Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жас ғалымдар тәжірибе алмасты

Жас ғалымдар тәжірибе алмасты

Бүгін Жұбанов университетінде жас ғалымдар, PhD докторанттар, магистранттар мен студенттерге арналған «Жастар, ғылым және инновация» тақырыбында XX халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жиында жоғары оқу орындарының жас ізденушілері бас қосты.

Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге тарту мәселесі маңызды екенін атап өтіп, шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Торайғыров университетінің докторанты Әйгерім Ташекова аталған шара жас ізденушілер арасында өзара тәжірибе алмасуға және жаңа дағдыларды игеруде үлкен мүмкіндік екеніне тоқталды.

  • Ғылыми-зерттеу тақырыбым «Жастардың ғылыми әлеуетін дамытудағы фольклорлық құндылықтар» деп аталады. Бүгінгі шарада зерттеу салам бойынша тәжірибеммен бөлісетін боламын. Жастардың ғылыми әлеуетін арттыруда тарихымызды, салт-дәстүрімізді білу қаншалықты маңызды екенін талқылайтын боламыз, — дейді ол.

Ғылыми жиында педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Тоқжанова «Цифрлық педагогикадағы жаңа трендттер», PhD Шолпан Абдирова «Ұран, үндеу мәтіндерінің ерекшеліктері», физика-матетика ғылымдарының кандидаты, профессор «Ерекше қыры бар кейбір беттердің асимптотикалық сызықтарының регулярлығы туралы», Торайғыров университетінің докторанты Камила Қожахметова «Прагмалингвистика аспектісіндегі қазақ саясаткерлерінің тілдік портреті», филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Сарбасова «Қазақ және ағылшын паремиологиясы материалдарындағы отбасы тұжырымдамасының лексикалық-семантикалық көрінісі», экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ғалым Мүсіров «Қазақстандағы жеке тұлғаларды несиелендіру мәселелері» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.