Пятница, Июль 5, 2024
Басты > Білім > Жұбанов университетінің түлектері үшін мемлекеттік қызметке бос орындар жәрмеңкесі өтті

Жұбанов университетінің түлектері үшін мемлекеттік қызметке бос орындар жәрмеңкесі өтті

Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілманов және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жәрмеңке барысында түлектерге мемлекеттік қызметтің әртүрлі саласы бойынша жүзден астам бос жұмыс орындары ұсынылды.

  • Бөлім басшысынан бастап жетекші маманға дейінгі 9 бос жұмыс орнын ұсынып отырмыз. Сәулет және қала құрылысы бөлімінде кадр тапшылығы бар. Сондай-ақ, кейбір шалғайдағы ауылдық жерлерде жергілікті мемлекеттік басқару мамандары, есепшілер мен экономистер жетіспейді. Дегенмен қазіргі түлектер аудандық жерлерге жұмысқа орналасуға қызығушылық танытып жатады. Себебі жас мамандарға көптеген жеңілдіктер қарастырылған, — дейді  Темір ауданы әкімі аппаратының кадр қызметі персоналын басқару бөлімінің басшысы Еділ Сатаев.

Жұмыс берушілер Жұбанов университетінің түлектерін қуана қабылдайтындарын айтты.

— Өткен жылы үлгерімі бойынша жоғары балмен байқаусыз негізде Жұбанов университетінің түлегі Нұрдана Қалданованы жұмысқа алдық. Нұрдана Шұбарқұдық ауылдық округінің бас маманы болып қабылданды. Жұбанов университетімен орнатқан  ынтымақтастық нәтижесінде оқу орнының көптеген түлектері Темір ауданындағы жергілікті басқарудың әртүрлі бөлімдерінде жұмыс істейді, — деп атап өтті Еділ Сатаев.

-Бүгінгі таңда қалалық мемлекеттік мектептерде 192 бос орын бар. Физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері қажет. Мұғалімдердің жетіспеушілігінің 70 пайызы орыс тілді мектептерде сезіледі. Жақын арада мектептердегі бос жұмыс орындарының тізімі enbek.kz. сайтында жарияланады. Педагогтар жұмысқа конкурстық негізде қабылданады. Жұбанов университетінің түлектерінің көпшілігі қала мектептерінде жұмыс істейді. Жоғары оқу орнымен бірге серіктестік негізінде  түрлі конференциялар мен семинарлар өткізіп келеміз, — дейді Ақтөбе қаласының білім бөлімінің бас маманы Гүлнұр Зарлықова.

Жұбанов университетінің 4 курс студенті Олжас Өтеуов бүгінгі бос орындар жәрмеңкесінде болашақ жұмысын тапқан. Ол қуанышты жаңалығымен бөлісті.

— Әйтеке би ауданы әкімі аппаратының кадрлар бөліміне бас маман болып орналасатын болдым. Мамандығым —  «Мемлекеттік жергілікті басқару». Мемлекеттік қызметте қоғамымыздың игілігі үшін жұмыс істеуді армандайтын едім. Жұбанов университетіне осындай іс-шараларды ұйымдастырғаны үшін рахмет айтамын! – дейді болашақ жас маман.

Айта кету керек, Ақтөбе облысында 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, олардың әрбір төртіншісі Жұбанов университетінің түлегі. Биыл өңірлік жоғары оқу орнын 3 мыңға жуық түлек тәмамдағалы отыр.