Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тіл – ұлттық намыс немесе қазаққа орыс тілін қазақ тілінен артық білу қауіпті

Тіл – ұлттық намыс немесе қазаққа орыс тілін қазақ тілінен артық білу қауіпті

Мемлекет тілді ғылыми әдебиетте ресми тіл деп те атайды. Қазақстанда Конституцияның 7-бабының 2-тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөздерді қате түсініп, мемлекеттік қызметшілер, тіпті Парламент депутаттары орыс тілін ресми тіл деп өрескел қатеге барады. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің тұтас аумағында, болмаса белгілі бір аймағында заңдық мәртебесі мемлекеттегі басқа тілдерден ең жоғары бекілген тіл. Мемлекеттік тіл, ең алдымен, осы мемлекеттің Конституциясының тілі, сондықтан Конституциясы жоқ елдің мемлекеттік тілі де жоқ. Мемлекеттік (ресми) тіл – көп жағдайда осы мемлекеттің сан жағынан басым байырғы ұлттық тілі. Сондықтан да барлық ресми маңызды құжаттар мемлекеттік тілде дайындалады, сол себепті де әлемде мемлекеттік тілді ресми тіл дейді. Қажет болған жағдайда ресми құжаттар ( заңдар, т.б.) басқа тілдерге аударылады.

Амангелді АЙТАЛЫ

философия ғылымының докторы, профессор

Мемлекеттік тілдің ресми түрде заңға сәйкес балаларға білім беруге құқы бар шағын этникалық топтардың тілдерінен де үлкен айырмашылығы зор. Мысалы, Қазақстандағы орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдері – ана тілінде білім беретін ғана тілдер. Әлемде 100-ден астам елдің мемлекеттік тілі бар және ол жалғыз ғана тіл. Бірқатар елдерде бірнеше тіл мемлекеттік тіл болып есептеледі. Мысалы, Беларусьте орыс тілі үстем тіл болғандықтан, орыс тілі мен беларусь тілдері – мемлекеттік тілдер. Ал Иран, Италия, Испания, Ресейде барлық елге ортақ мемлекеттік тіл бар, сонымен бірге автономиялық республикалар мен аймақтардың да мемлекеттік тілдері бар. Мысалы, Татарстанда татар тілі де – мемлекеттік тіл. АҚШ-та ортақ мемлекеттік тіл жоқ, бірақ әр штатта мемлекеттік тіл – америкалық тіл (ағылшын), сондықтан ол тіл мемлекеттік тіл қыз­ме­тін атқарады. Енді бірқатар мемлекеттерде арнайы заңды мемлекеттік тіл болмаса да, мысалы, Швеция, Люксембург, Эритреяда бір негізгі тіл қызмет атқарады, өмірдің өзі сол басым тілді пайдалануға икемдейді. Ол елдерде басқа тілдерде жарияланатын ресми құжаттардың тізімі бекітілген.

Кейбір африкалық елдерде, Филиппинде бұрынғы отарлаушы елдің тілдері мемлекеттік болып сақталған және білім беру де сол тілдерде жүргізіледі, ол – ағылшын немесе француз тілдері. Біздің солтүстік көрші ағайындар осы үлгіні күні бүгінге дейін аңсайды. Ал африкалық елдерде тұратындар – негізінен ұсақ этникалық топтар, бір тілді мемлекеттік тіл деп жарияласа, этникалық жанжалдар туатындықтан да барлығы білетін, барлығына ортақ отарлаушылардың тілін сақтаған.
Ирландияда елдің үштен бірін құ­райтын ирландықтардың тілі ұлттық тіл және мемлекеттік тіл деп жа­рия­ланған. Ал елдің басым хал­қы­ның пайдаланатын ағылшын тілі екінші мемлекеттік тіл деп бекітілген. Ирлан­дықтар ана тілдері үшін бел шешіп күресуде. Мемлекеттік тілді сыйлаудың үлгісін француздар көр­сетіп келеді. Еуропалық Одақ­тың парламентаралық сессиясында Одақ­тың Орталық Банкісінің бас­шысы француз Жак Клод Грише ағыл­шын тілінде сөйлегенде фран­цуз делегациясы залдан шығып кеткенін үлгі етіп көптеген елдерде айтылғаны белгілі. ХХІ ғасыр басында Францияның мәдениет министрі Тубон «Француз тілінің қолдануы» атты заңға бастамашы болып қолдау тапты.

Францияда тілді қорғаудың бай тарихы бар. Алғашқы тіл туралы заңдар осыдан бес ғасыр бұрын 1490 жылы қабылданған. Ең алдымен, сот француз тілінде жұмыс жасады, бұрын латынша толтырылған сот протоколдарының француз тілінде толтыруы талап етілді. Енді алғаш рет франуздар сотта ана тілінде сөйлеп, сот істері құжаттары ана тілінде жүргізілген. Тілдің орфографиялық басқа да нормалары қалыптаса бастаған, аймақтық диалектілер ығыстырылған. Бірақ тіл төңірегінде дау-жанжалдар да болмай қалған жоқ, ұсақ королдіктер, әртүрлі аймақтық тұрғындар қарсылық білдірді. 1635 жылы Францияда тіл ережелерін ұқыптылықпен дайын­дайтын Академи Франсез – Тіл Академиясының негізі қаланды. Академия тіл тазалығына, тіл мәдениетіне, тіл мамандарын таңдауға зор мән берді. Диалекті тілдерінде сөйлеуге, жазуға тыйым салынды, мектептерде диалекті тілінде сөйлейтін оқушыларды таяқпен жазалаған. Бүгін де тіл тазалығына аса назар аударылып, тілдердің ақпараттық технология, кулинария, бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылуындағы озбырлығымен күрес жүріп жатыр.
Француз тілінде сауатты сөйлеу мен жазу мәдениеттіліктің, француз азаматтығының, рухының белгісі болып табылады. Шет елдерден келетін тауарлардың этикеткасы, жарнамалар және пайдалану нұсқаулары француз тілінде болуы керек. Осы талапты орындамаған компанияларға айыппұл салынады. Сол сияқты шетелдік телекомпания, радиостанция, кинотеатр, театр мен концерт бағдарламаларының француздық мазмұны 60 пайыздан кем болмауы керек, себебі бұлар идеологиялық қызмет атқарады. Мемлекет француз тілін, мәдениетін қорғайды. Француз халқы бұл талапты қолдайды. Оларға басқа ұлт өкілдерінің француз тілінде сөйлегені ұнайды. Француздар ана тілін сүйетіні соншалықты, не туралы әңгіме болса да ойларын әсем, көркем бейнелі тілмен ауызша және жазбаша жеткізеді, көркем тіл қажеттілікке айналған. Француздар өз мәдениетін ең озық мәдениет деп құрметтеп, әлемге таратуға тырысады.
Жаhандану заманында ағылшын тілі жылдан-жылға өз үстемдігін жүргізуде. Шабуыл жан-жақты сипат алып ұлттық тілдерге қауіп туғызуда. Француз тіліне де өз тазалығын сақтау оңай болмай тұр. Тіл саясаты үшін оларды «шовинист, басқа тілдерді сыйлай алмайды» деп кінәлауда. Француздар үшін француз рухын биік ұстау – аман қалудың амалы. Бірақ француздар өздерін қапаста ұстап отырған жоқ: ғылым, білім, технология саласында жаңалықтарды енгізуде. Өз тілдік намысын қорғау үшін ғылым мен білім саласын қаржыландыруда, жаңа жобалар енгізуде, аэробус пен жүйрік пойыздар жүргізуде. Мектепте француз тіліне, оның грамматикасына, оқушының ой-пікірін француз тілінде сауатты жаза алуына аса зор мән береді. Француз тілінде сауатты шығарма жазу – университетке түсудің басты шарты. Француз тілінің дипломаттар тілі болуына бес ғасыр бойы айрықша назар аударылып келеді. Қай елде де мемлекеттік тілдің мәртебесі ұлттық тілден жоғары. Ұлтына қара­мастан мемлекеттік тілді меңгеруді Конс­титуция барлық азамматтарға міндеттейді.

Тілдік оппозиция

Мемлекеттік тіл жалпы мем­лекеттік саясатқа, ҚР Конституциясына негізделінеді. Теория және практика жүзінде де қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде басымдық берілді. «Тілдер туралы» Заңмен, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тілді қолдау жүзеге асырылып келеді.
Қазақ тілінің тәуелсіздік жылдарында білім, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, экономика, ғылым, саясат, қорғаныс салаларында өрісі кеңейді.
Дегенмен, елімізде мемлекеттік тіл өте қайшылықты ортада өмір сүруде. Этнолингвистика ілімі тілдік оппозиция немесе тілдік бәсекелестік деген мәселеге мән береді. Қазақ тілі мәртебесінің өсуі тілдік оппозиция­ны күшейтті. Біріншіден, ол оппозиция тек орыс тілінде сөйлейтін, жазатын, ойлайтындар мен негізінен екі тілде сөйлейтін, жазатын, ойлайтындар арасында. Әлі де орыс тілінің артықшылығын сақтағысы келетін ниет, психология, қазақы құндылықтарға, әсіресе қазақ тілі мен мәдениетін іштей менсінбеушілік, тәккаппар­лық, «ұлылық» дерті басым. Бұл бәсекелестіктің салдары шиеле­ністерге де апаруы мүмкін. Екінші­ден, бұл қайшылық тек орыстілді қазақтар мен қостілді қазақтар арасында көрініс алады. Тілдік нигилизм, ана тілін менсінбейтін, ұлттық құндылықтарды мойындамай­тындар мен ұлттық патриот­тар арасында көрініс алып отыр.
Үшіншіден, қазақтар арасында қоспа, былық, қойыртпақ, орыс-қазақ сөздерін араластырып сөйлеу кең етек алды. Бұл қарапайым адамдар түгіл, интеллигенция, ақын, жазушылар, ғалымдар арасында да белең алып барады. Сауатты, әдеби тілдің үлгісін көрсететіндер күнделікті өмірде азайып бара жатыр. Украинада суржик деген құбылысты көп айтады. Суржик – бидай мен қара бидай, қара бидай мен арпа, тағы да басқа қоспаларды білдіреді. Осыдан украиндықтар орыс-украин, украин-орыс тілдік қойыртпалықты да суржик деп кеткен. Суржик – жергілікті тіл мен үстем тілдің қоспасы, қойыртпағы, негізінен отарланған елдерге тән, бара-бара адамдар қатынасының үйреншікті құралына айналып, тұрмыстық тілден әдеби тілге бәсекелес тіл болып, кейін тіпті әдеби тілді де ығыстыруы мүмкін, әлемде ондай жағдайлар кездеседі. Суржик немесе біздің бүгін етіміз үйренген шұбар тіл әдеби тілімізге оппозиция болып отырғаны анық.

Тілдер нарығы

Тілдер арасында тілдер нарығы, тілдер маркетингі деген құбылыс бар. Әр мемлекетте тілдердің өз алдына әлеуметтік топтардың мәртебесін айқындайтын ықпалына байланысты өз «бағасы», өз құндылығы бар. Тіл адамдық капитал ретінде оны меңгергендердің қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, саяси мәртебесін айқындайды, сондықтан ол тілге сұраныс та жоғары. Негізі­нен ол қызметті мемлекеттік тіл атқарады.
Бүгін қазақ тілі алуан түрлі бәсе­келестікке түсіп отыр: эконо­микалық салада, интеллек­туал­дық, ғылыми, мемлекеттік қызмет, мәдениет, өнер, БАҚ, құқық, ден­сау­лық, отбасы, дін, әскери қызмет, сыртқы саясатта бәсекелестік күшеюде. Бүгін тіл мәселесін тек заңмен реттей алмайтындығымызға көзіміз жетті. Мысалы, отбасы, күнделікті тұрмыстық қатынастарды, базар, сауда, көлік, денсаулық, басқа да салаларды қазақ тіліне заңмен икемдеп, жөнге салу қиын. Ол мәдениет, ұлттық намысқа, тәрбиеге байланысты.
Әлемдік тәжірибеде сан жағынан басым ұлттың тілі қолданыста басым тіл болатыны белгілі, оны мамандар үстем тіл, басым тіл (доминантный язык) дейді. Қазақстандағы жағдай өзгеше, сан жағынан аз халықтың, орыс диаспорасының тілі басым, үстем тіл (доминирующий язык) болып отыр. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі әлі толыққанды, жан-жақты, қоғамның барлық салаларында қолданысқа ие бола алмай отыр. Бірқатар авторлар бұл жағдайды мемлекеттік тіл саясатының сәтсіздікке, дағдарысқа ұшырауы деп бағалайды. «Миллиардтаған қаржы босқа жұмсалды, ол қаржыны тиімді жұмсаса, Қазақстан қоғамын тұтастай қазақша сөйлетуге болар еді» дейтін пікірлер айтылуда.
Көптеген сарапшылар мемлекет­тік тіл қолданысының тарлығын оқулықтардан, оқу әдістемесінің жетілмегендігінен көреді. Ол сын орынды да шығар. Бірақ ешқандай мемлекетте барлық елдің көңілінен шығатын оқулық та, оқу әдістемесі де жоқ. Мысалы, Ресей сарапшылары, ғалымдарының орыс тілін оқыту деңгейіне көңілі толмайды, бірақ олар тілді меңгеруіне емес, орыс тілді білмейтін ресейлік жоқ, тіл мәдениетіне назар аударады.

Біз Ресейдің ақпараттық отарлығындамыз

Отарлаушы ұлт қай елде де жартылай Құдай, өз айтқандарын істетеді, өз мәдениетін, тілін, дінін таңады. Отарланған ұлт өкілдері отаршылардың айтқанын екі етпейді, тілін, мәдениетін қабылдайды. Тіпті өзінің тілін, мәдениетін кемсітумен, төмен санаумен, менсінбеумен келіседі, тек аз ғана топ қарсылық білдіреді, кейбіреулерінің жүйкесі тозады, өз құндылықтарынан да айырылып қалмауды ойлайды.
Ал отарлаушы ұлт өкілдері отар­лан­ған ұлтқа бейімделмейді, оларда астамшылық сана қалыптасады. «Біз» деп өздерін белгілі бір дистанцияда ұстай­ды, «оларға» менсінбей, мүсіркеп қарайды, «олардың» тілі, мәдениеті, дәстүрінен оқшауланып тұрады, олармен рухани араласуға мүдделі емес. Осылай отарланған елдерде шовинистік, авторитарлық пен меншілдік тұлға қалыптасады.
Нарциссизм, өзін-өзі сүю, жоғары бағалауға үйренген отарлаушы ұлттың өкілдері отарланған ұлттың тарихына да астамшылықпен қарай береді. Олардың тарихын кемшін, төмен санау тұрғысынан бағалап, отарлауды мәдениет, өркениетке қол жеткізу деп есептейді, отарлауды отарлаушы генералдардың, шенеуніктердің, миссионерлердің, ғалымдардың ерлігі деп қабылдап, отарланған халықтың ұрпақтарын соған сендіреді. Сол рухта тәрбиелейді. Тіпті тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де отарлау­шы ұлттың тілі мәдениетінсіз тұйыққа тірелетіндей, өз күштері мен мүмкіндіктеріне сенбестік туғызатын психологиялық ахуал қалыптастырады, әлі де өз ықпалында ұстауға тырысады, енді оларды «өз еркімен» отарлануға итермелейді. Батыс зерттеушілері африкалықтарды «ақ нәсілдердің рухани түрмесінде мәңгілік қамалған» деп суреттейді. Еркіндікке қол жеткізу үшін тәуелділіктен арылу ұзақ тарихи мерзімді қамтиды.
Біздің діліміздегі немқұрайды­лық, самарқаулық, немкеттіліктің тарихи тамырлары терең. Өткен тарихтың бүгінгі ауыр салдарынан әлі де жалғасып жатқанынан, ұлт сая­сатына, тілдік ахуалға жағымсыз ықпал ететіндігінен, мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілетті болуына елімізде әлеуметтік-психологиялық орта қалыптаса алмады. Сондықтан да бәсекеге қабілетті қазақтілді ақпараттық кеңістік қалыптаспады: ол телеарналарда, радиода, газет пен журналдардан көрініп тұр. Біз Ресейдің ақпараттық отарлығында қалып отырмыз деуіміз осыдан. Бұл қасіреттің басты себебінің бірі – қазақтардың орыс­тануында. Орыс тілін Қазақ тілінен артық білу қазаққа қауіпті екенін енді-енді түсініп келеміз.

Тіл – ұлттық намыс

Билік басындағылардың ана тілінде сөйлеуі төңірегіндегі психологиялық ахуал бөлек мәселе. «Мүмкін, жұрт «Біздің Президентіміз неге қазақша сайрамайды, ылғи да біраз сөйлеп келіп, орысшаға ауысып кетеді» деп ойлайтын шығар. Мен мұның бәрін білемін» деді Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлытаудағы жүздесуде. «Халық – қазы, пікір – таразы» деген, Елбасының қазақ тілінде сөйлеген сөзін, пікірін халық сүйсініп тыңдайды, ойға түйеді, сөйлей берсе екен, басқа қазақ шенеуніктері үлгі алсын дейді, себебі тіл – ұлттық намыс.
Бірқатар қазақ депутаттары, министрлер мен әкімдерге де халықтың айтатын сыны баршылық. Сарапшылар арнаулы баяндамалар неше минут қазақ тілінде сөз сөйленді, ол барлық уақыттың қанша пайызын құрайды, баяндамаларда неше сөз айтылды, оның қаншасы қазақ сөздері деп талдау жасайды. Сонда олар қазақ тілінде сөйлеген сөздің уақытымен, қазақ тілінде айтылған сөздердің үлесімен қазақ тіліне деген құрметтің өлшемін айқындауға тырысады. Сарапшылармен келісуге де, келіспеуге де болар, бірақ қазақ халқының аса ынтамен назар аударатыны, кейде қызу талқылап жататыны белгілі. Ал мемлекеттік тілдің үлкен мінберлерде қолданылуы әртүрлі этностық топтар арасында әр қилы ой да туғызады. Баяндамалардың орыс тілінде оқылатындығын келелі мәселелерді талдауға қазақ тілінің мүмкіндігінің шектеулі, сөздік қорының тапшылығынан деп ойлайтындар көп. Сондай-ақ мемлекеттік тілде қазақ азаматтарының басым көпшілігінің тілді меңгермеуі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола алмай отыр.

Кадр таңдау

Дегенмен, жұмысқа қабылдан­ғанда, лауазымды қызметке тағайын­далғанда, ең алдымен қазақтарға міндетті болмағандығы бірқатар ата-аналар мен жастар арасында қазақ тілін білудің қажеттігі туралы әртүрлі ой туғызып отыр. Баласының ертеңін ойлайтын қазақ отбасылары бүгін үлкен ойлау, таңдау үстінде: қазақ ұлты өкілі ретінде баласының ана тілін меңгергенін, ал мемлекеттік тілге сұраныстың төмендігін ойласа, орыс мектебінде оқығанын, ағылшын тілін білгенін қалайды. Сондықтан, қазақ балалары орыс мектебінде оқып жатыр. Қызметке тағайындағанда «тілдік фактордан гөрі іскерлікке артықшылық беру жөн» деген уәж алға тартылады. Осылай мемлекеттік тілді меңгеруді тұлғаның іскерлік қабілетіне қарсы қоятын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл қалалық ортада байқалады. Шындығында, бүгін мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында, сот жүйесінде, денсаулық сақтау, басқа да салаларда қазақпен қазақша, орыспен орысша сөйлесетін, екі тілде жаза алатын мамандарға сұраныс басым. Кадрларды іріктеу барысында ол сұраныс ескеріле бермейді. Қазақ тілі қоғамдық сұраныссыз бірте-бірте өзінен-өзі мемлекеттік мәртебеге ие болады деу де – қате пікір. Ал ол сұранысты ұлттық намыс қамшыласа, қазақ тілі өз тұғы­рына мінеді.
Демографиялық жағдай еліміздегі славян текті диаспоралардың, соның ішінде орыстардың қартайып бара жатқанын көрсетеді. Мысалы, 40-49 жастағылар қазақ арасында 13,4 пайызды құраса, орыстарда – 13,7 пайыз, ал 50-59 жас арасында сәйкесінше 5,4 және 8,0 пайыз, 60-69 жас елімізде 3,7 және 8,2 пайыз, 70-тен асқандар 2,6 және 9,1 пайыз. Сондықтан да елімізде орыстар 1989 жылы 37,6 пайыз, 1999 жылы – 29,9 пайыз, 2009 жылы – 23,7 пайызды құрады. Жылына 40 мыңға жуық жастар тарихи Отанына көшеді, сондықтан солтүстік облыстарда туғандардан гөрі дүние салғандардың саны басым. Бұл – табиғи үрдіс. Күні ертең қазақ өз елінде 70-80 пайызды құрап, бірақ қазақ тіліне сұраныс болмаса, жағдай шиеленісіп кетпесіне кепілдік беру қиын. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне әсер етеді. Ең қатерлі жағдай шыдамды, көнбіс халықтың көтерілісі екенін тарих дәлелдеді…

Мемлекеттік тілге бірте-бірте көшу

Қазақстанда қостілділіктің деңгейлері көп: жеке тұлғаның екі тілді білуі; аймақтық тұрғындардың екі тілді меңгеруі; ұлттың екі тілді меңгеруі (мысалы, қазақтардың басым көпшілігі, екі тілді); бұқараның қостілділігі. Қазақстандықтардың бұқаралық қостілділік орыс-қазақ, қазақ-орыс тілін меңгеруі ұзақ тарихи кезең алады. Сондықтан бүгін қостілді мамандарға ұлтына қарамай жол ашатын уақыт келген сияқты. Сондай-ақ кейбір аймақтарды да (Атырау, Қызылорда, тағы басқа да облыстар) мемлекеттік тілге аударып, аудармашылардың көмегіне жүгінбей-ақ жұмыс жасайтын мүмкіндік бар. Бұл аймақтарда қазақ тілінде жазатын, ойлайтын мамандарды қай салаға да іріктеп алуға болады. Басқа ұлт өкілдерін де жұмысқа тарту жөн, бірақ оларға мемлекеттік тілді меңгеруге қатаң талап қою міндетті емес. Қазақ тілді орта оларды тіл білуге бірте-бірте икемдейді. Ең бастысы – қазақтың қазақ тілін меңгеруі.

Ұлттық рух

Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы қазақ ұлтының психологиясы, тарихи сана­­сында жатыр. Ұлы ақын А.Пушкиннің орыстық астамшылығы да зор болған. Қапқазды зар еңіреткен генерал Ермоловты қолдап: «Смирись, Кавказ: идет князь Ермолов» деген.
Тек князь П.Вяземский шын көңілінен ұлы ақын болса да, Пушкинді сынаған: «Что тут хорошего? Что он, как черная зараза, губил, уничтожил племена? От такой славы кровь стынет в жилах и волосы дыбом становятся. Если бы мы просвещали племена, то был бы, что воспеть. Поэзия – не союзница палачей…»
Поэзия ғана емес, тарих ғылымы да қанішерлермен бірлеспеуі керек еді. 2007 жылы Ұзынағаш түбінде «басқыншы Қоқан хандығының әскерін талқандағанына 140 жыл толуын атап, «кемеңгер» Колпаковскийге ескерткіш орнатты. Оған Ресейден, алыс шетелдерден казактар мен славян бірлестіктерінің өкілдері қатысты. «Айтпайын десем, ақым кетіп барады, айтсам ағайынның көңілі қалады» дегендей, айтпауға болмайтын жағдайлар да бар. Өкініштісі, «тойдың» ортасында белгілі ел азаматтары, мәжіліс депутаттары жүрді. Кезінде Ілияс Жансүгіров Колпаковскийдің қалай да Жетісуды орысқа шегелеп ұстауға мықтап күш салғанын айтқан. Кейін Түркістанның генерал-губерна­торы Фон Кауфман «Ұзынағаш соғы­сындағы жеңісіміз біздің, орыстың бүтін Орта Азияны жаулағандағы жеңісіміздің анасы болды» деді. Отаршылдарға ескерткіш қойған тек қазақтар ғана. Бұл – қазақ рухын сындыру.
Сондай-ақ оған шын тілін үйретудің өз қисындары бар. Біріншіден, оқушы ана тілін толық меңгергенде ғана екінші тілді оқытуға болады. Екіншіден, оқу бағдарламасында ана тілінің басым, негізгі тіл болып қалуын мықтап қадағалауды көздейді. Ана тілі мен екінші тілден тура аударма салыстырып оқытылғанда оқушы өз ана тілін де терең меңгеруге мүмкіндік алады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Біз ағылшын тілін қазақ тілі емес, орыс тілі арқылы үйретіп, тағы да ұлттық рухымызды әлсіретіп отырмыз. Қазақ – сырттан келген қауіпке қарсы тұру, қолайсыз, жайсыз, әлеуметтік-психологиялық жағдайда іштей күш жинап, өзін сақтау қабілеті басым ұлт. Ғасырлар бойы қалыптасқан бұл қасиет орыстану саясатынан да аман алып шықты, социализм қазанында қайнап, басқаға сіңіп кетпеді, тілін, мәдениетін негізінен сақтап қалды, сондықтан бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда болашаққа зор сеніммен қарауға негіз бар. Ал қазақ ұлты ана тілін толық меңгергенде ғана мемлекеттік тіл мемлекет азаматтарының басын біріктіреді.
Орыстанған қойыртпақ, негізінен орыс тілі кириллица жазуы басым қоғамда да латынға көшуге аса ынта жоқ. Сондықтан бүгін ойланар мәсе­лелер баршылық. Желпініп ла­тынға көшсек, барлық мәселе шешіледі деп даурықпай, дайындық жұмысына ыждағаттықпен қараған жөн.

http://anatili.kazgazeta.kz/?p=50157