Понедельник, Июль 8, 2024
Басты > Білім > Zhubanov university оқытушылары мен қызметкерлері ағылшын тілі курсын сәтті аяқтады

Zhubanov university оқытушылары мен қызметкерлері ағылшын тілі курсын сәтті аяқтады

Жұбанов университетінің 100-ден аса оқытушылары мен қызметкерлеріне ағылшын тілі курсын сәтті аяқтағандығы үшін сертификаттар табысталды.
Университет ректоры Лаура Қарабасова бұл университет үшін маңызды жобалардың бірі екендігіне тоқталды.

— Біз кадрлық құрамды жылдан-жылға күшейтіп жатырмыз. Күнделікті жұмыстан бөлек әріптестеріміздің жаңа дағдыларды игергенін қалаймыз. Осы жоба жүзеге асқан үш жыл ішінде 40 оқытушымыз докторантураға түсіп, 18 ғалымымыз «Болашақ» бағдарламасы негізінде білімін жетілдіруде. Қазіргі таңда ғылым саласындағы өзекті мәселелердің бірі ағылшын тілін жетік меңгеру. Себебі әлемдегі ғылыми зерттеулердің жоғары пайызы ағылшын тілінде, — деді университет басшысы.

Айта кетейік, интенсивті ағылшын тілі курстары профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің тілдік құзыреттіліктерін дамыту, көптілді білім беру бағдарламаларының тиімділігін арттыру, ағылшын тілінде оқытылатын арнайы топтарды дайындау мақсатында 2022 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Үш жыл қатарынан ұйымдастырылған ағылшын тілі курсында 200-ге жуық оқытушылар мен қызметкерлер тілдік деңгейін арттырды.

Курстың үшінші кезеңін ағылшын тілінің Beginner, Elementary, Pre-Intermediate, Intermediate, IELTS деңгейлік топтарында 110 профессор-оқытушылар құрамы және қызметкерлер аяқтап отыр.
Аталмыш курсты халықаралық деңгейдегі CELTA, IELTS cертификаттары бар оқытушылар жүргізді.

Университетте ұйымдастырылған ағылшын тілі курсында тілдік деңгейін жетілдіріп, біліктілігін арттырған оқытушылар бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы шеңберіндегі 500 ғалым жобасы аясында Ұлыбритания, АҚШ, Болгария елдеріндегі Heriot-Watt University, Michigan State University, University of Minnesota, University of Reading, University of Leeds, South-Western University «Neofit Rilsky» үздік университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтуде.