Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейі жаңа ғимаратқа көшті

Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейі жаңа ғимаратқа көшті

Ақтөбеде облыстық тарихи өлкетану музейінің жаңа ғимараты ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тарихи құндылықтар сақталған зәулім сарайдың құны – 650 миллион теңге. Оның 200 миллионын жергілікті кәсіпкер бөлген. Қазір жаңа мәдениет ошағында «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты ел Президенті кітапханасының көшпелі көрмесі өтіп жатыр.

2015 жылы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты апатты деп танылып, біржола жабылған болатын. Содан кейін жергілікті билік 110 мыңнан астам құнды жәдігер сақталған музей қорына жаңа баспана салуға кіріскен. Құрылыс жұмыстары биыл тәмәмдалып, бүгін алғашқы экспозициялар көрермендерге паш етілді.

Бүгін көрермендердің ерекше ықыласына бөленген Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұйымдастырған көшпелі көрме болды. Мемлекет басшысының өмір жолынан жасақталған жәдігерлер Ақтөбе өңіріне бірінші рет жетіп отыр. Бұл жерде мыңға жуық тарихи құнды заттардың түпнұсқасы ұсынылған.

Күлайша Ақтаева, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары:

– Астанаға баратын біздің отандастарымыз Назарбаев орталығына барса да, ол экспозицияда бар көп материалдарды көре алмайды. Өйткені біздің қорымыз өте бай. Сол қордағы материалдарды біз арнайы шығарып, кешенді түрде отандастарымызға, әрбір өңірге көрсеткіміз келеді.  Төрт тақырыптық бөлімнен тұратын көрмеде «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» экскурсиялары жүргізіледі. Сондай ақ Семей полигонының жабылуы сияқты жаһандық мәртебесі бар мәселелерден де сыр шертеді. Өткен жылдың қараша айында жолға шыққан мәдениет керуені бұған дейін де бірнеше қалада болған.

Махмұд Қасымбеков, ҚР Президенті кеңсесінің бастығы:

– Бұл көрме бұған дейін тәуелсіздігіміздің тал бесігі болған Алматыда, одан кейін Шымкент қаласында, Атырауда болып өткен болатын. Көрмені осы үш қалада 350 мыңнан астам адам тамашалаған болатын. Облыстың мәдени және рухани өміріндегі бір үлкен елеулі оқиға болады деп сенеміз.  Қазақстан Республикасы кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбеков көрме жұмысы барысынде жергілікті жастармен де жүздесіп үлгерді. Оларды алдағы жылдың қаңтар айына дейін жалғасатын жоба аясында өтетін түрлі ғылыми-танымдық шараларға белсенді қатысуға шақырды. Астаналық мейман жергілікті жоғары оқу ордасына Ел Президенті кітапханасынан 300-ден астам кітап тарту етті.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/277772-a-t-be-oblysty-tarikhi-lketanu-muzeji-zha-a-imarat-a-k-shti