Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Онлайн-конференцияда дизайнерлік жұмыстардың технологиясы мен әдістері туралы сөз болды

Онлайн-конференцияда дизайнерлік жұмыстардың технологиясы мен әдістері туралы сөз болды

Жұбанов университетінің «Дизайн» кафедрасы мен Орынбор мемлекеттік университетінің оқытушылары онлайн конференция барысында дизайнерлік жұмыстардың технологиясы мен әдістеріне қатысты мәселелерді талқылады. Екі елдің әріптестері арасындағы мұндай интерактивті кездесу халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында осымен екінші рет өткізіліп отыр.

Онлайн-конференцияның спикерлерінің бірі Жұбанов университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров өз сөзінде екі оқу орнының арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда мұндай шаралардың маңызды екенін атап кетті. Сондай-ақ конференция барысында Орынбор мемлекеттік университетінің «Дизайн» кафедрасының меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Ольга Чепурова, Жұбанов университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Әділ Сағымбаев баяндама жасады. Халықаралық конференцияның модераторы болған өнертану ғылымдарының магистрі Рита Каушева белгілі суретші, Жұбанов университетінің профессоры, мәдениеттану ғылымдарының кандидаты Мәрзия Жақсығаринаға сөз кезегін берді. Конференцияға қатысушылар Марзия Жақсығаринаның «Әлемдік мәдениет контекстіндегі экслибрис» тақырыбына жасаған мағыналы баяндамасын үлкен қызығушылықпен тыңдады.

Конференция жұмысы келесі тақырыптар бойынша секциялық отырыстарда жалғасын тапты:

1. Заманауи кезеңдегі дизайн-жобалаудың технологиялары мен әдістері;

2. Заманауи білім берудің педагогикалық технологиялары;

3. Оқытушылар мен болашақ шығармашылық мамандықтар мұғалімдерінің инновациялық қызметі және кәсіптік шеберлігі.

Аударған А.Кунарова