Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Профессор Жұбанов танымындағы латын жазуы мен емлесі

Профессор Жұбанов танымындағы латын жазуы мен емлесі

Қазіргі жылдам өзгеретін құбылмалы заманда экономиканың ғана емес, ұлттың рухани тұрғыдан өркендеп-дамуына да ерекше назар аударудың маңызы зор.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы баршаның қолдауына ие болып отыр.

Елбасы ұлттық рухтың әр уақытта алда тұруы керектігін нақты көрсете отырып, латын қарпіне біртіндеп көшудің уақыты келгендігін ескертеді.

Латын қарпіне көшу, емлесіне назар аудару ХХ ғасырдың алғашқы жартысында да өзекті мәселе болғаны белгілі. 1920-30 жылдары емле мәселесі — қазақ тіл біліміндегі ең көкейтесті проблеманың бірі еді. Сол кезеңдегі қазақтың көзі ашық, оқыған зиялы қауым өкілдері емле туралы өздерінің ойларын әртүрлі деңгейде білдіріп жатты. Сол бір шоқ білімпаздар арасынан Қ.Жұбанов есімі Шолпан жұлдызындай жарқырап, дара көрінген-ді. Н.Уәлиевтің айтуынша: «Профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов қазақ жазуы мен орфографиясы бойынша аса ірі фонетист ғалым ретінде де, халық ағарту саласындағы қоғам қайраткері ретінде де іргелі зерттеулер жазып, практикалық маңызды жұмыстар атқарған ғалым еді».

Оның емле туралы алғашқы мақаласы, қолда бар дерек бойынша, 1925 жылы 6 ақпанда «Тілші» газетінің 156-номерінде «Қазақ емлесі жөнінде» деген тақырыппен жарияланған. Осы тұста Қ.Жұбанов Темір уездік халық ағарту бөлімінде инспектор болып қызмет атқарған. Ол уақыттағы халық ағарту саласындағы инспектор жай ғана кеңсе қызметкері емес, осы істің әрі ұйымдастырушысы, әрі практик-маманы, әрі білім-ғылымға баулитын ұстазы болатын. Бұл мақаласында ғалым қазақ орфографиясының бірқатар мәселелеріне тоқталған.

Қызылорда қаласындағы «Ғылыми орфографиялық конференция» деген атпен шақырылған алғашқы мәжілісте Қ.Жұбанов 1928 жылы Ақтөбе округі мұғалімдерінің атынан делегат болып қатысып, латын әліппесін шұғыл тұрмыс қажетіне жарату жайында сөз сөйлейді. Қазақстан жаңа әліппешілерінің тұңғыш конференциясында ғалымның сөйлеген сөзінің стенограммасынан алынған қысқаша үзіндісін біз осы мақалаға енгізуді жөн көрдік: «Рас, біз жаңа әліпби жөнінде кенже қалдық. Бірақ осы аз уақыт ішінде көп олжа да таптық, соның бірі, жаңа әліпби жағына көпшілік бұқара ауып отыр; екінші, үкімет те осы күні жаңа әліпбиге ден қойып отыр. Істі енді жеделдету керек. Жаңа әліпбиді үкімет қарауына тартып бекіттіруге әбден уақыт жетті. Солай дегеннен кейін, міне, осыны істеу керек. Онан соң, жаңа әліпбиге ақтық көшуді екі жарым жылға созудың да керегі жоқ. Бұл мерзімді қысқарту керек. Біздің қазіргі дәуіріміз немістегі әліпбиді қабылдау дәуіріндей. Қимылды, міне, сол немістердегідей қылып жүргізу керек. Комитет біткен елге ұранын жүргізе алған жоқ. Қазірде де сол қалыпта отыр, елде әліпбиді қуаттау қозғалысы — тыңнан, өз-өзінен тесіп шыққан қозғалыс. Жаз күні ел аралағанда жаңа Әліпбиді оқымаған мектеп ұшырата алмадық; соның бәрі де, ешкімнің нұсқауынсыз-ақ, өз тұстарынан кіріскен көрінеді, ел біткен, елдің қазақтары «теріс жазуыңды көрсетсең екен» деп отырғаны… Рас, көпшілік жаңа әліпби жағына ауды. Мұны жоғарыда да айттық. Алайда, енді елде жаңа әліпбиге қарсылық бітті деуге болмайды, қарсылық біткен жоқ. Бірер жылда біте де қоймайды. Әліпбиге, әсіресе, молда біткен қарсы. Бұлар осы күні тәсілқой болып алған. Қарсылығын білдірмей, астыртын отырып жүргізеді. Міне, бұларға қарсы күресті мықтап ашу керек. Онан соң, алдын ала болса да, бір айта кететінім — әліпбиді бірлестіруде әзірбайжан ықпалы зор көрінеді. Бұл аса қолайлы көрініс емес. Мәселені пәнге сүйеніп шешу керек. Оның үстіне «дыбыс-дібіс» деп, дыбыс басы бір таңба ала берем деу де қате. Кавказ дыбыс жүйесіне қарай жасалған 72 әріпті әліпбиді білетін шығарсыңдар, соның артын құшақтап қалуымыз кәдік емес?!».

Бұдан біз: «Қ.Жұбанов латын жазуын жақтаушылардың алдыңғы шебінде болған» деген қорытындыға келеміз.

Келесі 1929 жылы осы конференцияның екінші мәжілісінде ол Ленинградтағы Шығыстың тірі тілдер институты тарапынан өкіл болып қатысады. Қызылордаға К.К.Юдахинмен бірге келеді. Жыл бойы конференцияда не жайында сөйлейтіндіктері туралы келіседі. Жарыссөз кезінде ол К.К.Юдахиннің орысша даярлаған сөзін қазақша стенограммаға аударып береді.

Аталған бас қосудағы сөзінде профессор Қ.Жұбанов: «Емле негізіне қожа сол тілдің жаратылыс заңы болуы керек; тіліміздің жаратылысына қарасақ, емлеміз дыбыс негізді болу керек», — деп тұжырым жасаған.

Бұл жолғы Қ.Жұбановтың сөзі тұжырып айтқанда, «емле бұқарашыл болсын» деген тезиске құрылады, яғни сауатсыздықты жою, бүкіл халқымызды тез  арада хат таныту үшін қабылданып отырған латын әліппесі сындарлы емле-ережелерге негізделуге тиіс екендігін баса айтады.

Әрине, арабистер мен латинистердің тайталасы кезінде Қ.Жұбанов тек конференцияда сөйлеген сөздерімен шектеліп қалған жоқ, ол 1929 жылдың желтоқсанында «Еңбекші қазақ» газетінде «Бас әріп керек пе?» деген көлемді мақала да жариялады. Мұнда болашақ ғалым әртүрлі емлелерде бас әріпті қолданудың түрі әр басқа болатынын, латын әліппесімен жазатын немістер барлық зат есімдерді бас әріппен бастайтынын ескертеді. Орыс жазуында сөйлем басындағы алғашқы сөз және сөйлем ішіндегі жалқы есімдер бас әріппен жазылатындығын баяндай келіп, араб емлесінде бас әріптің жоғын, жеке сөздер де, жаңа сөйлемдер де кіші әріппен жазыла беретіндігін сөз етеді. Мақаладағы пікірлер негізінен 1930 жылы қабылданатын латын жазуының емле-ережелерін алдын-ала ойластыруды көздейді. Автор мұнда публицистикалық өткір тілмен бірсыпыра ғылыми шолулар жасап, көпшілік қауымды жазу мәдениетінің мән-жайымен таныстырады.

1935 жылы 20 мамырда шақырылған мәдениет құрылыс қызметкерлерінің Бүкілқазақстандық съезінде қазақ тілі жайындағы мәселе көтеріліп, онда орфография, терминология проблемалары кеңінен қарастырылады. Осы аталған мәжілісті дайындайтын Академиялық кеңестің төрағасы болып Қ.Жұбанов бекітілген-ді. Съезд қарсаңында «Мемлекеттік терминология комиссиясы Бюллетеньдерінің» №1 санында Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің емлесі мен әліппесіне кіргізілетін өзгерістердің жобасы» жарық көрді. Мұнда «Кейбір дауысты дыбыстарды қос әріппен жазу жойылсын. «ұу», «үу» дыбыстары «у» әрпімен жазылатын болсын», — деп, сөздердің бұрынғы жазылуы қалай, енді қалай жазылу керектігін көрсетеді, мысалы: сұу — су; оқыйды — оқиды; кесүу — кесу, т.б.

Қ. Жұбановтың жазу теориясына негізделген бұл жобасы қазақ орфографиясында бірте-бірте орнығып, 1957 жылғы Ережеде біржола заңдастырылды. Жобаның 20 жылдан кейін заңдастырылуының өзі профессор Жұбанов идеясының өміршеңдігін танытады.

Профессор Қ.Жұбанов ұсынған осы жобаны белгілі түрколог С.Е.Малов: «Проект профессора Х.К. Жубанова чрезвычайно научный, принципиально выдержанный», — деп бағалаған болатын.

Мемлекеттік терминком «Бюллетенінің» № 4 санында ғалым емле жасау жайындағы өзінің түбегейлі ойларын мына тұрғыда баяндайды: «Коммунист деген сөз қазақтың өз сөзі емес. Оның жазылуының тұрақты болмауы да содан деп дауласушылар да болар, ондайлар да бар. Бірақ ол сөз — орыстікі де, қазақтікі де, немістікі де емес — тіл-тілдің бәріне бірдей ортақ халықаралық сөз. Оның тегін қазып, латынша сөз деу қаншалық қисынды болса, қазақ тілінің өз сөзі деген де соншалық дұрыс болады… Дұрыс жазу деген қазақтың өз сөздерінің — таза «қазақша» сөздерінің ғана сыбағасы болып, емле сонымен ғана тұрып қалмауы керек. Қазақтың әдеби тілінде ұстап-тұтылатын сөздердің бәрі де дұрыс жазылып, әрқайсысының өзіне меншікті тұрақты таңбасы болуы керек те, сол тұрақты түрден айнып, басқаша жазылған жазудың бәрі де қазақтың өз сөзі делінуі керек».

Қ. Жұбанов тілдің дамуындағы емле мен терминнің маңыздылығын былай атап өтеді: «Тілдің ілгері басып дамуы үшін оның емлесі мен термин мәселесі дұрыс шешілмей болмайды. Болмайтын себебі сол өркендеп алға басқан тілдің түрлі тарауының бәрі де сол емле, терминологиямен сабақтасады да отырады. Тілдің әліппесінен бастап жоғары сатысына жеткенше төңкеріс практикасының, ілім, техниканың бар игілігін сөзбен айтып, ашып бере аларлық дәрежеге жетудің өзі де емле мен терминдерден аулақ болмақ емес».

Ғұлама ғалым Қ. Жұбанов қазақ тілінің әліппесі мен емлесі туралы өзінің пайымдауларын тек теориялық тұрғыдан ғана баяндап қоймай, оның практикалық жағын де терең ойластырған. Оның мұраларын іздестіру үстінде архив қойнауынан ғалымның 20-жылдардағы халықты сауаттандыру турасындағы қызметі жайында жаңа бір дерек табылды. Облыстық «Кедей» газетінің (қазіргі «Ақтөбе») 1928 жылғы 35, 36-сандарында Қ. Жұбановтың «Жаңа әліппе сабақтарын» жүргізгенін білдік. Бұл сабақтардың газет бетінде жариялаудың негізгі мақсаты: алда қабылданатын жаңа әліппені қалың бұқараға тез үйретіп, сауаттандыру еді.

Сол 1928 жылдың 7 қарашасындағы «Кедей» газетінде басылған мақаланың беташарын өзгеріссіз бере отырып, заманалар табының біраз сырын бағамдағандай боламыз. Қараңыз:

«Округтік жаңа әліппе комитетінде. Ақтөбе округінде жаңа әліппе комитеті өткен жылы жаз ортасында құрылса да ешбір жұмыс атқармаған екен. Осыны ескеріп округтың партия комитеті жаңа әліппе комитетінің баяндамасын тыңдап, комитет мүшелерін жаңарту керек деп тапты. Комитеттің жаңа мүшелері мыналар: Жандосұлы (бастық), Тоқмырзаұлы (хатшы), Жұбанұлы, Жәнібекұлы, Ниетәліұлы, кандидат — Үмітбайұлы. Жаңа кабинет іске кірісті. Комитетінің тығыз бітіретін жұмыстарының ішінде мыналар бар: 1.Аудандарда жаңа әліппе комитетін құру. 2. Округтік кіндікке жаңа әліппе жақтаушылардың қоғамын ашу, оның үйлерін, орындарын мектептерден ашу. 3. Мектептерге сауатсыздық жою орындарына жаңа әліппе сабағын тегіс кіргізу. 4. Үгіт, түсіндіру жұмысын молайту. 5. Ноябрьде болатын аймақтық латыншылар конференция дайындалуы тағы-тағылары…» .

Хабарлама соңына «Қ.Ж.» деп қол қойылған. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері Б. Байғалиевтің анықтамасына қарағанда, «Кедей», «Еңбекші қазақ» газеттерінде Қ.Жұбановтың мақалалары «Қ.Ж.», «Қ. Жұбанұлы», «Құдайберген» деген бүркеншік аттармен жарияланып тұрған.

Ғалым еңбектерін зерделей отырып Қ. Жұбановтың қазақ алфавиті мен орфографиясының болашағы жайлы өрелі ой тастап, батыл да байыпты пікірлер айтқандығының куәсі болдық. Құдайберген Жұбановтың орфография саласындағы еңбектері әлі де болса зерттеле түсуі тиіс.

                                  Мұхтар МИРОВ,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Ақтөбе газеті