Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Абайды ұлықтаған тоғызқұмалақ

Абайды ұлықтаған тоғызқұмалақ

Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік (интеллектуалдық) ойын, логикалық ойлау өнері. Археолог-ғалымдарының пайымдауынша, ойынның пайда болу мерзімі 4000 жыл шамасын қамтиды. Жасөспірім ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да зор мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тауып, зияткерлік даму құралы ретінде қолданған.

Осыған орай Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған  Жұбанов университеті мен «Қабақ баба» қоғамдық қорымен  бірлесіп жоғары оқу орындарының студенттерінен  құралған  командалар арасында тоғызқұмалақ ұлттық ойынын өткізді.

Мұндағы мақсат – Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында бұрын-соңды болмаған Абайға тікелей қатысты ұлттық ойынның мемлекет деңгейінде құндылығын арттыру, жастар арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттау.

Спорттық шараның салтанатты ашылуында құттықтау сөз сөйлеген университет ректоры, абайтанушы Бауыржан Ердембеков Абай өз маңына өнерлі адамдарды көптеп жинағанын айтады. Оның ішінде әнші, күйші, балуан, тоғызқұмалақшы да болған дейді.

Абайтанушы ғалымның айтуы бойынша, Абай тоғызқұмалақшыларды кейде бірден, кейде тобымен шақырып алып ойын құрған. Абай ақындық өнерге ғана баулушы емес, басқа да өнерпаз өнерлі жастарды төңірегіне жинаған. Абайдың маңына тоғызқұмалақшылардан Көрпебай, Құттықожа сынды өнерлі жандар жиналған. Яғни, Абай өнердің қай түрі болса да құлай сүйіп, соған икемі бар жастарға үйретуге қолғабыс еткен.

Университет басшысы өз кезегінде тоғызқұмалақ ұлттық ойын насихаттауда  оқу ордасында жаңа кабинет ашылатынын ерекше атап өтті.

Аталмыш мерейтойға орай арнайы  ұйымдастырылған турнирде Жұбанов университеті, М.Оспанов атындағы БҚММУ, С.Бәйішев атындағы АУ, ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, Т.Бегельдинов атындағы ӘҚКӘИ, Қазақ-Ресей Халықаралық университетінің тоғызқұмалақшылары топқа түсті.   Мұнда жалпы саны  21 ойыншы  бақ сынады. Ойынға турнирдің бас төрешісі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген  жаттықтырушысы  Өтеген Сарин төрелік етті.

Өз кезегінде «Қабақ баба» қоғамдық қорының төрағасы Амантай Үмбетай:   Кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақты да жақсы ойнағанын білеміз. Бүгінде еліміз бойынша ұлы ақынның есімін дәріптеу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Осындай ауқымды  кеңінен насихаттап, әрі спорттың бұқаралық сипатын арттыру үшін Жұбанов университетінде  тоғызқұмалақ жарысын өткізіп отыр. Үш-төрт жылдан бері біз де осы оқу орнымен тығыз байланыстамыз. «Қабақ баба» қоғамдық қорында да жыл сайын осындай шараларды өткізу дәстүрге айналған. Тек ақылмен, оймен, қисынмен, тоғызқұмалақтың тартысты өтуіне атсалысуымыз керек. Сондықтан  барлық ойыншыларға жеңіс, сәттілік тілеймін!– деді ол.

Тартысты бәйгеде Жұбанов университетінің студенттерінің  құрамынан құралған екі бірдей командалары жеңіс тұғырынан көрініп, жеңіс кубогы мен 1-ші, 2-ші орындарға ие болды. Үшінші орын Қазақ-Ресей Халықаралық университетіне бұйырды.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс хаттар мен кубоктар, ақшалай және бағалы сыйлықтар табыс етілді.