Пятница, Июль 5, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті «Салауатты ұрпақ — ұлт байлығы» ІІ Халықаралық форумын өткізді

Жұбанов университеті «Салауатты ұрпақ — ұлт байлығы» ІІ Халықаралық форумын өткізді

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ақтөбе облысының әкімдігі және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Салауатты ұрпақ-ұлт байлығы» ІІ Халықаралық форумы өтті.
Форум өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуына арналды. Халықаралық жиынға жоғары дәрежелі халықаралық және қазақстандық сарапшы мамандар, белгілі психоаналитиктер, нейропсихологтар, құқық қорғаушылар, педагогтар қатысты. Спикерлер тәуелділік мінез-құлық пен инклюзивті білім беру мәселелеріне ерекше назар аударды.
— «Шексіз әлем» тақырыбына арналған форум үшін біз неліктен инклюзивтілік пен тәуелді мінез-құлық тақырыптарын таңдап отырмыз? Себебі бұл мәселелер адамдарға алаңдатушылық, өзін кінәлі сезіну, ыңғайсыздық секілді сезімдерді тудырады. Көп адамдар бұл тақырыптар жөнінде ашық сөйлесуден қашқақтайды. Қоғамда өкінішке орай, аталған мәселелерді көп жария ете бермейді. Форум тек өзекті мәселелерді талқылауға ғана арналмаған. Сонымен қатар іс-шараның практикалық бағыты да бар. Білім беру саласындағы тәуелді мінез – құлық пен инклюзивтілік мәселелерімен ұшырасатын психолог, әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар үшін жұмыс барысында қолданатын әдіс-тәсілдерді, атап айтқанда қандай қадамдар жасау дұрыс, қандай практикалық құралдар тиімді екенін үйрету, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Денсаулық және салауаттылық» орталығының жетекшісі, психолог Анна Гниденко.
Форум спикері психоаналитик, оқытушы-супервайзер, халықаралық психоаналитикалық қауымдастығының мүшесі, PhD Мануэль Мартинез жасөспірімдердің интернет ойындарына тәуелділігімен және балалар да, ересектер де бірдей зардап шегетін телефонға тәуелділікпен қалай күресуге болатыны туралы 12 қадаммен бөлісті. Құқық қорғаушы, психолог, Еуропалық CARe бағдарламасының тренері, мемлекеттік саясат бағдарламасының докторанты Гүлжан Амангелдинова өз сөзінде лудоманияның өткір әлеуметтік проблемасын көтерді.
Инклюзивті білім беру саласындағы жетекші маман және оқытушы, инклюзивті білім беру саласындағы PhD Камилла Роллан жоғары оқу орындарына инклюзивті білім беруді енгізу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің ортаға тез бейімделуі және бүгінгі таңдағы жоғары оқу орындары мен жалпы қоғамның инклюзияға дайындығы туралы айтып берді.
— Бейімделудің тиімді тәсілі — бұл білім беру ортасын, білім беру бағдарламаларын өзгерту, барлық оқушыларға өз құрдастарымен тең дәрежеде оқуға мүмкіндік беру. Мысалы, егер студенттің көру қабілеті шектеулі болса, онда қажетті шара ретінде оны бірінші қатарға отырғызу немесе церебральды сал ауруы немесе тірек-қимыл аппараты проблемалары бар студенттерге ортопедиялық креслолар сатып алуды ұйымдастыру қажет. Инклюзивті білім беру шеңберінде барлығына сапалы білім беруді қамтамасыз ету, әртүрлілікті факт ретінде қабылдау, сондай — ақ білім беруде жеке қолдау жүйесін құруға ұмтылу секілді қағидаттарды басшылыққа алу маңызды, — дейді сарапшы.
Сарапшылар әр адамның өзін қабылдауы және салауатты ортасын құрудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, өздерінің табысты тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, диалог алаңында спикерлер түрлі кейстерді талдады. Оқытушылар мен студенттер сөз сөйлеушілерге сұрақтар қойып, көтерілген мәселелер бойынша пікірталас жүргізді.