Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Түркиялық ғалым Орхон Сөйлемез тарихшы-студенттермен кездесті

Түркиялық ғалым Орхон Сөйлемез тарихшы-студенттермен кездесті

         Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Рухани жаңғыру» Ақтөбе облыстық Жобалық кеңсесімен біргелікте тарих факультетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша филология мамандықтары студенттеріне түркология мәселелері бойынша дәріс оқып жүрген Түркия мемлекеті Кастамону университетінің профессоры Орхон бей Сөйлемезбен студенттерді кездестіру ұйымдастырды.

Түркиялық ғалымның көп жылдары Қазақстанда ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ халқының ұлттық бірегейлігі тақырыбында диссертация қорғаған болатын. Түбі бір түркі әлемінің өткені мен бүгіні, ұлт зиялыларының ХХ ғасырдағы ұлт бірлігі туралы ойлары мен қазіргі ұлттық сана мен ұлттық салт-дәстүрлер, бүгінгі қоғам мәселелері туралы қызықты ой-пікірлер ортаға салынды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бүкіл түркі әлемі үшін маңызы атап көрсетілді.

Студенттер ғалымнан бүгінгі қазақ қоғамының қандай мәселелері қызықтыратынын сұрап, латын әліпбийіне көзқарасын білді. Шарада философия ғылымдарының кандидаты, доцент Ү.Сарсембин қазақ философиясының тәрбиелік жақтарына тоқталды. «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесінің үйлестірушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Д.Абенов ұлттық бірегейлікті сақтаудағы ұрпақ тәрбиесіне, әсіресе студент-жастарға тағылымына байланысты ұтымды пікірлерін ортаға салды.

Сөз соңында факультет деканы, доцент Г.Купенова қонаққа рахметін жеткізді.

Д.Абенов

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсе үйлестірушісі