Понедельник, Июль 8, 2024
Басты > Білім > Назым Жанғазы: «Диплом тұрмысқа шығу үшін емес, кәсіби деңгейде тәуелсіз болу үшін керек»

Назым Жанғазы: «Диплом тұрмысқа шығу үшін емес, кәсіби деңгейде тәуелсіз болу үшін керек»

«Салауатты ұрпақ-ұлт байлығы» ІІ Халықаралық форумы спикерлерінің бірі ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазы Жұбанов университетінің студенттерімен кездесу өткізді.

Кездесуде ол жастарға отбасының қоғамдағы маңыздылығы, гендерлік теңдікті дамыту және әйелдің қаржылық тәуелсіздігі туралы айтып, тәжірибесімен бөлісті.

— Гендерлік теңдік – бұл әділеттілік пен адам құқықтарының ғана мәселесі емес, сонымен қатар қоғамның тұрақты дамуына қол жеткізудің негізгі құралы. Ерлер мен әйелдер саясатта, отбасында, қоғамның кез келген саласына қатысуға тең мүмкіндіктері болған кезде экономика қарқынды дамып, өмір сапасының жақсаруына ықпал етеді, — деді Назым Жанғазы.
Спикер өзінің отбасылық өмір тәжірибесінде кездескен қиындықтар мен жетістіктер жайында да айтып өтіп, жастарды тынымсыз оқуға, ізденуге шақырды.

— Қазіргі таңда сіздер үшін кәсіби маман атануға, кәсіпкерлікпен айналысуға, тіпті отбасындағы әйел болуға барлық жағдай жасалған. Жақында Президентіміз әйелдердің және балалардың қауіпсіздігі туралы жаңа заңға қол қойды. Диплом тұрмысқа шығу үшін емес, кәсіби деңгейде тәуелсіз болу үшін керек. Өздеріңізді стратегиялық жолда жеке тұлға ретінде дамытуларыңыз маңызды, — дейді сарапшы.