Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ашық аспан астындағы шығармашылық

Ашық аспан астындағы шығармашылық

НЕМЕСЕ КҮЗГЕ ДЕЙІН САЯБАҚТАР СӘНІ ӘУЕЛЕГЕН ӘН БОЛМАҚ

Өткен жұмада Ақтөбенің саябақтары мен гүлзарларында «Ақтөбе — алтын бесігім» атты жазғы шығармашылық маусымы басталды. Ақтөбеліктерге тамаша көңіл күй сыйлау, халық арасында еркін микрофон мен отбасылық демалыс ұйымдастыру мақсатында мамыр айынан бастап жаз бойы мәдениет және өнер мекемелері ашық алаңдарда өнер көрсетеді.

Маусым ашылған күні біз сулы-жасылды гүлзарға барғанбыз. Бұл жерде Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның бір топ әншілері, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының шығармашыл топтары өнерлерін көрсетті.

— Ақтөбеліктерге тамаша көңіл күй сыйлауға арналған шығармашылық маусым ұйымдастыру — бір керемет дүние. Өнер ұжымдары осылайша халықтық педагогика, эстетикалық және мәдени тәрбиеге қатысты шаруаларды қолға алыпты. Идея авторларына рақмет. Біздің облыста 18 этномәдени бірлестік бар. Әр бірлестіктің шығармашыл топтары қаламыздағы саябақтарға бөлінді. Айталық, Халық шығармашылығы үйінің алдында татар этномәдени бірлестігінің «Язғы монар» ансамблі, қалалық Мәдениет үйінің алдында украиндердің «Оксана» ұжымы өнер көрсетіп жатыр. Бұл жерде кәрістердің «Чхинсон» ансамблі, жекелей өнерлі жастары ән айтып, би биледі, — дейді Ассамблея хатшылығының көркемдік жетекшісі, Аймұрат Мәжікбаев.

Суретшілер қала тұрғындарына қас қағым сәтте жедел сурет салу қызметін көрсетті, қала тұрғындары майлы бояумен жұмыс істеуге, қолөнершілердің қолданбалы өнерімен танысуға, театр кейіпкерлерімен суретке түсуге мүмкіндік алды. Саябақтан естілген әнді естіп бұрылған жұрт бұл маңда ағаштан, гипстен жасалған балаларға арналған қолөнер бұйымдарын, сондай-ақ түрлі үлгідегі шашқа тағатын бантиктер мен резеңкелерді тамашалап, кейбірі сатып алып жатты.

Саябақта серуендеп жүргендер С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкерлері ұйымдастырған «Жергілікті ақын-жазушылар мұрасы — болашақ ұрпақ қазынасы» атты кітап көрмесіндегі кітаптармен танысты. Көгалдың үстінде отырып, кітап оқып, өлең оқыған «Рухнама» шығармашылық орталығының жас ақындары қалалықтарды поэзия әлеміне шақырды. Саябақ сахнасында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ІІ курс студенті Сұлтанәлі Азамат ақын Мейірхан Ақдәулетұлының «Үнсіздің хаты» атты өлеңін мәнерлеп оқып берді. Сұлтанәлі — болашақ химия пәнінің мұғалімі. Өзінің айтуынша, поэзияға құмарлығы университет қабырғасына келіп, белсенділер қатарына мүше болғаннан кейін басталыпты.

— Қатарымызда өлең оқитындар көп. Арасында өзіміз бас қосып, Ақтөбедегі ақын аға-апалармен кездесіп тұрамыз. Саябақта осындай шара ұйымдастырылғанына әрі жұма-сенбі сайын болатынына қуаныштымыз, — дейді Сұлтанәлі Азамат.

Бұл күні Абай даңғылындағы Абай ескерткіші маңында Т.Ахтанов атындағы облыстық драматеатры  қала тұрғындарын ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбаевтың көпқырлы шығармашылығымен таныстырса, қалалық Мәдениет үйі алаңында «Клоунада» театры және зағип жандар өнер көрсетті.

Сондай-ақ дәл осындай концерт пен ойын-сауық бағдарламалары облыстық Халық шығармашылығы орталығы, Нанкомбинаты ауданындағы «Ғашықтар» саябағында, Ж.Кереев көшесіндегі «Пушка» алаңында, Батыс-2 ауданындағы «Денсаулық» саябағында, «Нұр Ақтөбе» ауданындағы алаңқайда өтті.

 

/aqtobegazeti.kz/