нұрлы жүзді Нұрпейіс Байғанин, Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаев… Міне, ғалым Беркін Құрманбеков ғылыми зерделеуден өткізіп, қалың жұртшылық санасында қайтадан жаңғыртқан асыл бейнелерді осылай жаңғырта беруге болады.

Иә, ғалымның хаты өшпейді деген сөздің айқындығына тағы да көз жеткізгендей болдық. Тарихшы-ғалым Беркін Құрманбековтің мұралары енді көпшіліктің игілігіне айналмақшы.

Ал асыл ағаның перзенттері Айгүл, Ләйлә, Марина, Мәншүк, Дария бүгінде әкелерінің қаламынан шыққан әр дүниені ұқыптап ұстап, тиісті орындарға тапсырудың қамын жасауда.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ

Ақтөбе газеті