Пятница, Июль 5, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Таланттыларға тартымды тарту

Таланттыларға тартымды тарту

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында 2025 жылға дейін елімізде беделді ­ше­­те­л­­­д­ік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу қажеттігін, соның ішін­де техникалық бағыттағы жоғары оқу орнының екі филиалын елі­міз­дің батыс өңірінде ашу туралы тапсырма берген еді. Осыған орай Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында ұлыбританиялық Heriot-Watt универ­си­те­тінің филиалын ашу жөнінде бастама көтеріліп, тиісті келісімдер жасалды.

Бүгінде ұлыбританиялық Heriot-Watt университетінің филиалына оқу­ға қабылданған 300 студент алғашқы оқу жылын аяқтайды. Олардың 35 пайызы – ауыл мектептерінің түлектері, 45 пайыздан көбі – мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан талантты жастар. Студенттер еліміздің әр түкпірінен келіп, «Электр энергетикасы», «Мұнай инженериясы және энергоменеджмент», «Компьютерлік инже­нерия» мамандықтарында оқып жатыр. Студенттердің арасында жергілікті жас­тармен қатар Ақмола, Жетісу, Қызыл­орда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Аты­рау облыстары мен бас қалаларымыз Аста­на мен Алматыдан келгендер де бар. Осы­­­лайша, бір жыл бұрын жүзеге асыру мүм­­кіндігінің қолайы келген Мемлекет бас­­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ­идея­сы талантты жастарға тартымды тарту есе­бін­де жүзеге асырылып жатыр.

Heriot-Watt университеті – Ұлыбри­танияның ең көне әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі. Бұл универси­тет­тің түлектері жұмысқа орналасу көр­сеткіші бойынша 1-орында. Ал «Мұ­най ин­женериясы» мамандығы ел ішін­де үз­дік үштікке кірсе, әлемдік дең­гей­де 12-орында тұр. Сондай-ақ ин­нова­тор­ларды дайындау көрсеткіші бо­йын­ша 6-орында тұрғаны белгілі. Жал­пы, QS халықаралық рейтингінде әлемдегі 20 мыңнан аса университеттің ішінде 235-орынға тұрақтаған. Шетелдік серік­тестікті бағамдауда жоғарыда айтыл­ған көр­сеткіштерді негізге алдық.

Филиал студенттерімен қаңтар айы­ның басында арнайы кездесіп, жоғары оқу орнының басшысы ретінде қал-жағдайларымен таныстым. Оларға елі­міздің үлкен сенім артып отырғанын, халықаралық Heriot-Watt университеті­нің алғашқы студенттері болып өңір тарихында айрықша қалатынын айттым. Ізденушілерге қойылатын талап тек жақсы оқу, еңбектену, іздену еке­нін жеткіздім. Шынында зеректерді ірік­теуде жаңылмаған сияқтымыз. Мені сту­денттердің ілім көкжиегін кеңей­ту­ге ұмты­лысы, мазалаған ойларын мәде­ниетті жет­кізе алу қабілеттері қуантты.

Филиалдағы барлық оқу үдерісі ағыл­шын тілінде жүргізіледі. Бірінші оқу жылы немесе Foundation студенттерді британ стандарттарына сай оқуға бе­йімдеуге бағытталған. Бір семестр бойы студенттер академиялық ағылшын тілін тереңдетіп оқиды. Топтар шағын, 20 адамға дейін. Сондықтан бұл сабақтар практикалық жағынан жеке сабақтар деңгейінде деуге болады. Қаңтар айында негізгі пәндерді (математика, физика, информатика және химия)оқы­ту басталды, барлығы ағылшын тілінде оқытылады. Heriot-Watt университеті өзін глобалды (әлемдік) уни­верситет ретінде көретіндіктен, фи­лиал­дарының бәрінде білім беру бағ­дар­ламалары синхрондалған. Дубайда, Ма­лайзияда, Эдинбургте оқу үдерісі то­лығымен бірдей, студенттерге берілетін тап­сырмалар да Heriot-Watt Ақтөбе филиа­лында оқу жылы басқа филиалдармен бір уақытта, шілде айында аяқталады. Дүние жүзінің көптеген елінде жоғары білімді импорттау жүзеге асырылған. Жалпы, Батыс елдеріндегі университеттердің филиалын ашу – әлемдік үрдіс. Бұл дамушы елдердің жоғары білім жүйесін қолдану арқылы экономикалық даму мен адами әлеуетті нығайту құралы саналады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, шетелдік университет кампустарын ашу арқылы трансұлттық білімді импорттап отырған елдер арасында Дубай, Малайзия, Оңтүстік Корея, Қытай және Сингапурды атап өтуге болады. Бұл мемлекеттер филиалдар ашу арқылы халықаралық стандартқа сай білім беріп, жергілікті кадрлар әлеуетін арт­тырып қана қоймай, үздік тәжірибе негі­зінде өздерінің жоғары білім беру жү­йесін күшейтіп, оны экспорттауға кірісті.

Ұлыбританияның жетекші оқу орнымен серіктестік құруда оқу үдерісі­не, филиалдағы білім бағдарламала­ры­­на, талапкерлерді оқуға қабылдау­ға бай­ла­нысты түрлі сауалдар туын­дады. Са­рап­шылар халықаралық ынты­мақтастық бо­йынша халықаралық серік­тестіктің шаб­лондық, яғни барлығына ортақ және нақты белгіленіп қойған анықтамаға ғана сай бір моделі болуы мүмкін еместігін айтады. Серіктестік моделі қабылдаушы университеттің нақ­ты қажеттіліктерінен туындайды. Біз серіктес таңдауда, ең алдымен, «Екі университеттің құндылықтары мен бағ­дарлары сәйкес келе ме және өңір­дің кадрлық сұранысы қандай?» деген сұраққа жауап бердік. Содан соң қос­дипломдық, валидация үлгілерін үйлес­тірген кампус ретінде жұмыс істеуге ше­шім қабылдадық. Серіктесіміз Heriot-Watt университетінің Шотландияда 3 кампусы, Дубайда, Малайзияда және Ақтөбеде, барлығы 6 филиалы бар. Олар бізге дейін шетелде алдыңғы екі филиал ашуда тәжі­рибе жинақтап келді.

Филиалдың профессор-оқытушы­лар құрамына келсек, келісімге сәйкес Heriot-Watt университетінің профессорларымен қатар, шетелде білім алып, тә­жірибе жинақтаған, арнайы серти­фикациядан өткен отандық білікті мамандар да сабақ береді. Сонымен қатар университет профессорлары «Бо­лашақ» бағдарламасымен «500 ғалым» жо­басы арқылы Heriot-Watt уни­верси­те­тінің Эдинбургтегі кампусында арнайы тағылымдамадан өтіп, биыл күзде фи­лиалдың профессор-оқы­тушылар құрамына қосылады. Осы­лайша, ұзақмер­зімді жоспарымызға сәйкес, жергілікті әлеуетті күшей­тіп, кадрлық саясатты тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтай отырып жүзеге асырып келеміз. Ағылшын профессорлары аз деп сын тағатындар­ға серіктестіктің басты мақсаттарының бірін айтып өту керек. Мұндағы мақсат – серіктестік аяқталған кезде универси­тет меншігінде салынған инфрақұрылым, халықаралық тәжірибе мен білікті­лігі жоғары отандық мамандар қалуы керек. Бұл қазірден бастап қолға алынып жатыр.

Филиал жұмысы қалай басқарыла­ты­ны туралы айтар болсам, қос университет ректорларының қатысуымен 3 ай сайын стратегиялық мәжіліс өткі­зіледі. Оқу сапасы, бағалау стандарттары және оқу үдерісі Heriot-Watt уни­верситеті­нің арнайы академия­лық менед­жерлері­нің бақылауында. Оқу жылы басталғалы Heriot-Watt уни­вер­ситетінің Малайзияда­ғы кампусынан Электротехника және электроника кафедрасының меңгерушісі, профессор Джейсерн Панг, профессор Яп Юэнкиат, профессор Ли Вен Нам студенттерге физика және химия пәндері­нен, Эдинбург кампусынан Информати­ка кафедрасының меңгерушісі, доцент Джурриан Хейдж, Геоэнергетика­лық инженерия институтының аға ғылыми қызметкері Асгар Шамс, бағдарламалық инженерия мен есептеу кафедрасының профессоры Кристиан Дондруп студенттерге дәріс оқып, университетіміздің профес­сор-оқытушылар құрамымен кездесіп, тәжірибелерін бөлісті.

Біз үздік студенттерді Эдинбург, Дубай мен Малайзияға «Go global» бағдарламасы бойынша бір академиялық семестрге оқуға жібереміз. Синхронды оқытудың нәтижесінде олар ағынға бірден қосылады. 4-курсты аяқтаған соң түлектер екі дип­лом – біздің Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің және Heriot-Watt университетінің дипломдарын ие­ленеді. Ақтөбеде беріле­тін Heriot-Watt университетінің дипломы барлық филиал­дар­мен бірдей үлгіде болады. Филиал сту­денттерін әрі қарай ынталандыру те­тік­терін де оң­тайлы қарастырып отырмыз. Бака­лавриаттан соң ғылым жолына түсу­шілерге магистратура және бірік­кен PhD бағ­­дарламаларын құрып жатыр­­мыз. Университетті бітіргеннен кейін еңбек­ке араласуды жоспарлап отырғандарға да ұсы­ныс­тарымыз көп. Өңіріміздегі ірі өнді­ріс және өнеркәсіп орындарының бәрі­мен ынтымақтастық меморандумын жасағанбыз.

Экономиканың негізгі өлшемдері­нің бірі адами капиталға жауапты білім беру жүйесі екені белгілі. Сон­дықтан еліміз­де әлемдік мықты универ­ситеттердің ­фи­лиалдарын ашу бастамасы жалғасуға тиіс. Өйткені олар фи­лиал болса да, білім сапасының өз елін­дегідей болуын қатаң қа­дағалайды, стан­дарттарын сақтайды, мұны біз көріп отырмыз. Негізінен мұндай үдеріс жоғары білім саласындағы интернационализацияны жеделдетіп, елдегі жо­ға­ры білімнің экспорттық по­тенциалын арт­­тырады. Әлемдік дең­гейдегі шетелдік се­­ріктес университет арқылы біздің универ­си­­теттің ғана емес, білім жүйесінің таны­­­ма­л­­­дылығы нығайып, беделі артады. Қа­зір­­­дің өзінде еліміздің барлық өңірінен Heriot-­Watt университетінің филиалына оқуға тү­­су­­ге ниетті талапкерлердің кө­бей­генді­гін ­бай­қап отырмыз. Жаңа оқу жылына шетелдік­тер­ді қабылдау жоспары­мыз­да бар. Шетел­дік университетпен бұл деңдейдегі те­рең ынтымақтастық ар­қылы қазақстандық білім беру брен­ді қалыптасады. Сондай-ақ өңір сұра­ны­сы­на сәйкес сапалы техника­лық кадр­лар тап­­шылығы шешілмек. Бұл серік­тестіктің қаншалықты терең әрі стра­тегиялық тұр­ғыдан маңызды екенін бай­қауға болады. Оның құрылымдық формасы бранч кампус, филиал, немесе басқа заң мәртебе­сін­де болуы да басты мәселе емес. Ең маңыз­дысы – оқу үдерісінің қарқын­ды жүріп, өз ма­ман­дарымызды одан әрі жетілдіруге, сырт­­тан білікті мамандарды тартуға, акаде­­мия­лық сапаны нығайтуға ықпал ететіндігінде.

Былтыр желтоқсанда Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе об­лысына ресми сапары кезінде универ­ситетімізге арнайы келіп, Heriot-Watt филиалының қызметімен, оқу барысымен танысты. Ғалымдарымызбен, филиал студенттерімен жүздесіп, жылы лебізін жеткізді. Бұл кездесу ұжымға үлкен жігер берді. Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асқан жобамыздың нәтижесі уақыт өте көрінетініне сенемін. Білім жүйесінің сапасын арттырып, әлемдік деңгейге көтеруде мемлекет тарапынан қолға алын­ған батыл бастаманың мән-маңызы зор.

2027 жылы өз Отанында шетелдік техникалық жоғары білім алған талантты жас­тардың тұңғыш легін дайындап шы­ғарамыз. Біз үшін бұл – үлкен жауап­кершілік артатын маңызды миссия.

 

Лаура ҚАРАБАСОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

университетінің ректоры, PhD